​ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАНЫ, ҚАРАТАУДЫҢ ҚЫРАНЫ ӘЛКЕН ЖЫЛҚАЙДАРОВ ТУРАЛЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ БІЛЕМІЗ?

Осыдан бірер жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 2018 жылы Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысов «Келесі жылы Қаныш Имантайұлының туғанына 120 жыл толады. Соған орай ол кісі туралы естеліктер кітабын шығарсақ» деген ойымен бөлісіп, сол жұмысты маған міндеттеді. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені, сол кітапты әзірлеу барысында Әлкен Жылқайдаров есімін алғаш рет жолықтырдым. «Қазақмыс» корпорациясының Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының қызметкері Жансұлу Ильясова есімді қарындасым жинастырған материалдардың арасында Әлкен Жылқайдаровтың да естелігі болды. Естелік жергілікті газеттердің бірінде жарияланған екен, сірә, кезінде көзімізге шалынбай қалса керек. Естелік авторы туралы берілген шағын анықтамада оның қай өңірдің тумасы екені айтылмапты. Ғаламторды ақтарып көргенде де анау айтқандай дерек кездестіре алмадық. Суреті де шықпады.

Естеліктер жинағы 2019 жылы «Жүректерде жанған жұлдыз» деген атаумен кітап болып жарық көрді. Бертінде сол кітапты қайта парақтап отырғанда Әлкен Жылқайдаровтың өмірбаянындағы «Соғыс ардагері. Майдандағы ерліктері үшін Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатына 14 мәрте ие болған» деген сөздер назар аудармасыма қоймады. «Соғыста Басқолбасшыдан осыншама мәрте Алғыс хат алған адам бір — екі орден, медаль да иеленген болар» деген оймен «Память народа» сайтына кіріп, Ә.Жылқайдаров туралы қарастыра бастадым. Міне, ғажап! Әлкен Жылқайдаров бірнеше орден — медальмен де марапатталыпты. Ең бастысы ол өзіміздің Аралтөбенің азаматы болып шықты. Оның Қаратау өңірінде партком хатшысы, совхоз директоры, мектеп директоры, Талас ауданы оқу бөлімінің бастығы болғаны кітапта жарияланған естелігінде жазылған еді. Сол жақтың адамы деп те ойлап жүретінмін. Енді, мына деректі көрген соң, Талас аудандық газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұловқа телефон шалып, Әлкен Жылқайдаров туралы не білетінін сұрадым. «Ой, ол кісінің есімі біздің жақта зор құрметпен аталады. Екінің бірі біледі. Ірі -ірі қызметтерде болған адам. Халық өзін өте жақсы көрген» деген оның сөзі кеудеде мақтаныш сезімін тудырды. Енді ше? Ұлытаудың ұланы Қаратаудың қыранына айналып, қалың қазағының құрметіне бөленген тұлға болғанын есту сондай ғанибет емес пе? Содан соң Дүйсен Әлекеңнің Қаныш Имантайұлы естелігін шағын түсіндірмемен өз газетіне жолдауды өтінді. «Осындағы ел білсін, ұрпақтары оқысын» деді. Достың, әріптестің тілегін екі сөзге келмей орындадық. Сөйтіп, Әлкен Жылқайдаровтың Қ.И.Сәтбаев туралы естелігі «Талас тынысы» газетінде «Тұла бойы тұнған тәлім» деген тақырыппен, 2020 жылғы 24 қарашада жарық көрді. Арада бір -екі күн өткенде маған Әлкен ағамыздың Тараз қаласында тұратын қызы Светлана тәтеміз хабарласты. Сөйлесе келе, кезінде Солтүстік Жезқазған кенішінің директоры болған Ерлан Әлкеновтің өзіміз сөз етіп отырған Ә.Жылқайдаровтың немересі екені белгілі болды. Бұл азаматты, Ерланды айтамын, әлі күнге шейін көрген де, кездестірген де емеспін. Бірақ, атына сырттай жақсы қанықпын. Ол туралы кеншілер «Тамаша жігіт. Директор сондай болу керек. Әрқашан хал-жағдайымызды сұрап тұрады, жәрдем, көмегін аямайды, кездесе қалса, қол беріп амандасады» деген секілді сан түрлі мақтау, мадақ сөз ғана айтатын. Оның Қаратау халқы төбесіне көтерген Әлкен Жылқайдаровтың немересі екенін білген соң «тегінде бар тартпай қоймайды» дейтін халық даналығы еріксіз еске түсті. Ерлан туралы елдің жылы лебізінен оның атасы Әлкен Жылқайдаровты көріп, біліп отырғандай күйге түстім.

