Жезқазған қаласының 482 шақырымдық жылу желілері бар болса оның 61%-ы тозған. Қала тұрғындарын үздіксіз әрі сапалы жылумен қамту мақсатында 2018 жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жылу желілерін қайта жаңартудың І кезеңі басталды.
Үш жылға созылған жөндеу жұмыстары кезінде мердігер «АстанаИнжкомстрой» ЖШС 3,2 млрд теңгеге №3, 9 жылу магистралінің ұзындығы 5,8 км жылу құбырын ауыстырған. Аталған жоба аяқталысымен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жылу желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңі іске қосылды.
2022 жылға дейін жүзеге асырылатын ІІ кезекте ұзындығы 11,4 шақырым жылу құбыры ауыстырылмақшы. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Бүгінде мердігер «АлматыИнжстрой» ЖШС жұмыскерлері 4,3 км құбырды жаңалап үлгерген. Биылғы жұмыстарға республикалық қазынадан 1 млрд. 68 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда мердігер №9,11 жылу магистралінің Гагарин, Ғарышкерлер Қошқарбаев көшелері бөлігіне қажетті материалдарды толық жеткізіп, Сейфуллин мен Абай көшесі қиылысында, Асылбеков көшесінде жұмыс істеп жатыр.
Диана ОРАЗАЛИНА