Т әуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің шекарасын айқындап, іргемізді бекіттік. Сол шекарамыздың бекемдігі, аспанымыздың ашық, ел бақытының баянды болуы – Отан қорғаушылар қолында екені бәрімізге белгілі. Биыл Тәуелсіз еліміздің айбыны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 29 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған Қарулы Күштер ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстанның аумақтық бүтіндігі мен егемендігінің берік қалқанына айналды. Бүгінде ол – соңғы үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен жарақталған жоғары мобильді жауынгерлік қабілетті, кәсіби әскер. Қарулы Күштер қатарында жүрген сарбаздар мен сардарлардың қатары да жыл өткен сайын білікті жастармен толығып келеді. Мереке қарсаңында біз сондай жастың бірі, бейбіт елдің тыныштығын қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырған жас сардар, Жезқазған қаласының іргесінде орналасқан 44803-Д әскери бөлімі рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Шахрух Әуезұлы НАЗАРОВПЕН жүздескен едік.
– А л дымен өзіңізді келе жатқан мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіз қызмет ететін әскери бөлім төл мерекені биыл қандай табыстармен қарсы алып отыр? Жалпы, атқаратын жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Рахмет! Әңгімені әрібен 4803-Д әскери бөлімінің тарихынан бастасам. Біздің бөлім қорғаныс министрлігінің 1989 жылдың 15 шілдесіндегі директивасына сәйкес Торғай облысы Державинск қаласындағы Әуе шабуылына қарсықорғаныс әскерлерінің 420-ракеталық полкі, 10866 әскери бөлімінің негізінде құрылды. Полк құрамына С-75 зенитті-ракеталық дивизионы, техникалық дивизионы және қамтамасыз ету бөлімдері кірді. 1996 жылы әскери-саяси жағдайлардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің директивасы өзгертілуіне орай бөлімнің жаңа орны Қарағанды облысындағы Саран қаласына көшірілді. Осы сәттен бастап әскери бөлімнің қалыптасу кезеңі жаңаша сипатқа ие болды.
Бүгінгі таңда бригада құрамына С-200, С-300, зенитті-ракеталық дивизиондары, Қарағанды облысындағы Жезқазған, Балқаш, Приозерск қалалары, сондай-ақ, Қостанай облысына қарасты Қостанай, Арқалық қалаларында орналасқан 5 бірдей жеке радиолокациялық роталары кіреді. 4803-Д әскери бөлімі 2001 жылдың қазан айында Семей қаласындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерилерінің бригадасынан эшалонмен жезқазған қаласындағы қазіргі орнына жеткізілді. Біздің әскери осылайша құрылды. Аз-кем уақыттың ішінде радиолокациялық ротаның әскери техникасы мен қару-жарақтары мысты өлкенің әуежай бағытындағы мекенжайға топтастырылды.
Радиолокациялық ротаның жауынгерлік міндеті – тәулігіне 24 сағат Қазақстан Республикасының орталық өңірлерінің әуе кеңістігін күзету және қорғау. Бір сөзбен айтқанда, біздің бөлімнің жеке құрамы отаншыл, рухани тәрбиелі, күш-қайраты тасыған офицерлер мен келісім-шарт әскери қызметкерлерінен құралған. Бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға өзіндік үлес қосып жүрген әріптестерім Отан алдындағы борыштары мен әскери анттарына берік. Олар күн сайын батылдық пен батырлықты насихаттаумен қатар ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл сөзіме балаларды өрттің құрсауынан шығарған прапорщиктер Айберген Құдайқұлов пен Юрий Партута дәлел.
Рота командирі капитан Талғат Тышқанов басшылық ететін 4803-Д әскери бөлімінде ерлермен бірге иық тіресіп елге адал етіп жүрген нәзікжандылар да бар. 2017 жылы бөлім жанынан штабы, басқару пункті мен медициналық пункті, асханасы бар кешенді ғимарат ашылды. Соның нәтижесінде жеке құрамның өз міндеттерін мінсіз атқаруға барлық жағдай жасалған.