Жазылған жазбаларға, өмірбаян жолдарына қарағанда Әлкен Жақыпбекұлы Жылқайдаров әке — шешеден жастай жетім қалған. Әкесі «Жетіқоңыр» колхозының қарапайым шаруасы көрінеді. 1919 жылы анасы өмірден озған соң, шамасы бағып-қағу әкесіне қиындық тудырған болу керек, кетіп бара жатқан керуенмен оны Түркістандағы Балалар үйіне жібереді. Әкесін 30-жылдардағы ашаршылық араны жалмаған. 1924 жылғы ақпанда Әлкен Тәшкендегі Балалар үйіне ауыстырылады. Қатал заман оны Балалар үйінде өсіп, жетілуге мәжбүр етті. «Әр жаманшылықтың да бір жақсылығы болады» деген рас екен, қатал ортада алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып жүріп, жігерін жаныды, намысын шыңдады. Ол өмірдің енді ғана басталғанын, бүкіл ғұмырдың Балалар үйінде өтпейтінін бала болса да, ерте түсінді. Өмірден өзіне лайық орын табуға ұмтылды. Жеңіске жетудің, қиялдағы арманды қолға түсірудің жолы «Білім» деп білді. Сондықтан да, білімге бас ұрды.

Балалар үйінен соң Тәшкендегі Су шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Осында жүріп қазақтың марғасқаларының біразын көзі көрді. Ал, Сәкен Сейфуллинмен тіпті, көзбе көз отырып сөйлескені де бар. Әлдебір сөздің құрдастар арасында түсінбестік тудырғанына байланысты соның төрелігін сұрау үшін олар Сәкенге барған еді. Сонда ел алдында жүрген ағалары бұларды баласынбай қабылдап, әлгі сөздің мәнін түсіндіріп, ақыл — кеңесін айтып, шығарып салып еді -ау… Кейінірек Сәкен Сейфуллинмен Қарсақбайға келгенде тағы да кездесіп қалды. Сонда жадының мықтылығы сондай Сәкен ағасы мұны бірден таныды. Танығаны сондай «Бұ жігіт Тәшкенде жүргенде аздап етжеңділеу еді, мұнда келгесін біраз ысылып қалыпты» деп күлген де болатын. Осындай керемет кездесулер туралы Әлкен ағаның жоғарыда айтылған естелігінде әдемі жазылған.

Өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда Әлекең Тәшкендегі техникумды денсаулық жағдайына байланысты аяқтай алмаған. Сөйтіп, туған өлкеге қайта оралған оны Ойнақ ауылындағы мектепке мұғалім етіп, жұмысқа қабылдаған. Қазіргідей емес маманның қат кезі ғой, әйтпесе, су шаруашылығы маманына оқып жүрген баланы мектепке мұғалім етіп қабылдай ма? Дегенмен, Әлкен мектепте өзін жақсы қырынан танытса керек, 1930 жылғы мамырда оны Қарсақбай аудандық оқу бөліміне нұсқаушы етіп, ал, арада шамалы уақыт өткен соң, нақтырақ айтқанда, 1931 жылдың тамызында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Ол кісі Сәкен Сейфуллинмен Қарсақбайда осы жылдары кездескен сыңайлы. Ә.Жылқайдаров бұл қызметті 1932 жылдың қыркүйегіне атқарады. Өйткені, оны Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитеті өзіне жұмысқа шақыртып алады. (0сы арада «Неге Оңтүстік Қазақстан облысы?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені, сол тұста қазіргі Жезқазған — Ұлытау аймағы сол облыстың қарамағында болған -автор).

