Қазақстан тынымсыз еңбек еткен ғалымдарымыздың арқасында COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасап шығарған санаулы елдің қатарына қосылды. Бұл – біздегі ғылымның әлеуеті жоғары екеніне айқын дәлел.
Сол отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья елордаға келгенінде бас басылымға уақыт бөліп, көкейдегі сұрақтарымызға жауап берді.
– Кез келген ғылыми өнертабыстың өлшемі – халықаралық журналға жарияланған зерттеудің қорытындысы жөніндегі мақала. Онсыз өнертабысты өндіріске айналдыру қауіпті. Отандық вакцина туралы ғылыми мақала әлі жарияланған жоқ. Бірақ алғашқы дозасы өндірілді. Біз ғалымдарымыздың беделін бәйгеге тігіп отырған жоқпыз ба?
– Иә, біз биология, вирусология, вакцинология саласындағы әлемнің ең мықты ғалымдары рецензия беретін ғылыми журналға мақала жарияланбай тұрып өндірісті бастап кеттік. Себебі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің бірінші және екінші сатысы толығымен сәуір айында аяқталды. Соның ішінде алғашқы сатысы 3 сәуірде, екінші сатысы бойынша жұмыстар 180 күн, яғни толық 6 ай болып 17 сәуірде мәресіне жетті. Біз қорытындыларды жаңа ғана алып отырмыз. Рецензенттер аралық қорытындыны алмайды, 180 күн өткеннен кейінгі сынама нәтижелерін ғана қабылдайды. Шыны керек, вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің аралық қорытындыларын Web of science дерекқорындағы импакт факторы жоғары ғылыми журналға өткізіп қойғанбыз. Сол сәтте біз оларға 1, 2-сатысының толық қорытындыларын кейін тапсыруға уәде еттік. Қазір жолдаған жұмысымыз тексеріс пен өңдеуден өтті. Енді сол тапсырылған қорытындылар мақалаға енгізіліп, ғылыми еңбектің белгіленген талаптарымен жазылып, қосымша жіберіледі. Рейтингі жоғары журналда мақала жариялаудың қалай екенінен хабардар шығарсыз?!
– Иә, кейде жылдаған уақыт кетеді. Дегенмен рецензенттерден қандай да бір түзетулер мен ескертпелер келетін уақыт болды ғой. Жұмыстың жүріп жатқанын осыдан білмейміз бе?
– Дәл солай. Жұмыс жүріп жатыр. Біз әлемдік деңгейдегі рецензенттерден алғашқы пікірді алып, олармен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Мақаламыз Америкадағы клиникалық зерттеулерді басып шығаратын арнайы журналға тапсырылды. Оны халықаралық дәрежесі жоғары медицина ғалымдары қарап жатыр. Оларға да оңай емес. Әрбір тұсын жіті қадағалап, оқып, ой елегінен өткізіп, тексеруіне тура келеді. Кейбір сұрақтары, пікірі, ескертпесі өте орынды, соның нәтижесінде ақпарат толықтырылып, біз байқамай кеткен маңызды жерлері тың деректермен байытылды. Қазір екі тарап арасында қарқынды сұрақ-жауап процесі жүруде. Әрине, мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді, ғылыми мақаланың жариялануы сол себепті кешеуілдеп жатыр.
– Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) неге өндіріске ұсыным беріп отыр. Клиникалық сынақтың 3-кезеңі әлі аяқталған жоқ қой.
– QazVac қана емес, әлемде қазір қолданысқа енгізіліп үлгерген вакцинаның бәрі де клиникалық сынақтың 3-кезеңінен әлі толық өткен жоқ. Бірақ әр мемлекеттің берген уақытша тіркеуі негізінде бірнешеуіне өндіріске рұқсат берілді. Өйткені тек вакциналау ғана пандемияның алдын алады. Қауіп-қатерге қарай клиникалық кезеңнің 2-сатысынан сәтті өткен вакциналарды егуге ұсыным беріліп отыр. Бізге де 3-сатысының 50%-ы аяқталғаннан кейін ұсыным берілді.
