Үстіміздегі жылдың ақпан айында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге ел ішіндегі кедейлік проблемасын ауыздықтау жөнінде депутаттық сауал жолдады. Онда ресми деректерге сүйенген халық қалаулылары Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 млн. 65 мың адамнан асқандығын алға тартады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейінің 21%-ға өсіп отырғанын көрсетеді. Бұл – ойланатындай күрделі жағдайдан көрініс береді. Үкімет тарапынан әл-ауқаты төмен жандарға қазіргі таңда қандай қамқорлық пен көмек жасалуда? Бұл тұрғыда ең әуелі ауызға аларымыз – атаулы әлеуметтік көмек. Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елімізде 135,7 мың отбасындағы 683,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалып, осы мақсатқа бюджеттен 122,8 млрд. теңге бөлініпті. АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде бұдан басқа еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың бірінші тоқсанында АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 162,4 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия топтамасы түріндегі әлеуметтік көмек жиынтығын алыпты. Осы тұрғыдағы шаралар кедейліктің қамытын мойынға ілген жандарды ұшпаққа шығара ала ма? Еліміздің шағын бір бөлшегі ретіндегі Жезқазған қаласындағы жағдай қалай болып жатыр? Кедейшіліктің зардабын тартып отырған жандарға көмек пен қолдауымыздың деңгейі қандай? Біз бұл өзекті тақырыпты көтеру барысында осы сауалдарға жан-жақты жауап іздеген едік.
АӘК алу алысқа апармайды
«Кедейшілік неден?» деп сұрапты біреу Төле биден. Сонда би: «Кедейшілік үш ағайынды. Оның тұңғышы – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқышылдық. Осы үшеуін бойына үйір қылмаған адам кедей болмайды», — деп жауап беріпті. Бұл енді бағзы заманнан алынған мысал. Қазір заман басқа, қоғам бөлек дегендей. Ал, қазіргі кездегі кедейліктің себебі неде? Жалқаулық, еңбекке ұмтылмау деп түйіп айту да қиын. Тәуелсіздігіміздің алаң-белең уақытында кедейшілікті өтпелі кезеңнің қиындықтарымен сабақтастырдық. Экономикалық құлдырау, еңбек нарығындағы қолайсыз жағдайлар бүгінде бұрынғы өткір күйінен арылғанымен, кедейшілік шегіне жеткен жандар азаюдың орнына, көбейіп бара жатқаны қалай? Ең төменгі күнкөріс деңгейіне жеткен отбасыларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету жылдар бойы әртүрлі деңгейде жасалып келеді. Мәселен, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінің мөлшерінен аспайтын адамға немесе отбасына ақшалай әлеуметтік көмек берілетіні белгілі. Қарағанды облысы бойынша 2021 жылдың екінші тоқсанында кедейлік шегіің мөлшері 22883 теңге болып белгіленіпті. «Жезқазған қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің басшысы Ләйла Әлкебаева атаулы әлеуметтік көмек беру жайын кеңінен айтып берді.
— АӘК төлеу ережесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгертілді. Әр отбасындағы еңбек ету жасындағы азамат міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс. Бала 3 жасқа толса анасы жұмысқа шығуы керек, 18 жастан асқан бала студент болса оқу орнынан анықтама әкеледі. Негізінен қазір әлеуметтік көмек тағайындау үшін бір ғана құжат – төлқұжат сұралады. АӘК әр тоқсан сайын тағайындалады. Кедейшілік шегіне жеткен отбасының жан басына шаққандығы табысын арнайы комиссия қарайды, үй жағдайындағы тұрмысын да тексереді. Қала бойынша АӘК төлеуге 2021 жылы 297,3 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 232 млн. теңгесі республикалық бюджет есебінен, 65,3 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен. АӘК алушылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет шеңберінде биылғы жылға 55,4 млн. теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері 283 отбасындағы 1252 адамға АӘК көмек тағайындалып, 41 947 мың теңге төленді. Мектеп жасына дейінгі балалар тамақ өнімдерімен ай сайын және тұрмыстық химия тауарларымен тоқсан сайын қамтамасыз етіледі. Азық-түлік жиынтығының құрамы 1-3 жас, 3-6 жас аралығына байланысты балалардың жас мөлшеріне қарай өзгереді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша жеңімпаз болған жеке кәсіпкер З.Р.Байтасова («Самаз» дүкені) кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықтармен ойдағыдай қамтамасыз етуде. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап кепілдік берілген әлеуметтік пакетті ұсынуды әлеуметтік қызметтер порталына көшіру жоспарлануда. Ауылдық округ әкімдіктері жанынан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Бұл арқылы интернетке қол жеткізе алмайтын АӘК алушылар кепілдік берілген әлеуметтік жиынтықты алуға тапсырысты рәсімдей алады. Сондай-ақ, биылғы екінші тоқсаннан бастап АӘК алуға өтінішті «электрондық үкімет» порталы арқылы беруге қол жеткізілді. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында мамандар кеңес береді, порталды қолдануды білмейтіндерге қызметті рәсімдеуге көмектеседі, — дейді Л.Б.Әлкебаева.
