​РОБОТОТЕХНИКА – БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

Қазақстан Тәуелсіздік бесігінде тербеліп келе жатқанына – 30 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Бұл еліміз Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріміздің бір бөлігі ғана. 30 жыл ішінде қол жеткізген Озық технологияларды біліктілік бастауы десек, еліміздің алға басуы цифрлық-ақпараттық технология саласының дамуымен анықталмақ.

Белгілі банкир Нотан Ротшильд «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның қолында» демекші әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестіруді мақсат еткен Қазақстан үшін цифрлық технологияны енгізу, оны меңгеріп алу қажет екенін ұғынған көреген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Жолдауында тың саланы дамытудың міндеттемелерін белгілеп берді. Осылайша, аз уақыттың ішінде еліміз цифрландыру үдерісіне бет бұрып, ІТ, робототехниканы дамытуға құлаш сермеді.

Біздің санамызда цифрлық технология ұғымы күнделікті пайдаланылатын компьютер немесе ұялы байланыспен шектеліп қалмауы тиіс. Инновациялық технологияның мүмкіндігі – шексіз. Бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін ІТ-технологиялардың көмегіне жүгінеді. Сондықтан, соңғы жылдары өскелең жас ұрпақты осы робот техникасын меңгеруге баулуға баса назар аударылуда. Бұл сөзімізге қалалалық білім бөлімінің қолдауымен Қабден Шыңғысов атындағы № 5 жалпы білім беретін мектеп жанынан 2019 жылдың 24 қарашасында ашылған робототехника және ІТ кабинеттері дәлел болса керек. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының балаларға арналған технопарктері желісін қалыптастыру арқылы әлемнің озық ғылымында бәсекелестікті арттыру тапсырмасын орындау шеңберінде оқушылардың интеллектісін дамытып, ой-өрісін кеңейту мақсатында іске қосылған «ІТ және робот техникасы» үйірмесін жаңа саланың қыры мен сырын Қарағанды қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының курсында игерген информатика пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Бүгінгі таңда үйірмесінде 200 астам жеткіншек көптеген зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын өміршең ету үстінде. Сабақ барысы балалардың жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және ойлау еркіндігін дамытуға бағытталған.

«ІТ және Робот техникасы» үйірмесін ашудағы тағы бір мақсат – жас ұрпаққа жаңа технологияларды үйретіп қана қоймай, оларды республикалық және халықаралық байқауларға қатыстырып, бәсекелестік қабілеттілігін арттыру болатын. ІТ кабинеті ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, біздің оқушылар біраз сайыстарға да қатысып, жақы нәтиже көрсетіп үлгерді. Атап айтқанда, қалалық мектепаралық командалық сайыста І орын, «Roboland — 2019» сайысында ІІІ орын иеленді. Алматы қаласы әкімінің кубогына, «Kazakhstan Robotics Challenge 2019», «Robopolis — 2019», «Robopolis — 2020» қалалық сайысына қатысқан жас өнертапқыштардың ізденісі Алғыс хатпен еленді. 2021 жылдың наурыз айында Жезқазған политехникалық колледжінің ұйымдастыруымен өткізілген роботтар сайысынан да біздің оқушылар құр қайтпады.

Көптеген шет елдерде соның ішінде Жапонияда робототехника өте жақсы дамыған сала. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Ендеше осы көшті ары қарай алып жүретін ІТ және робототехника жұмыстарын әрі қарай жандандыруымыз қажет. Сол себепті, мектеп қабырғасында «Роботтар біздің өмірімізде» тақырыбында ұстаздардың қатысуымен тренинг өткізіліп, 3-7 сынып оқушылары арасында роботтар сайысы өткізілді.

Бір сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген-ді. Қазір оқимын, меңгеремін деген құлшынысы бар жастарға барлық жағдай жасалып, мол мүмкіндіктер үсынылған. Елімізді әлем аренасына шығаратын болашақ ғалымдар мен өнертапқыштардың көзін ашудан біз де шаршамақ емеспіз.

Гүлнұр УТЕЕВА,

Қ.Шыңғысов атындағы №5 орта мектептің информатика мұғалімі

16:01
743

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020