–Сіздің әскери қызметке келуіңізге не себеп болды?
–Мен болашақ мамандығымды бала күнде таңдап қойған едім. Жастайымнан өзімнің әдемі әскери формада рапорт беріп тұрағанымды көз алдыма елестетім. Әкем Әуез Назаров капитан шенінде зейнеткерлікке шықты. Ол – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. «Әкеге қарап ұл өседі» демей ме?! Менің мектеп бітіріп, Алматыдағы құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуіме әкеме деген еліктеушілік себеп болды деуге де болады. Арманыма қол созғанда әкем мені әңгімеге тартып, Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деген сөзін мәңгі есте сақтауым керектігін айтты да таңдаған жолдан кері қайтар болсам, туған жерге, туған ел мен отбасыға жасаған сатқындық болатынын ескертті.
Институтқа оқуға түсу оңай болмады. Үш кезеңнен тұратын сынаққа қатысқан 2 мың студенттен 400-іміз ғана оқуға қабылдандық. Бірінші кезекте дене дайындығымыз сыналды. Үш шақырымдық қашықтықты 14 минутта жүгіріп өткеннен кейінморальдық-психологиялық жай-күйіміз тексерілді. Соңғы сынақты полигонда тапсырдық. 20 күн бойы далада жас сарбаз курсынан өттік. Институттағы төрт жылдың ішінде бірде-бір рет осы салаға келгеніме өкінген емеспін. Қолыма дипломымды алған соң мені әскери қызметімді Жезқазғанда өтеуге жіберді.
Сәтті орайлы пайдаланып, мені әскери ретінде қалыптастырып, шыңдаған Алматы құрлық әскерилерінің әскери институтындағы батальон командирі, полковник Жасұлан Жаманбаевқа, рота командирі, майор Олжас Ульмесековке, подполковник Александр Боробулин мен майор Дінмұхамед Нұрақаевқа, сондай-ақ, 4803-Д әскери бөлімінің рота командирі капитан Талғат Тышқанов пен капитан Ерлан Фазыловқа, ІІІ сынып сержанты Бауыржан Тұрсынбаев ағаларыма ризашылығымды білдіргім келеді.
–Әскердің қуатын арттырып, әскери қызметтің беделін көтеругемемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отыр деп ойлайсыз?
–Біз қолдаудан кеңде емеспіз десем, артық айтқандық болмас. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесі ел басшылығының ұдайы назарында. Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен биылғы жылдың 1 қаңтарынанан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы 35 пайызға артты. Алдағы үш жылда лауазымдық айлықты 70 процентке дейін көтеру жоспарлануда. Айлық жалақымыздан бөлек коммуналдық қызмет үшін қосымша төлемақы төленеді. Әскери киімдер тегін беріледі. Жылына бір рет демалысқа жіберіліп, 2 айлық жалақы көмегі беріледі. Әскери қызметші мен оның жанұясы аурухана мен госпитальда тегін емделе алады. Зейнеткерлікке шығу мерзімі 45 жасты құрайды. Пәтер және тұрғын үйі жоқ әскери қызметшілерге ай сайын қосымша пәтер ақысы беріледі. 2018 жылдан бері іске қосылған «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасының да шарапаты мол.
– Шахрух Әуезұлы, бір сөзіңізде колледж оқушыларымен кездесіп, әскери өмір жайында келелі әңгіме өрбітіп жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Жалпы, қ азіргі бозбалалардың бойынан сарбаз сапында болуға деген құлшыныс бар ма?
