Жезқазған өндірісінің де, халқының да тіршілік тынысы Кеңгір су қоймасының жағдайына тікелей тәуелді екені белгілі. Бүгінде табиғат бірде көл, бірде шөл болып тұр ғой. Қала іргесіндегі айдын арнасы шалқып, көктемгі тасқында су кемеріне келіп жатса жұртшылық қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрасып сүйсіне түседі. Өйтпегенде қайтсін, су бар тіршіліктің көзі емес пе.
Өткен күзде жаңбыр онша жаумай, жерде тоң болмағандықтан көпшілік жұрт қар суы еріген жеріне сіңіп, тасқын су болмай қалар ма екен деп қауіптенген еді. Наурызда жауған мол қар нағыз береке болып, көңілдегі осы күдікті сейілтті. Сәуір айының басында «Қаракеңгір өзенінде су жүріпті» деген қуанышты хабар жетті. Содан бері жақсылыққа жанашыр жандар іргедегі су қоймасының жағалауына жиі көз тігіп, тасқын судың Жезқазғанға жетуін тағатсыздана күткен болатын. Ел үміті ақталып, кешікпей Кеңгірге су келе бастады. Біз осы қуанышты хабарды ресми деңгейде нақылай түсу ниетімен 21 сәуір күні Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына хабарласқан едік.
— Кеңгірге тасқын су 13 сәуірден бастап келе бастады. Судың ең көп келу мөлшері 17 сәуірде байқалды. Осы сегіз күннің ішінде 35,8 млн. текше метр су келіп, арнадағы су көлемі 278,7 млн. текше метрге жетті. Қазір судың келуі бәсеңдеді, дегенмен аздап жалғасып жатыр, — дейді ТЖ басқармасы азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, майор Дулат Асанов.
Иә, Кеңгір арнасы суға толық толмаса да кемеріне жақындапты. Әлі екі-үш күндей аз-аздан келетін түрі бар. Толық көлеміне жету үшін жобамен 39 млн. текше метрдей су жетіспейтін сыңайлы. Бұған да шүкіршілік! Алдағы күндердің үлесінен үмітімізді үзбейік.
Амандық РАХҰЛЫ