Бір қызығы, Қарсақбайдан Шымкентке комсомол ұйымының шақыртуымен барса да, оны мүлдем басқа салаға қызметке жібереді. Ол Орта Азия және Оңтүстік Қазақстан селекциялық орталығы директорының әкімшілік — шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Былай қарасаң, кеше білім саласында жүрген азаматты енді мүлдем басқа жаққа жіберу ешқандай ақылға сия да қоймайды. Бұл жерде тек бір ғана мақсат -оның ұйымдастырушылық қабылетін байқап көру мақсаты ғана болған секілді. Шынында да, сол кезден бастап Әлкен ағаның ұйымдастырушылық қабылеті шыңдала түскен тәрізді.

Бұған оның 1933 жылғы маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ұйғарымымен облыстық білім басқармасының балалар үйлері жөніндегі инспекторы болып тағайындалуы дәлел. Балалар үйінің кешегі түлегінің сол саланың жұмысын реттеуге жіберілуі оған деген зор сенім әрі үлкен сынақ еді. Ол сол сынақтан сүрінбей өткені анық. Өйткені, содан кейін қашан соғысқа аттанғанша Ә.Жылқайдаров облыстың Арыс, Қорғалы, Андреев, Талдықорған аудандарында мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарады.

Осы орайда оқырмандар көңілінде «Су шаруашылығы техникумын да аяқтамаған бұ кісі қалайша жоғары қызметтер атқарған?» дейтін орынды сұрақ туындауы мүмкін. Ағамыздың өзі толтырған өмірбаянында «облыстық білім басқармасының балалар үйлері жөніндегі инспекторы болып тағайындалғаннан кейін әскерге кеткенше тек өз мамандығым бойынша жұмыс істедім» деген жолдар бар. Сол сияқты, «Жамбыл облысы педагогтарының антологиясы» деген кітаптың Ә.Жылқайдаровқа арналған бөлігінде оны «Тәшкен педогогикалық институтын үздік бітірген» деп сипаттайды. Қойылған сұрақтың жауабы осындай.

1942 жылдың сәуірінде ол соғысқа аттанады. Содан елге 1946 жылғы тамызда оралады. Майданда жүріп 1943 жылы партия қатарына қабылданады. Тағы бір кереметі, ол соғысқа қатардағы жауынгер болып аттанғанмен, елге аға лейтенант шенінде оралған. Мұндай болуы мүмкін бе? Соғысқа аттанғанда Талдықорған аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүрген оның жоғары білімді азамат екендігі ескеріліп, арнайы әскери курстан өткен болу керек.