– Елімізде алғаш рет маймылға осы вакцинаны әзірлеу барысында сынақ жүргіздіңіздер. Қалай болды?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан дүние жүзіндегі 6-мемлекет болып пандемиялы тұмауға қарсы вакцина шығарды. О кезде әлі пандемия жарияланбаған еді, шекаралар ашық болды. Сондықтан біз тұмау вакцинасының соңғы зерттеулерін ДДҰ-ның сертификаттауынан өткен Бельгиядағы зертханада жүргіздік. Маймылдарға клиникаға дейінгі, адамдарға клиникалық сынақты сол аталған елде өткіздік. Соның нәтижесінде тұмауға қарсы әзірлеген вакцинамыз ДДҰ-ның тізіміне енді. Ал коронавирус кезінде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Жан-жақтың бәрі жабылды. Маймыл түгілі адамды өткізбейтін жағдайда және отандық зертханада маймылға сынақ жүргізген тәжірибеміз болмағанда бұл зерттеудің қаншалықты күш-жігерді қажет еткенін білуге болады. Біз коронавирусқа қарсы вакцинамызды әзірлеу барысындағы зерттеуге керек маймылды Сочидегі Медициналық приматология ғылыми зерттеу институтынан таптық. Алайда оны алдыруға көп күш жұмсалды. Ресей жануарларды шекарадан өткізуге заңмен тыйым салған. Оның үстіне аталған маймылдар өздерінің зерттеуіне керек екені айтылды. Сол кезде біздің Үкімет Ресейдің үкіметіне шығып, 7 маймылды бізге сатуын сұрап, Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі оған арнайы қаулы шығарып, шекарадан өткізілді. Үкімет ел азаматтарының өмір қауіпсіздігі үшін осындай тәуекелге барды. Вакцина әзірлеу барысында біз мемлекеттің зор қолдауын сезініп отырмыз.
– БҚПҒЗИ – коронавирусқа қарсы бірден 5 түрлі вакцинаны әзірлеп жатқан әлемдегі жалғыз мекеме. Соның ішінде тірі вакцина да бар. Бұл вакциналардың ішіндегі ең қауіпсізі саналады. Соған сай оның дайындалу технологиясы да күрделі. Отандық тірі вакцина қазір қай кезеңде?
– Рас, шын мәнінде белгілі бір вирусқа қарсы ең жоғары иммунитетті қалыптастыратыны – тірі вакцина. Бірақ вакцинология тарихында тірі вакцина саусақпен санарлық қана. Неге? Өйткені вакцинаның бұл түрін шығаруға табандылық пен уақыт керек. Тірі вакцина вирустың қуатын кезең-кезеңімен жойып, әбден әлсіреген кезде алынады. Әрі оның күшін мүлдем жойып алуға да болмайды. Вирусологияның тілімен айтқанда, тірі вакцина 250 пассаждан (бактерияны бір жануардан екіншісіне егу арқылы вирустың таралу күшін баяулату немесе мүлде жою процесі) өткен вирустан әзірленуі тиіс. Ал біз 1 жылда 100 пассаждан ғана өткізе аламыз. Демек бізге тағы 1 немесе 1,5 жыл керек. Егер біз ең әлсіз вирустан осы вакцинаны әзірлесек, бұл әлемде баға жетпес өнертабыс болар еді. Себебі ДДҰ-ның тіркеуінен өткен COVID-19-ға қарсы вакциналарды қарасаңыз, бірде-бір тірі вакцинаны таппайсыз. Дәл қазіргі уақытта әлемде коронавирустың ең тиімді әрі ең күрделі тірі вакцинасын әзірлеп жатқан бізден басқа бірде-бір ел жоқ. Біз соған тәуекел еттік.
– QazVac-ты клиникалық сынақтан өткізуде вакцинамен қатар кейбір еріктілерге плацебо, яғни дәрілік қасиеті жоқ препарат та салынған. Неге?
– Біз зерттеулерді GCP (Good Clinical Practice – тиісті клиникалық практика) халықаралық стандарты бойынша жүргіземіз. Сол GCP талаптарына, сондай-ақ ДДҰ-ның ұсынымдарына сәйкес вакцинаға, яғни адам денсаулығына қатысты медициналық зерттеулер жасырын жүргізілуге тиіс. Еріктілердің бір тобы жай ғана физрастворды, ал екінші тобы сынақтан өткізіліп жатқан вакцинаны алады. Және сол еріктілердің ешбірі қайсысын алғанын білмеуі керек. Қазіргі таңда дайындалып жатқан барлық вакцина осы әдіспен зерттеледі. Бұл – бәріне ортақ талап.
– QazVac-ты клиникалық сынақтан өткізуге қатысқан адамдардың арасында ерекше топтағылар болды ма? Вакцина оларға қалай әсер етті?
