​МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, АРДАГЕР!

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында қала әкімі Қайрат Әбсаттаров жезқазғандық ардагерлермен жүздесіп, жағдайын білді. Биылғы Жеңіс туы желбіреген мамыражай мамырға 4 ардагер аман-есен жетіп отыр. Олар – Нина Степановна Виноградова, Иван Кузьмич Артеменко, Александр Тимофеевич Гусак пен Алексей Михайлович Миненко.

Соғыс жалынының қақ ортасында жүріп, кеуделерін оққа тосқан батырлардың жанқияр ерлігін мемлекетіміз де ескерусіз қалдырған емес. Соның бір нышаны ретінде сәуір айында төрт ардагерімізге 1 миллион теңге ақшалай төлем аударылды. Мерекемен құттықтап, гүл шоқтары мен құттықтау хатын және жеміс-жидек толы себеттер табыс еткен қала әкімі қарт майдангерлердің денсаулығы, оларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қызметтер барысын өз көзімен көріп шықты.

Қала басшысы, алдымен, Нина Виноградовамен кездесті. Фашистік Германия Кеңес одағына кенеттен шабуылдаған 1941 жылы Нина Виноградованың жасы небәрі он сегізде еді. Алайда, жастығына қарамастан өжет қыз майданға медбибі болып алынады. Ерлік жолын туған жері Луканскіден бастаған ол от пен оқтың ортасында жүріп, жаралы сарбаздардың жанынан табылды. Сержант шеніндегі медбибі кейін Киев, Харковь, Бухарест, Прага, Варшава, Будапешт сынды ірі фронттарда батылдық көрсетті. Өмірінің бес жылын соғыста өткізген Нина Степановна майданда батольон командирі Константин Виноградовпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Австрия жерінде бірін-бірі ұнатып, көңіл жарастырған майдангер жастар сол жерде некелерін қияды. Екеуі де соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Красная звезда» орденімен марапатталды. 1953 жылы қазақ жерінен пана іздеп келген ардагерлер отбасы мысты өлкеде тұрақтады. Отағасы мыс қорыту зауытына, Нина Степановна ауруханаға жұмысқа кіреді. Кейінірек Жезқазған кен-металлургия комбинатында еңбек еткен батыр қыз қазір жезқазғандықтардың еркесіне айналды. Жылда 9 мамырды аяғынан тік тұрып қарсы алатын Нина Виноградованың омырауында «1941—1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медальдарымен қатар «КСРО санитарлық қорғанысының үздігі» белгісі мен көптеген мерекелік медальдар жарқырап тұр.

Бейбітшілік үшін қарыздар батырдың бірі – Иван Артеменко. Ол 1926 жылғы 20 мамырда Алматы облысының Сарқанд ауданына қарасты Покатиловка селосында туды. Соғысқа дейін Талдықорған облысы Антоновка селосында жұмыс істеген ол 1943 жылы майданға алынды. Ленинград майданында және Прибалтикада шекара әскері құрамында аға сержант шенінде бөлімше командирі болып соғысқа қатысты. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен және мерекелік медальдармен марапатталған Иван Кузьмич 1953 жылы елге оралды. Ал, 1975 жылдан бері Жезқазған қаласында орнығып, Жезқазған байыту фабрикасында еңбек етті.

Соғыс сұмдығының куәгері Александр Гусаковтың өмірі де қиындыққа толы болған. Ол да – Украинаның тумасы. Он сегіз жасында майдан даласына аттанған жауынгер соғыс зардабының ауыр болғанын және әлі күнге дейін бәрі оның есінде екенін ұрпағына айтып отыр. Прага мен Польшада атқыштар полкінде ерлік көрсеткен Александр Тимофеевич оққа ұшып жараланған да. Ол 1942 жылы Волгоград тұсындағы шайқаста жау қолына түсіп, фашистер тұтқынында азапты күндер кешеді. Соғыс аяқталып, АҚШ әскерінің көмегімен тұтқыннан босаған Александр Гусак Қазақстанға қоныстанып, Жезқазған қаласының өркендеуіне үлес қосқан.

1923 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданының Самарка ауылында дүниеге келген Алексей Миненко соғысқа 1942 жылы туған ауылынан аттаныпты. Бірден жаяу әскер қатарына алынған ол Калинин түбіндегі шайқасқа қатысты. Ауылдан шыққан, соғысудың қыр-сырын білмейтін өрімдей жас сол ұрыста жарақат алып, Каменск қаласындағы госпитальға түсті. Емделіп шыққаннан кейін Великие Луки қаласы түбінде, Новосокольники майдандарында шайқасты. Көп ұзамай олар Смоленск түбіндегі соғысқа араласты. Алексей Миненко ең алғашқы наградасын 1943 жылдың наурызында, Новгородты жаудан азат еткеннен кейін алыпты. 1944 жылы Ленинград үшін ұзақ уақыт соғысқан майдангер Норвегия мен Белоруссияны жаудан аман алып қалуға атсалысқан көптің бірі. Жаяу әскер Алексей Миненко қызмет еткен дивизия 1945 жылы сәуір айының соңында Германияға да жетті. Штецен қаласынан Одерге, одан Берлинге шықты. Соғыстан кейін Алексей Миненко тағы төрт жыл Германиямен шекарада

қызмет етіп, туған ауылына 1949 жылы оралды. 1952 жылы отбасымен бірге жаңадан бой көтеріп жатқан Жезқазғанды бетке алған ол «Спецстрой» тресінде шофер, Жезқазған байыту фабрикасында слесарь болып жұмыс істеді.

Ия, қаһарлы күндерде қайратын жиып, елі үшін қасық қаны қалғанша күресу, жеңіс үшін жанталып, бар күшін сарп ету кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік. Осы тұста ашық аспан астындағы алаңсыз өмірді сый еткен соғыс ардагерлеріне айтар алғысымыз айрықша, құрметіміз зор.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

18:55
686

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020