«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақ даналығын ұраны еткен спорттық сауықтыру кешенінің «Үстел теннисі» үйірмесінің бапкер-жаттықтырушысы Ғалия Әбдіғаппарқызының бастамасымен «Ғарышкерлер» бульварына ағаш отырғызылды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына орайластырылған игі шараға жас теннисшілер мен олардың ата-аналары белсене қатысты. Бүгінде көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған «Ғарышкерлер» бульварында жайқалған шырша мен теректердің жанына егілген 10 түп көшет ертең-ақ тамырын тереңге жаяды. Өйткені, оны егіп, суарған бала көңіл солай деп тілек тіледі.
Ағаш отырғызудың басы-қасында жүрген қалалық тұрғын-үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің өкілі Роза Момышева:
–Жезқазған – біздің ортақ үйіміз. Оның тазалығы, көгалдандырылуы барша тұрғынға ортақ міндет. Сүйікті қаламызды жасылдандырып, экологиясын жақсартуға үлесін қосамын деген жас спортшылардың бастамасын қуана қабылдадық. Жастардың бұл бастамасы көпке үлгі, – деп шара ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.
Тәрбиелік мәні зор шараның куәсі болған ата-аналар қауымы бауыр еті баласын спортқа ғана емес сонымен бірге еңбекке баулып, олардың бойында патриоттық-адамгершілік сезімін қалыптастырып жүрген бапкер-жаттықтырушыға алғысын білдіреді.
Өз тілшіміз