Қазақ халқы небір алмағайып күндерді бастан кешті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қиянатты, өте ауыр ғасыр болды. 1921-1930 жылдағы аштықтан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Кезінде ондай жағдай болмағанда, қазір қазақтың саны 50-60 миллионнан асып қалар еді. Одан кейін репрессия болды. 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды. Оның 25 мыңы атылды. Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиыншылықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүниежүзіне шашырап кетті» деген сөздерінен де аңғаруға болады. Десе де, халқымыз осы ар жол тайғақ кешуден еңсесі түсіп, тауы шағылмай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгідей бақытты, бейбіт күнге қолжеткізді. Осы ретте қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еселі еңбегі жайында айтпай кетуге болмас.
Нұрсұлтан Назарбаев алыстағы ағайынды Отан құшағына оралтып, қазақ тарихында алтын парақтар ашты. КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған 1991 жылдың қыркүйек айында республика Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барып, Ыстанбұлда қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Оларды көшіріп алуға уәде берді. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда тұрып жатқан қазақтарды елге қайтаруға қолұшын беруді өтінді. Президент бұл өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы ұшақ жіберіп, бірқатар бауырымызды атамекенге жеткізді. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Араға 15 күн салып 31 желтоқсанында Президент радиодан алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады. Хаттың қысқаша мазмұны: «Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!».
1992 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Құрылтайдың нәтижесінде «көші-қон» атты жаңа өрлеу жобасы пайда болды. Осылайша, алғашқы көш Моңғолиядан келді. 1991-1993 жылдар аралығында
Қазақстанға 10461 үй қоныс аударып үлгерді. Одан кейін алыс-жуық елдердегі ағайындар мен Қытайдағы қазақтар да келе бастады. Тарихи отанды аңсап жеткендердің ішінде өзім де бармын.
Мен Қытай халық республикасының Шыңжаң өлкесінің Іле аймағына қарасты Күнес ауданы Қарабура қалашығының Жылқы фермасында тудым. Біздің ауылдан қазақ жеріне қоныс аударғандар баршылық. Олардың қатарында 2010 жылы көшкен нағашыларым да бар. Олар бүгінгі таңда Алматы облысына қоныстанып, қазір бай-қуатты өмір сүруде. Мен аудандағы таныс қыздарға ілесіп, 2015 жылы Атырауға келдім. Х.Досмұхамет атындағы университетте сегіз ай бойы дайындық курсынан өттім. Қазақ тілі мен тарихын, математика мен физика пәндерін меңгердім. Одан кейін Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің тау-кен ісі және металлургия кафедрасын бітіріп, геолог атандым. Еңбекке араласып, өз отбасымды құрдым. Жолдасым Асан – Ташкенттің қазағы.
Ата қонысымда білім алып, өсіп- өркендеуіме, бақытты өмір сүруіме барлық жағдай жасаған, Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақтың сағынышын басқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына айтар алғысым шексіз. Ол ұлы көшке мұрындық болмағанда біз бүгінгідей жарқын өмірдің куәгері болуымыз екі талай еді.
Қазір өзінде әлемнің 43 мемлекетінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады екен. Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас елдерде. Мысалы, Қытайда 1,5 млн-нан астам қазақ өмір сүрсе, Өзбекстанда 900 мың. Ресейде 800 мың қаракөз ғұмыр кешіп отыр. Түркменстан, Моңғолия мен Қырғызстанда олардың саны аз емес. Оларды елге қайтару ісі әлі де өз жалғасын табатынына сенемін. Өйткені, Елбасының қай бастамасы болмасын – өміршең.
Нүрия НҮСІПХАН