ҚАЛАНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

«Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Сол айтқандайын, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында қала мәртебесін иеленгеніне биыл 67 жыл толатын Жезқазған өсіп-өркендеудің жаңа көкжиектерін белгілеп отыр. «Қаламыздың 70 жылдығына – 70 игілікті іс» атты бастама қанат жайып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы тың серпіліске жол ашылуда. Бұл тұрғыда белгіленген іс-шаралардың дені шаhардың шырайы мен сәулетін жақсартып, тұрғындардың тұрмыс жағдайына барынша қолайлылық туғызуға бағытталған. Инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, мәдени-рухани шаралардың деңгейін көтеру жөніндегі белгіленген жоспарлар да айтарлықтай ауқымды. Біз алдағы игі істер қатарындағы қаланы көркейту мен сәулетіне қатысты жүзеге асырылатын тың жобаларға назар аударған едік. Осыған орай «Жезқазған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің басшысы Махмуд СМАЙЫЛОВ 2035 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бас жоспарға сәйкес мысты шаhардың даму бағыты мен жаңа келбеті жайлы эскиздер мен деректерді алдымызға тартты.

Жезқазған қаласының бас жоспары 2015 жылдың 11 желтоқсанында облыстық мәслихаттың № 459 шешімімен бекітілген болатын. Оның негізінде жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамытуға да мүмкіндік берілді. «Казгипроград-1» жобалау институты арқылы Батыс тұрғын үй ауданы бойынша салынатын шағын қабатты үй құрылыстарының эскиздік жобасы жасалып, соған сай құрылыс жүргізіле бастады. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қаланың болашақ дамуын қамтамасыз ету мақсатында Батыс ауданында 200 гектар аумаққа көп қабатты тұрғын үйлерді орналастырудың эскиздік жобалары жасалды. Бұл жоспар қала әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Қаланың қазіргі халық тұрып жатқан аумағы 500 гектар жерді алып жатыр. Жаңа бас жоспар негізінде 2015-2016 жылдары жасалған жоба бойынша осы аумақты одан әрі дамытып, келбетін көріктендіру жұмыстары көзделген.

Қазіргі таңда осы бас жоспарда қамтылған жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар қолға алына бастады. Батыс ауданда тұрғын үй құрылыстары 2018 жылдан бастап жүргізілуде. Жоспарға сәйкес бірінші кезекте су, кәріз, жылу желілерін қамтитын инфрақұрылымдары тартылды. Бюджеттік қаржыға салынатын көп қабатты үйлердің алғашқы легі бой көтеруде. Қаланың бас жоспары бойынша су қоймасының арғы бетіндегі Батыс ауданда 9,5-10 мың адам тұратын жаңа қалашық салынады. Онда тұрғын үйлермен қатар 3 мектеп, 4 балабақша, әлеуметтік және бизнес өкілдерінің нысандары да қамтылған. Бүгінгі заман талғамына сай көрікті көп қабатты үйлер қатары бой түзейді. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея инвесторларымен осы аумаққа қатысты бір жаңа жоба талқылану үстінде екен. Инвесторлардың өкілдері келіп Медициналық орталықтың сырт

жағынан орын тебетін болашақ ықшам аудан аумағын көріп, өз ұсыныстарын ортаға салып кетіпті. Қазір бұл жаңа жобаға байланысты жұмыстар Елордада пысықталу үстінде. Жоспарлары бекітілген соң осында тағы келіп қала басшылығының назарына ұсынады. Нақты шешім жасаларда қоғамдық кеңесте, қалалық мәслихатта жан-жақты талқыланатын болады. Оңтүстік Корея инвесторлары ұсынған бұл жобаның басты ерекшелігі, жаңа ықшам ауданда «Ақылды қала» үлгісіндегі бірыңғай элиталық тұрғын үйлер орамы бой түзейді. Құрылысты өз қаржыларына жүргізеді. Қала сәулетшілері ол қатарда тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бой түзеуін қолайлы деп тауып отыр. Тұрғындарға барынша қолайлы жағдай туғызу мақсатында үйлердің төменгі қабатында сұлулық салоны, киім-кешек тазалайтын орын, шағын маркет және басқа да әлеуметтік нысандар бірге салынады. «Ақылды қаланың» коммуналдық жүйелері автономды, өз алдына жеке болмақшы. Сонымен қатар, жаңа қалашық пен Кеңгір су қоймасының аралығы және жағалау бойы көгалдандырылып, абаттандырылады. Қолайлы демалыс аймағына айналады.

Қаланың ескі бөлігін жаңарту бағыты да бас жоспарда қамтылған. Қаланың Абай, Байқоңыров, Шевченко, Аманжолов, Холмецкий көшелеріндегі тозығы жеткен және апаттық жағдайдағы екі қабатты тұрғын үйлерді бұзып, сырып тастау қарастырылған. Олардың орнына заманауи тұрғыдағы 3-4 кіреберістен тұратын көп қабатты жаңа үйлер салынады. Қала әкімінің қабылдаған бағдарламасы бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бұл жұмыстардың алғашқы 5 жылдағы ауқымы бүгінде анықталды.

— Ескі үйлердің тұрғындарын көшіріп, қала көркіне нұқсан келтіріп тұрған тозғандарын бұзу жөніндегі жұмыстар биыл басталды. Мәселен, бүгінгі күні Шевченко көшесіндегі 17-үйді бұзу жұмыстары аяқталды. Оның орнына бес қабатты 15 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұдан кейінгі кезекте Байқоңыров көшесіндегі 24, 38-үйлер тұр. Осылайша қаланың ескі аумағы кезең-кезеңімен жаңартыла бермекші. Біздің бөлімнің негізгі қызметі қала құрылысын бас жоспарға сай мемлекеттік реттеумен қатар сәулеттік келбеті мен абаттандырылу бағытындағы шараларды белгілеу болып табылады. Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы қарсаңындағы жаңа бастамалардың бірі тұрғын үй қабырғаларына сурет – мурал салу болып отыр. Қаланы көріктендіру мақсатымен биыл 8 тұрғын үй қабырғасына әртүрлі тақырыпта мурал салу жоспарланды. Мысалға, Жеңіс көшесіндегі үйлерге Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды қазақтың батыр ұл-қыздарының, Сәтбаев көшесіндегі 95-үйге академик Қаныш Сәтбаевтың суреттері салынады. Алашахан даңғылы бойындағы үйлердің қабырғалары да осылайша Тәуелсіздікке, Рухани жаңғыруға қатысты дүниелермен безендіріледі. Біздің жұмысымыздың негізінде қалаға қарасты елді мекендерді де көркейту, одан әрі дамыту қарастырылған. Кеңгір, Талап, Малшыбай селоларының бас жоспарлары 2018-2019 жылдары дайындалып, бекітілді. Қорғанбай ауылының, Теректі станциясының келешектегі даму бағытына сай құрылыс салу үшін жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселесі де бас жоспарға сай бекітілген, — дейді «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің басшысы Махмұд Шабазұлы.

Еңсені басар ескі үйлерден арылып, келбеті келісті жаңа үйлерде тұрып, абаттандырылған көрікті көшелерде сейілдеп жүрген жанның көңіл күйі де бөлек болары анық. Қазіргі қолға алынып жатқан бұл жобалар осы мақсатты көздейді. Иә, айтып-айтбай не керек, қаламыздың дәулетіне сәулеті сай болғанға не жетсін!

Амандық РАХҰЛЫ

20:17
1501

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020