Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті.
— Еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқытының артуында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Нарықтық экономика басынан бастап құрылды. Түбегейлі реформалар табысты жүргізілді. Бұл соңғы 30 жылда өсіп-өнген жас ұрпақтың есінде болмауы мүмкін. Дегенмен біздің есімізде. Өткенді біліп, болашаққа нық қарау үшін осы нәрсені жастарға айтып, қайталап отыру – біздің міндетіміз. Осының арқасында Қазақстан қазір әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің және орташа табысы жоғары елдер қатарына қосылып отыр. Тәуелсіздік жылдары халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейі 13 есе көтерілді. Бұл – біздің ортақ жұмысымыздың жемісі. 1991-1992 жылдары Кеңес өкіметі құлағаннан кейін елімізде 1500 өндірістің тоқтап қалғаны есімде. Жұмыссыз қалғандар саны 2 млн-ға жетті. Халқымыздың 47,5 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүрді. Бүгін осы көрсеткіш – 10 пайыз. Жұмыссыздық 3 есе төмендеді. Осы уақыт аралығында халық саны 2,5 млн адамға артты, — деді Н.Назарбаев.
Отырысқа сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Күн тәртібі «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбына арналған.
Сессия жұмысына онлайн форматта 550-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы толымды жетістіктердің негізгі өзегі қоғамның біртұтастығы мен бірлігі екенін ерекше атап өтті.
-Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керек, — деді Президент.
Сессияның жұымыс барысында Үндеу қабылданды.
«30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті – ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды. «Қазақстандық жол» – патриотизм жолы, тұрақтылық пен халық игілігіне бағытталған реформалар жолы ретінде әлемге танымал болды. Нәтижесінде, Қазақстан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар, заманауи мемлекеттік құрылымы және дамыған азаматтық қоғамы бар, әлем мойындаған – қалыптасқан мемлекетке айналды», — делінген Үндеуде.
Сессияны қорытындылай келе Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті.
-«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХА-ның Құрметті Төрағасы болуды ұсынды.
-Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды өтінеміз. Бұл мәртебе шын мәнінде халықтың және мемлекеттің алдындағы тарихи еңбегіңізге байланысты Сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайды деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі міндет екендігін баса айтты.
-Баршамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс. Біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз, — деді ҚР Президенті.
Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеямен тығыз жұмыс істей беретіндігін атап өтті.
«Saryarqa-ақпарат»