– Клиникалық сынақтың бірінші кезеңінде қауіпсіздікті бақыладық, сонда біз оған толығымен дені сау еріктілерді ғана таңдап алдық. Ал екінші кезеңге келгенде тек вакциналауға болмайтын топтарға ектік. Соңғы үшінші кезеңінде ешқандай да шектеу болмады, даладан кім келді, соның бәрін ерікті ретінде қабылдадық. Оның ішінде АҚТҚ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған 3 адам бар. Оларға вакцина салдыруға болмайтынын айтсақ та, тіресіп тұрып алды. Және бір қызық жайт, 10 жылдай бала көтере алмай жүрген әйелдер вакцинадан кейін жүкті болды.
– Келесі сұрағыма өзіңіз жауап беріп қойдыңыз ғой. Себебі оқырмандар вакцина жөнінде жазып жүргендіктен, «Екпе салдыру бедеулік пен белсіздікке алып келеді» деген қауесеттің өтірік-расын анықтап беруді сұраған еді.
– Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мырзадан сұрасаңыздар, нақты айтып береді. Бізге белгілі ақпарат бойынша еріктінің бірі – 43 жастағы әйел. Ол бізге келіп жылап, 20 жыл бойы бала көтере алмай жүріп жүкті болғанын айтып, алғысын жаудырды (сұхбаттан соң Әсет Қалиевке хабарластық, ол бір емес, дәл сондай тағы екі әйелдің QazVac вакцинасының екі компонентін толық алғаннан кейін бала көтергенін растады – А.Ш .).
– Тамаша!
– Бірақ бұл сізге тамаша. Өйткені біз ол әйелді клиникалық сынақтан өткізуші еріктілердің қатарынан шығардық. Оның орнына басқа адамды қарастырып, алдық. Екі жұмыс болды. Екпені күтіп отырған қаншама адам бар ғой, зерттеуді баяулатты. Дегенмен вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеген факт та болды.
– QazVac-ты қауіпсіз вакциналардың қатарына жатқызамыз. Өзіңіз де соған қатысты бір фактіні айттыңыз. Бірақ осы вакцина несімен қауіпсіз?
– Вакцинаның қауіпсіздігі оның технологиясына тікелей байланысты. Инактивтелген вакцина толық бүтін вирустан тұрады. Бүтін вирус ақуыздардың толық жиынтығынан құралған. Ақуыздар спектрі неғұрлым толық болса, иммундық жауап соғұрлым жоғары болады. QazVac инактивтелген вакцинасы технологиясының қауіпсіздігі 60 жылдан бері дәлелденген. Инактивтелген вакцинаны соңғы 60 жылдан бері туған барлық адам дүниеге келгеннен кейінгі үшінші күні алды. Өйткені балаларға арналған вакциналардың дерлігі осы технологиямен әзірленген. QazVac инактивтелген вакцинасында да вирус қана жаңа, ал қалғанының бәрі – (технология, жасалуы, сынақтан өткізілуі) қанша жылдық тарихы бар, уақытпен сыналған ескі жол.
– Коронавирус мутацияға неге жиі ұшырайды? Мұндайда вакцина қорғай ала ма?
– Коронавирус – ДНК емес, РНК вирусы. ДНК екі тармақтан тұрады. Оның біреуін бақылауға болады, екіншісі өзгергенде оны жылдам қалпына келтіреді. Ал коронавирус бір ғана тармақ, тізбектен құралған. Сондықтан оны ешкім бақылап, қайта қалпына келтіре алмайды. Сол себепті біз коронавирусқа тұмау сияқты егуді жүргізетін шығармыз. Демек, мұнда бір вакцинаға қатып қалудың қажеті жоқ, бір жылы отандық, келесі жылы басқа шетелдік екпенің түрін таңдауға мүмкіндік бар. Мәселен, адамдар тұмауға жыл сайын екпе алады, сол секілді сақтанған жан коронавирус вакцинасын жылына бір рет салдыра алады. Бірақ бұдан бұрын адам өзінің иммундық мәртебесін анықтап алуы керек. Егер аталған вирусқа иммунитеті жоғары болып тұрса, қажет емес. Иммундық мәртебені иммунды-ферментті сынама арқылы анықтауға болады.
– QazVac коронавирустың жаңа штамдарына қаншалықты қарсы тұра алады?
– Африкалық, америкалық, британдық деп жүргендердің бәрі де жаңа штамм емес. Көбі (белгілі бір жағдай тұрғысынан) ыңғайлы болғандықтан солай айтатын шығар. Шын мәнінде бұл – сол штамм. Рас, бір-екі бөлігі өзгеріске ұшыраған вирус. Алайда ғылымда мұны жаңа штамға жатқызбайды. Сондықтан қазір әзірленіп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac та) коронавирустың өңін өзгерткен түрлеріне қарсы тұра алады.
– QazVac неліктен Спутник-V вакцинасынан кеш шығарылды?