– Алдыңғы толқын ағаларымыз әскерге алынбай қалуды намыс көретінін естіп өстік. Олар үшін екі жыл бойы туған елден жырақта әскери борышын өтеп келу – үлкен абырой еді. Ал, қазір керісінше, денсаулығы жарап тұрса да түрлі сылтау іздеп, қалып қалуды көздейтін кейбір соқталдай азаматтардың да арамызда бар екенін жасыра алмайпыз. Бұның бірден-бір себебі – патриоттық тәрбиенің әлсіреуі. «Тәрбие тал бесіктен» демекші әр отбасында елжандылықтың, отансүйгіштіктің іргетасы қалануы қажет деп ойлаймын. Әр әке өзінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, ұлының жарқын болашағына дұрыс жол көрсетуі керек. Үйде «әскерге бармайсың» деген әңгіме айтылмаса, жігіттер азаматтық борышын өтеуге асығады. Әскермен қорқытудың, әскерден қорқудың реті жоқ. Сарбаз сапындағы бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады.
– Әскерге барған және бармаған азаматтың арасындағы айырмашылық туралы не айтасыз?
– Әскер – өзінше бір өмір мектебі. Сарбаз сапында болған бозбала бірден есейіп, жауапкершілігі артып, тәртіп пен талаптың не екенін жақсы түсінеді. Ер азаматқа тән шымырлық , төзімділік, темірдей тәртіпке үйренеді. Сонымен қатар, алыста болған бір жыл ішінде туған-туысқандарына, жақындарына деген сыйластығы да нығая түседі. Достықтың мәнін түсінеді. Өмірдегі ең берік –жауынгерлік достық. Бұл мінез-құлық жағынан болса, екіншіден, қолында әскери билеті бар азаматқа жұмысқа орналасу, қалаған мамандығының иесі болу да жеңілірек тимек. Өйткені, қазір талап күшейтіле түсті. Яғни, қандай да бір қызметке тұру құжаттарының тізіміне әскери билет міндетті түрде сұралады. Сондықтан, қазір денсаулығы жарап тұрса, жігіттеріміздің өздері де сарбаз атануға мүдделі деуге негіз бар.
– Биылғы оқу жылы да аяқталуға жақын. Отан қорғау саласынан өз орнын тапқысы келетін жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз? Оларға қандай әскери жоғарғы оқу орындарына түсуге болады?
– Әрине, «Елін қорғау – ердің ісі» дегендей, Отанына деген қамқорлығын көрсетіп, өз үлесін қосқысы келетін жастардың қатары көбейіп, әскери мамандықтың мәртебесі арта берсе, біз оған әсте қуана қараймыз. Қазіргі жастар Отан қорғау табыс көзі емес, қасиетті борыш екенін жіті түсінсе дейміз. Болашақ Отан қорғаушылардың бір бойында патриотизм, өз халқына адал қызмет ету, ар-намыс пен ерлік, батылдық қасиеттерін жинақтаса құба-құп. Әскери мамандықты таңдаудың тиімді тұстару көп. Ең біріншіден ол – тұрақтылық. Оқуды бітірген соң жұмыссыз, баспанасыз, табыссыз қалу қаупі бізде жоқ. Біз – мемлекеттің қамқорлығындамыз.
Оқу орындарына келер болсақ, өзім білім алған жарты ғасырлық тарихы бар Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институтын ұсынар едім. Бұл институттан 73 генерал, 3 Халық Қаһарманы түлегенімен қалайша мақтанбайын. Одан бөлек, елімізде білікті маман даярлайтын радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын, Т.Бигелдинов атындағы әскери-авиациялық институты, Ш. Уәлиханов атындағы к адет корпусы сынды іргелі білім ордалары бар.
–Сөз соңында, қалың оқырманға мерекелік құттықтауыңызды жеткізсеңіз.
– Ең бастысы егемен еліміздің көк туы төмен түспей, айбынымыз асқақтай берсін. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегі ел деп соғып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекемделе түссін. Мықты әскерімен қуатты Қазақстан Республикасының іргесін бүтін, халқы бақытты болғай!
–Уақыт тауып, сұрақтарымызға тұщымда жауап бергеніңізге рахмет!
Диана ОРАЗАЛИНА