​ҚҰЗІРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҚТАРЫ ҚҰРЫЛДЫ

Жастар жылы аясында қолға алынған «Жас маман» бағдарламасы негізінде кейбір колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Аталған мүмкіндік еліміздегі 600 колледж арасынан 180 кәсіптік колледжге бұйырған болатын. Олардың қатарында қаламыздағы Жезқазған политехникалық колледжі де бар.

65 жылдан астам уақыт техникалық және кәсіптік оқыту бойынша нарық сұранысына ие кадрлар дайындап келе жатқан оқу орнында 720 студент білім алып жатыр. «Жас маман» бағдарламасы аясында колледждің 0907000 – жылу жабдығы және жылумен жабдықтау жүйелері және 1401000 – ғимараттар мен үймәреттерін салу және пайдалану мамандықтарына арналған екі құзыреттілік орталығы жабдықталды.

Құзіреттілік орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Қайрат Әбсаттаров пен және Жезқазған және Сәтбаев қалаларының жылуэнергетикалық кәсіпорнының, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының, жылу энергетикалық орталығының, «Жезқазған түстімет» кәсіпорнының басшылары мен мамандары қатысты.

Жиын басында қонақтарға ашылған құзіреттілік орталықтарының маңызы мен міндеті жайлы мағлұмат берген колледж директоры Бота Аман Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдауға ие болып отырған колледж бен аталған мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге мол мүмкіндіктер алаңы ашылып тұрғанын, құзіреттілік орталықтары теория мен практиканы ұштастыруда айтарлықтай зор көмек тигізетінін жеткізді.

– Жезқазған политехникалық колледжінің қазіргі таңда қала тұрмысын түзеуде тұрғындар үшін аса қажетті мамандықтар бойынша «Жас маман» бағдарламасы негізінде қолдауға ие болып отырғаны – мысты шаһар үшін игілікті істердің бірі. Себебі, өздеріңіз білесіздер жылумен қамтамасыз ету, құрылыс салалары біздің қаламызда енді-енді қарқын алып келеді. Олқылықтрдың орнын алу мақсатында Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктеліп, тапсырмалар берілді. Аталған мамандықтар бойынша білікті мамандарға мұқтажбыз. Сол себепті сіздерден түлеп ұшқан мамандар жоғары деңгейде білім алып, аталған салалардың дамуына өз үлестерін қосуы қажет деп ойлдаймын, –деген қала әкімі Қайрат Бектайұлы жастарға қолдау тоқтап қалмайтынын, өз ісін жітік меңгерген білікті мамандар қашан да сұранысқа ие екенін атап айтты.

Қос құзіреттілік орталығының алғашқысы колледждің бас ғимаратында орналасқан. Мұнда білім алушы студенттер жылу жабдығы және жылумен жабдықтау жүйелері құзіреттілік орталығы негізінде жылутехникалық зертханалық кабинетінде, дәнекерлеу шеберханасында, гидравлика және су дайындау зертханалық кабинеттерінде тәжірибелік білімдерін жетілдіре алады.

Оқығанын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін келесі құзіреттілік орталығы колледждің 3-оқу корпусында орналасқан. Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану мамандығына сәйкес әзірленген орталықта білім алушылар сылау, сырлау шеберханасында үйдің іргетасын қалап, тас қалау, қаптау, сылау, сырлау жұмыстарын құрылыс алаңына бармай тұрып-ақ меңгеріп шығады. Оған қоса аталған мамандық бойынша геодезия құралдарының пайдаланылуы, ағаш өңдеу шеберхананасы да жұмыс істейтін болады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

12:45
1005

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020