Жезқазғанның көркін арттыру мақсатында биыл абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы бойынша 520 млн теңге бөлінді. Қомақты қаржының 147,9 млн теңгесі абаттандыруға, 372,1 млн теңгесі жасылдандыру жұмыстарына жұмсалмақ.
–Осы бағдарлама шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алудың 23 конкурсы жарияланды. Бүгінде 13 конкурс бойынша жеңімпаз мердігер анықталса, 5 жоба бойынша конкурстық рәсімдер әлі де жалғасуда. Тағы бес конкурс екіден аз өтінім түскені себебінен өтпеді, – деп аппарат отырыстарының бірінде есеп берген Ержан Есетовтің мәліметіне сүйенсек, биыл қала ішіне 190 мың дана гүл мен көгал егіледі. Бұл жұмыстарды «Даму-Ниет 2016 мүгедектер қоры» ҚБ жүзеге асырады. Қаладағы 18200 жасыл желекті оралдық «Атамекен» компаниясы жаз бойы күтіп ұстайды. Бұнда талдарды кесу мен суару кіреді. Көпшіліктің сүйікті демалыс орны саябақтар мен «Ғарышкер» бульварын, субұрқақтарын да күтіп ұстауға қаржы қарастырылып, жауапты мердігерлер анықталған.
Жезқазғандағы жасыл желектерді зиянкестерен дизенфекциялау жұмысы былтырлары көптің көңілінен шықпағаны есімізде. Жапырақпен қоректенген құрттар талдарды әбден жалаңаштаған. Биыл Кеңгір жағалауы мен демалыс орындарындағы, сонымен бірге ауданы 427 га құрайтын аула мен көшедегі ағаштарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу алматылық «Аriana group» ЖШС мен ақтөбелік «Дезинфекция» медициналық мекемесінің мойнында. Арысы оңтүстік, берісі батыстан келетін фирма жұмыскерлері жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындайтынына сенгіміз-ақ келеді...
2021 жылға арналған жоспармен бірге бюджет қаражатының бос қалдығын бөлу есебінен қосымша қарастырылған 216,2 млн теңгеге қаланы көгалдандыру бойынша келесідей жұмыстар жоспарланыпты.Мысты өлкенің жасыл желекті қалаға айналмауының бірден-бір себебі – тозығы әбден жеткен суару желілері. Осы ретте, коммуналдық салаға жауапты тұрғын-үй коммуналдық шарушалығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі бөлімінің ұжымы жаңа әдістерді сынап көрмекші. Енді отырғызылатын ағаштар тамшылатып суару әдісімен өсірілмек. Бұл әдіс сәтті жүзеге асар болса жалпы ауданы 7,5 га болатын Жезқазған-әуежай бағытындағы жолдың жиегіне биіктігі 2,5-3 метрлік 6 800 терек, Кеңгір су қоймасының жағалауында 5 мыңнан аса терек, шегіршін,үйеңкі, шаған, ағаштары жайқалады.
Суару желілерін жөндеу мен ұстауға да қалалық бюджеттен қаржы қаралған. Бүгінде Жезқазған қаласында барлығы 156,7 км суару желісі бар болса, оның 52,2 шақырымы жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорынның, қалғаны коммуналдық меншікте. Соңғы бес жылда жөнделген желілердің ұзындығы – 57 шақырым немесе 36,4%. Биыл Жеңіс, Деев, Мир көшелері, Алашахан даңғылы (оң жағы) және Байқоңыров, «Ғарышкерлер» бульвары бойындағы 6,5 шақырым суару желісін жаңартып, екі сорғы станциясына жөндеу көзделген.
«Жастар» саябағынан «Наурыз» саябағына дейін Холмецкий-Сейфуллин көшелерінің бойымен суару желісі тартылады.
Биылғы жылға межеленген 60 балалар ойын алаңқайын салу, «Наурыз» саябағына ұлы Абайдың ескерткішін орнатып, «Руханият» аллеясын ашу, Алаша хан даңғылы мен Абай, Сейфуллин, Аманжолов көшесіндегі бірқатар үйлердің сыртың қалыпқа келтіру, тұрғын-үйлерге мурал салу сынды ауқымды жобалар Жезқазғанға өзгеше реңк беріп, тұрғындардың көз қуанышына айналары сөзсіз.
Өз тілшіміз