​ВОЛОНТЕР ДАРЫН – ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ

Ең алғаш 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының биылғы байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Қарағанды облысы бойынша Қазақстанның 100 жаңа есіміне 6 адам енді. Олар  –  түрлі салада 5000-ға жуық үміткердің арасынан топ жарып шыққан дарындылар. Солардың бірі – «Медицина» номинациясында жеңіске жеткен Дарын Әбілжанов.

Ол Қарағанды медициналық университетінің интернатурасында оқиды. Ақ

халатты азамат ел басына төнген ауыр індет кезінде көпке көмегін аямады. Өз өмірін қатерге тігіп, коронавирус кезінде 2000-ға жуық науқастың дертіне дауа тапты. 2020 жылдың маусымынан бастап облыстық клиникалық ауруханада инфекциялық аурухананың қызметкері болып жұмыс істеді. Әр 14 күндік жұмыстың соңында волонтерлікпен айналысы. Осы уақытқа дейін волонтерлік қызметін тоқтатқан жоқ. Тұрғындарды ақысыз медициналық процедуралармен қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні оның қадағалауымен республикада коронавирустық инфекциямен ауыратын 600-ге жуық науқас сауығып, 1500-ден астам онлайн-консультациялар өткізілді.

Қазіргі уақытта Дарын медициналық қызметкерлер жинағының үйлестірушісі болып қызмет етеді. Оның басшылығымен 300-ден астам денсаулық сақтау маманы COVID-19-пен күреске қатысады.

Мен жеңімпаз боламын деп ойламадым. Себебі бір ғана медицина бойынша 500-ге жуық дәрігер өтініш білдірді. Олардың арасында доктор, профессор сияқты азуын айға білеген кілең мықтылар бар. Мен әділ қазылар мен халықтың дауыс беруінің арқасында 1500 дауыс жинап, өтіп кеттім. Мен коронавирус індеті кезінде халықты емдеуге көмектестім. Қазір «дәрігер-еріктілерді» тәрбиелеп жатырмын. Олар үй жағдайында ауырып жатқан науқастарға көмектеседі. Бүгінгі жеңіспен барлық жеңімпаздарды құттықтаймын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын. Мен дәрігер болғандықтан әрқашан еліме денсаулық тілеймін – деп марапаттау салтанатында ағынан жарылған Дарын Әбілжановтің еліміздің өркендеуіне қосар үлесі зор.

Диана ОРАЗАЛИНА

11:48
795

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020