Жорық жолдарына үңілгенде оның 93 — дивизия құрамында Сталинград шайқасына қатысқаны, Украина, Белоруссия, Польша, Румыния елдерін азат етуге қатысқаны көрініп тұр. Жеңісті ол Прага қаласында қарсы алғанға ұқсайды. Басқолбасшының атынан 14 мәрте Алғыс хатпен марапатталғаны 1946 жылғы 22 маусымда 10 -механикаландырылған полк командирі, полковник Коваленкорның қолы қойылған анықтамада көрсетілген. Соғыстан соң Әлкен Жақыпбекұлы осы полкте қызмет еткен болуы керек. Коваленко қол қойған құжат сол кездегі жеке карточкасына қатысты толтырылған тәрізді. Бұл Алғыс хаттардан бөлек Әлекең «Ерлігі үшін» медалімен, II дәрежелі және I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен де марапатталған. Кейде ұсынылған марапат жоғары жақтан мүлдем берілмей қалатын әйтпесе, дәрежесі төмендеу марпатпен алмастырылатын «ауру» соғыс кезінде аз болмағаны бұрыннан-ақ белгілі. Әлекеңнің бір марапаттамасы да осындай «аурудың» кесірінен алғашқы ұсыныстағыдай емес, кейін өзгеріп кетіпті. 1944 жылғы 10 қыркүйекте 278 — гвардиялық атқыштар полкінің командирі, майор Жиженков пен командирдің орынбасары, капитан Павлий қол қойған Марапаттау қағазында оның Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылғаны көрсетілген.Бірақ, бұл Ұсыныс армияның Саяси бөліміне жеткен кезде, қолдау таппай «II дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық» деп өзгертіледі. Сөйтіп, 1944 жылғы 5 қазанда Ә.Жылқайдаров осы орденмен марапатталады. 1945 жылғы 24 мамырда I -дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы Бұйрық шығады. Бұдан кейін марапатталған «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары да Ә.Жылқайдаровтың майдандағы ерліктерінің жәдігері іспетті кеудесінде жарқырап жүрді.

Соғыстан соң ол бір жылдан аса Прага қаласында әскери қызметте болды. Елге 1946 — ның тамызында оралатындығы да содан. Атың өшкір соғыс қаншама шаңырақты ортасына түсірді. Қаншама жас қыршын кетті. Әлекеңнің өзі соғыстан оралғанына қуанышты болған да шығар, бірақ, сол соғыстан оралмаған үш бірдей бауыры есіне түскенде жүрегі езіліп кетердей күй кешкеніне күмән бар ма? Тағы бір бауырының мүгедек болса да елге оралғанын шүкір көріп, дәтке — қуат санаған да болар?

Бейбіт өмірдегі еңбек жолы сол кездегі Одақтық деңгейде назарда ұсталған Қаратау өндірісіне қарасты Шолақтау кенішінің партия ұйымының хатшылығынан басталды. Жеті жыл сол ұйымға басшылық жасаған ол бұдан соң аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасының орынбасары, совхоз директоры, 1953-1955 жылдары Талас ауданындағы қазіргі Д.Қонаев, бұрынғы И.Сталин атындағы мектептің, ал, 1962-1964 жылдары қазіргі Бөлтірік шешен ауылындағы мектептің директоры болды. Бөлтірік шешен атындағы мектептің Шоқан Уәлихановтың есімін иеленуіне Әлкен Жылқайдаровтың тікелей қатысы бар. Ол кейінірек Жамбыл мәдени -ағарту училищесінің тұңғыш директоры болып тағайындалды. Бұдан соң Шу, Жамбыл аудандарының оқу бөлімдеріне басшылық етті. Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып аймақтың мәдени өміріне де үлкен үлесін қоса білді. Жамбыл аудандық көмекші мектеп -интернаттың директоры қызметін құрметті еңбек демалысына шыққанша абыроймен атқарды.

Ұлт ұясы Ұлытау өңірінде кіндігі кесілгенмен күллі өмірі қасиетті Қаратау етегінде өткен абыройлы өмір иесі Әлкен Жақыпбекұлы Жылқайдаровтың тұлғасын там-тұмдап таныстырған болдық. Сөз соңында ұлы Абайдан қалған ұлағатқа жүгінгіміз келеді. Ол кісі қалай деп еді?! «Сүйер ұлың болса сен сүй, Сүйінерге жарар ол» демеп пе еді? Ендеше, жүрген жерінде жұртына жақсылық жасаумен, туған жерінің қадірін арттыра білген Әлкен Жылқайдаровтың өміржолы бүгінгілерге де, кейінгілерге де — өнеге жолы болып қала береді. Ұлытау ұланымен, Қаратау қыранымен мақтануға әбден лайықты.

Абдолла ДАСТАНОВ

00:32
789

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020