​ЗЕЙІНІ ЗЕРЕК ЗАМАНДАС

Өмір деген ағып жатқан өзен, оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен, біреу бойындағы өнерімен, инабатты мәдениетімен, кісілік және кішілік адамгершілігімен, Құдай берген дарынымен, тағы біреу қайтпас, қайсар, айнымас мінезімен толықтырады. Өмір — тәжірибесі толысқан, ғылым жолында өзіндік жол салған ғалым Тыныс Бөлекбайұлы Сүлейменов қырық жыл бедерінде жоғары оқу орындарында ел үшін еңбек ететін жастарды тәрбиелеу, олардың белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, кәсіби біліктіліктерін арттыру бағытында қарымды қызмет атқарып, адамдардың алғысын арқалап келеді. Бұл – маңызды әрі мәңгілік құрмет!

Қазақ арасында «Біреуді Құдай қосса, енді біреуді ноқта қосады» деген сөз бар. Тыныс екеумізді қосқан тарихтың ашық аспан астындағы айқара ашылған Дара Дала кітабына айналған Ұлытау өңірінің Жезқазған қаласы. Әлі есімде. Өткен ХХ ғасырдағы 80-шы жылдардың басында сол кездегі Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалында (1992 жылдан Жезқазған тау кен технологиялық институты, 1996 жылдан бері Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті) жаңа кафедралар ашылып, жұмысқа ғалымдар мен оқытушылар шақырылды. Сол тұста мен де өндірістен бүгін көзден кетсе де көңілімде мәңгілік ұялап қалған сарабдал азамат, марқұм Ғибадулла Қабышұлы Жакеновтің басқаруындағы «Автокөлік» кафедрасына арнайы шақырылып, оқытушылық кәсіппен айналысқан болатынмын. Кейін қатарымызға Тыныс Сүлейменов келіп қосылды. Бойынан жастықтың жалыны лапылдаған Тыныс та кішіге үлгі, шәкіртке ұстаз бола біліп, өз саласына қажет білікті мамандар дайындау ісіне кірісуді жөн санапты. Сөйтіп, екеуміздің тізе қоса жұмыс істеуге жол ашылды. Соңынан әр салада еңбек етіп жүріп те өмір ноқтамыз босаңсып не толық ағытылып кеткен тұстары болған емес.

Иә, өмір болғаннан соң, өріне шығып сүйіндік те, өзегіне түсіп күйіндік те. Орыс жазушысы Толстой айтпақшы, «Өмір деген тек қана түзу жолмен жүру емес, сол түзу жолмен келе жатып бұрылысқа келіп, бұрылыстан келе жатып құлап қалу, қайта тұру, қайта жүру». Дегенмен Тыныстың өмір жолы әу бастан түзу түзілді деуге болады. Ата-анасынан бойына сіңірген тәрбие мен тәліммен сусындаған Тыныс өзіне әркез сыни көзбен қарай отырып, ісіне мығым, алған міндетіне жауапты болуға, кісілік пен кішілікті қатар ұстауға ұмтылды. Тыныс Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі» дегенін басшылыққа ала отыра, кафедраның оқу-әдістемелік және лабораториялық базасын жоғары көтеруге мейлінше атсалысты. Студент жастарды ғылыми зерттеу жұмыстарға тартып, Төлеген Айбергеновше айтсам, «Жанам деген жүрекке от берді, шабам деген жігітке ат берді».

«Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады» деген ғибрат біздің Тыныс Сүлейменовке қаратып айтылғандай. Керемет еңбекқорлығы мен жүйелі ізденістерінің және тынымсыз тіршілігінің арқасында ол қатардағы ассистенттен Жезқазған университетінің проректоры лауазымына дейін өсті. Мәскеуде аспирантура оқып, 1991 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Соңынан техника ғылымдарының докторы атанды. Тыныс Бөлекбайұлының профессор атануы да – ғалымның еңбегіне берілген лайықты баға. Ол оқу процессін жетілдіру мақсатында 3 оқулық, 4 оқу құралы, 2 монография жазып, жүзден астам ғылыми мақалаларын жариялады. «Барьер безопасности для автомобильных дорог» атты патенттің авторы. Сүлейменов әзірлеген «Автомобильные перевозки» оқу құралы елімізде көлікті пайдалану, көлік қозғалысын, жүк тасымалын ұйымдастыратын мамандарды дайындауға да септігі мол болып отыр.

