Қарағанды облысында жақын арада туристер үшін бірегей нысан – «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені есігін ашады. Мұнда қонақтар қазақ халқының ежелгі тарихына еніп қана қоймайды. Кешен Алтын Орда дәуірін зерттеуге арналған ғылыми орталыққа айналады.
Өңір әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазғанға жұмыс сапары кезінде құрылыс алаңында болды.
Кешен кең аумақты алып жатыр – құрылыс алаңы екі жарым мың шаршы метрді құрайды. Көрме залы, қонақ үй қарастырылған. Тарихи кешеннің айналасында көрмелер мен ұлттық бұйымдар мен әшекейлерді сатуға арналған киіз үйлер мен шатырлары бар этноауыл пайда болады.
Облыс әкіміне жұмыстардың 90 пайызы орындалғаны баяндалды. Құрылысшылар қазір үй-жайлардың ішін әрлеумен айналысуда. Сондай-ақ, инженерлік желілерді қосу, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Кешеннің ауласында Жошы ханның бес метрлік гранит ескерткіші тұрғызылды.
Кешеннің ішінде дизайнерлер 3D форматында ежелгі қаланың жобасын жасайды. Оның базасында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, сондай-ақ оқушыларға арналған көшпелі тарих сабақтарын өткізу жоспарлануда.
Жеңіс Қасымбек Жезқазғандағы жаңа тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл қалада несиелік тұрғын үй беру үшін үш көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Тағы бір көпқабатты үйде жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін екі блок аяқталатын болады.
Екі көпқабатты үйді жеке инвесторлар салуда. Бұдан басқа, жеке тұрғын үй құрылысы дамуда.
Облыс әкіміне қаланы газдандыру және жылу желілерін жаңғырту туралы баяндалды, сондай-ақ апатты және ескі үйлер мәселесін шешу қалай ілгерілеп жатқаны айтылды. Биыл 24 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған.
Өңір басшысы Жезқазған жоғары политехникалық колледжіне барды. Оқу орнында оған болашақ құрылысшылар мен энергетиктерге арналған құзыреттілік орталықтары көрсетілді.