– Ресейде коронавирус жұқтырған науқастар 2020 жылдың қаңтар айында тіркелді. Ал Қазақстанда бұл жағдай наурыз айында орын алды. Бізге алғашқы патологиялық материал былтырғы наурыздың 23-інде ғана жеткізілді. Біз сол себепті 2,5 айға кешігіп келе жатырмыз. Дегенмен кешігуіміз кейбіреулер ойлағандай ғалымдардың әлеуетіне байланысты болған жоқ. Біздің инактивтелген вакцинаны әзірлеуге вирустың өзі керек, ал оны шынайы жұқтырған науқастардан ғана ала аламыз.
– Жақсы, енді институт ғалымдарына келейікші. Жақында олардың жалақысы 350 мың теңгеге дейін өсірілетіні айтылды. Алайда күнін түнге жалғап, демалыс, мереке дегенді ұмытып еліміздің қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жатқан ғалымдарға бұл аз емес пе?
– Осының өзіне ғалымдардың қалай қуанғанын көрсеңіз. Сіз сенесіз бе, сондай ұлттың, халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет қылып жүрген бірқатар жандар 85 мың теңге жалақыға жұмыс істеп жүріпті. Мен алғаш институтқа барған кезде осындай еңбекақы алып жүрген ғалымдардың көзіне қарауға ұялдым. 47-53 жыл жұмыс істеп кеудесіне бірде-бір медаль тақпаған екі үлкен ғылыми қызметкер үшін Премьер-Министрге арнайы кіріп, еңбегінің еленуін сұрадым. Сол ғалымдарымыздан жоғары атақты алып, орденді кеудесіне таққан адамдардың елге қандай еңбек сіңіргенін айтайын ба?
– Айтыңыз...
– Анау жерде, мынау мекемеде жұмыс істегені үшін берілген. Бітті! Сол ғана. Ал екі ғалымымыз құс тұмауы, шошқа тұмауы, пандемиялы тұмау, түйе шешегіне қарсы қаншама вакцина әзірлеуге қатысқан. Екеуінің ел экономикасына әкелген табысы – миллиардтар. Институтта дәл сол екі ғалымдай қызметкер қаншама?! Біздің ғалымдар 2020 жылы түйелер обасының, құс тұмауының карантинін жапты. Және осы коронавирусқа қарсы вакцина дайындаумен айналысты. Бір ғана кішкентай институттың 56 ғалымы. Сол зерттеушілеріміздің әрбірі – әлемдік деңгейдегі кез келген әріптесімен иық тірестіріп жұмыс істей алатын зор әлеуетке ие. Қандай елге барса да оларды мұндай тәжірибесімен, кәсібилігімен көкке көтереді. Шетелде біздегіден 10 есе жоғары жалақы алады. Бірақ олар өз көзіңізбен көргендей, ХХІ ғасырда ішінде әжетханасы жоқ бірқатар зертханада жұмыс істеп отыр. Соның бәрі не үшін? Өйткені олар мұнда өз Отанына қызмет етіп жүр. Бұл ғалымдарды алақанға салып құрметтеу керек қой.
– Алғаш отандық ғалымдардың вакцина әзірлеп жатқанын жазғанымызда, сауатты адамдардың ішінде жай сенімсіздік танытпай, «ыдыс шығара алмай жүріп вакцина жасамақ» деп кекетіп, мысқылдағандар болды. Ал жақында Норвегия QazVac-тың ерекшелігін талқылап жатыр. Неге?
– Өйткені «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Қазір, мысалы, Үндістан халқы вирустан қатты зардап шегіп жатыр. Олар секілді қаншама ел, халық вакцинаға зар болып отыр. Ал біз мойындағымыз келмейді, барды бағаламаймыз. QazVac шыққанда Әзербайжан жұрты далаға шығып, футболда жанкүйері гол соққандай қуанып, айғайлаған. Ал бізде ше? Ғалымдарды жерден алып, жерге салған сәттері болды. Бұл не? Қазақтың өнімі үшін қуана алмаймыз деген сөз емес пе?
– Себебі сенбейді ғой…
– Сенбейді, өйткені бойда құлдық мінез қалып қойған. «Өзімдікі – жаман, өзгенікі – жақсы» деген ұғым құлдық санада қалыптасады. Мен солай түсінемін. Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Онда бірде-бір жапондық көлік жоқ. Бірақ Жапония Оңтүстік Кореяның іргесінде тұр. Өзіңдікі болмай, амалсыздан алсаң, әңгіме бөлек. Ал барды бағаламау, өзінікі бола тұра өзгенікін артық көру – құлдық психологияның бір көрінісі.
Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»