Ресей Федерациясының белгілі академигі Л.Б.Миротинмен бірлесіп жазған «Транспортная логистика» атты оқу құралы Қазақстандағы көліктік логистика ғылымының негізін қалауға оң ықпалын тигізді. Сондай-ақ, бұл оқу құралы таяу шетелдерде қолданысқа еніп, жақсы нәтижелер беруде. Ал енді Қазақстан үшін оның маңызы мен пайдасы қандай десек, біз еліміздің Еуразияның сауда айналымында ойып тұрып орын алуы үшін трансқұрлық дәлізін дамытудың айқын бағытын таңдап алғанын көреміз. Тәуелсіздік тұғыры орнаған 30 жылда біраз жұмыстың басы қайырылды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 13,4 мың шақырымы салынып, реконструкцияланды, жүргізілген жөндеу жұмыстары республикалық тас жолдардың магистральдық желісіндегі бұзылған учаскелерін, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты алты негізгі халықаралық транзиттік дәлізді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. ТМД елдері арасында Қазақстан осы жылдардың ішінде 2500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Мысалы 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, әрмен қарай Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол жүру қашықтығын 1000 шақырымға қысқартты. Жалпы айтқанда, елімізде қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» Қазақстанның транзитті-көлік әлеуетін дамыту бағдарын айқындап, Қазақстан аумағында көлік-логистикалық хабты құруға және Еуразияның халықаралық көлік-коммуникациялық ағынында еліміздің біріктірілуін мақсат етеді.

2010 жылдан Тыныс Бөлекбайұлы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етіп келеді. Еліміздің мәртебелі жоғары оқу орнында да Сүлейменовтың беделі биік, мәртебесі жоғары. Қазір ол Көлік — энергетика факультетінің деканы. Шебер ұйымдастырушы, білікті басшы, педагог ретінде отандық білім беру жүйесінің басты міндеті — адами капиталды дамыту арқылы еліміздің әлемдегі бәсекелестігін арттыруға күш салуда. «Көліктік логистика», «Лицензиялау және сертификаттау негіздері», «Бірыңғай транспорт жүйесі», «Көлік жөндеу» сияқты негізгі оқу пәндерін жүргізе отырып, ол республикада көлік саласы ғылыми мектебінің қалыптасуына, осы саладағы мамандардың үлкен шоғырын оқытып — тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің игілігі жолында көптеген басқару құрылымдарында еселі еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанды дамудың табан жолынан өркениеттің даңғыл жолына түсіруге ұмтылуда.

Маңдай терін төгіп, аянбай еңбек еткен адамның рухани жан дүниесі таза, рухы мықты болады. Мен білетін Тыныс Сүлейменов айналасына татулықтың, жақсылықтың, мейірбандықтың нұрын шашып жүретін, үлкен-кішінің бабын таба білетін, жібек мінезді жайдары жан. Әсіресе Тыныстың ұлттық өнерімізге деген ықыласы тым ерекше. Кезінде мен Тынысты үнемі қандай да бір мәдени іс-шаралардың қасынан көретінмін. Сондай-ақ өз айналасына өнерлі жастарды жинап, бейнелеп айтар болсам, шілденің аптабы мен аңызағында саясында сан адамды паналатқан ғажап бір бәйтерек секілді, оның талай жасқа өзінің қамқор құшағын жайып жүргенін де білемін. Естуімше, қазір де қызметтен тыс кезде, ол қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, факультет және университеттің деңгейіндегі түрлі мәдени және спорттық шараларды ұйымдастырып жүрген көрінеді.

Сайып келгенде, кішіліктің келешегі үлкендіктің үлгісінде жатыр. Әр адам өзінің биігіне ұмтылады, сол жолда шамшырақ болып жол нұсқайтын нысана іздейді. Соның бірі – талай жас адамдардың жанына жалау, өміріне темірқазық іспетті бағыт сілтеген, жас түлектердің айтулы тәлімгері – Тыныс Сүлейменов болары кәміл!

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы   

14:35
3781

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020