Бұл енді күнкөріс жағдайы төмендеп, кедейлік шегіне жеткен жандарға Үкімет тарапынан жасалып отырған негізгі көмек болып табылады. Бүгінгі қоғамда қалайда АӘК алуды мақсат тұтып, әртүрлі қитұрқы әрекеттерге баратын адамдардың да бар екенін естіп жүрміз. Ал, кейбір тұрмыстық ахуалы төмен, мұқтаждықпен ғұмыр кешіп жүрген жекелеген жандар жүрекжалғар мөлшердегі осы көмектің өзінен тыс қалып жатуы да мүмкін. Осының бәріне «екі қолға бір күрек» дегендей, адамның қабілет-қарымына лайықты жұмыстың болмауы, айлық табысының төмендігі себеп болып отырғаны анық. Алайда, АӘК-ке арқа сүйеу де алысқа апаратын тірлік емес. Заманға икемделетін кез жетті. Сондықтан, бірыңғай Үкіметке ауыз ашып, әрекетсіз отыра бермей әркім өзіне лайықты өмір сүру жағдайын жасауға, әл-ауқатын жақсартуға ұмтылғаны да жөн.
«Балық берме, қармақ бер»
Халықтың кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке кері әсер ететін факторға жатады. Ендеше елдегі кедейліктің деңгейін төмендету үшін тұрақты экономикалық өсуді жолға қоюымыз қажет. Ел экономикасының дамуына кедергі келтіріп отырған қоғамдағы дерттің бірі – сыбайлас жемқорлық екені жиі айтылуда. «Жемқорлық жаппай жайламаса еліміз бұдан да әрмен гүлденер еді», — дейді жұртшылықтың пікіріне құлақ түрсеңіз. Ол да қисынды. Сонымен қатар, Үкіметтің халықты жұмыспен қамту, шарықтап тұрған инфляцияны ауыздықтау, төменгі жалақы мөлшерін көтеру сияқты әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыруына да қарайлап жүрген қараша халықтың жағдайы тікелей байланысты. Жалпы орайын тапқан жанға бұл бағытта да мемлекет тарапынан жасалып отырған біршама қолдаулар бар. Үкіметтің әсіресе, жастарды еңбекке тартудағы жақсы бағдарламалары аз емес.
«Балаңа балық берме, қармақ бер» деген бір тәмсіл бар емес пе. Сол айтқандайын, әл-ауқаты төмен азаматтарды шағын несиемен қамтамасыз ете отырып өз кәсібін ашып, бизнес-сауатын игеруіне жол ашудың маңызы зор. Бұл тұрғыда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Жезқазғанда жүзеге асырылған істерді алға тартуға болады. Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығына өткен жылы жастардан 1593 өтініш түссе, биылғы жылдың өткен мерзімінде 526 өтініш түскен екен. Мәселен, бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық-кәсіптік біліммен және қысқа мерзімдік кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 2020 жылы 23 адамға жолдама берілсе, олардың 22-сі курсты ойдағыдай аяқтапты. Қысқа мерзімді оқыту курсына биыл 3 адам жіберіліп отыр.
Бағдарламаның екінші бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша өткен жылы 77 адам грант ұтып алды. Биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінің оқуына жіберілген 20 адамның 7-і грант ұтысына ие болды. Үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағдарламасы бойынша өтініш берушілердің 289-ы тұрақты жұмысқа орналастырылып, 27 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 19 адам жастар практикасына, 111 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал, өткен жылы 1162 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, әлеуметтік жұмыс орнына — 71, жастар практикасына – 155, қоғамдық жұмыстарға 410 адам тартылған еді. Сонымен қатар, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер мен жұмыс іздеген жастар 29 жастан аспаған жағдайда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылады. Бұл ретте жұмыспен қамту орталығы олардың бірінші жылындағы жұмысы үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Субсидия мөлшері айына жиырма айлық есептік көрсеткішті яғни бүгінде 58340 теңгені құрайды. Бұл жаңа жоба бойынша колледждер мен жоғары оқу орнының түлектерін, көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларын және еңбекке қабілеті бар мүгедектерді жұмысқа орналастыруда басымдылық беріледі.
Иә, еңбек етем деген жастарға жол ашық, мүмкіншіліктер де көп. Мемлекеттің бағдарламалары бойынша кәсіп ашуға гранттармен қатар қайтарымсыз несиелер де қарастырылған. «Атамекен» белгілі бір кәсіпті меңгеруге оқытады.
— Алайда, жастардың көбісінің грант алуға да, қосымша мамандық меңгеруге де талпынысы өте төмен. Жұмыс берушілер тарапынан да жұмысқа шақыру аз емес. Instagramm, facebook әлеуметтік желілеріндегі хабарландыруларды қарасаңыздар көруге болады, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа шақырушылардың қаншама екенін. Біз көбінесе кәсіби мамандықтар бойынша оқыту үшін тиісті адамдардың санын толтыра алмай жатамыз. Көгалдандыру, көше тазалығы сияқты қоғамдық жұмыстарға да белсеніп тұрған жастар табылмайды. Көп адам одан да мекемелерге хат-хабар таситын курьерлікті тәуір көреді, — дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйла Батырқызы.
Масылдық мамандық таңдаудан басталады
Неге дейтін болсақ, бүгінгі жастардың көбі офисте отырғысы келеді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді жөн көретіндердің де қатары аз емес сыңайлы. Еңбек тәжірибесінің жоқтығына қарамастан көбісі бірден жоғары жалақы тапқысы келеді, төмен айлыққа барғысы келмейді. Осыдан барып ата-анаға масыл болып, әр нәрсенің басын бір шалып, босқа жүретін жастар көп. Жастардың жұмыссыздығын анықтап, оны азайту үшін NEET санаты қолданысқа енгізіліп, оқымайтын және жұмыс іздеп өз орнын табуға талпынбайтындарды яғни дүбәра күй кешетін маргиналдыққа бейім жастарды анықтау міндеті алға қойылған еді. Соған орай, Үкімет «18-29 жас аралығындағы NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын бекіту туралы» қаулы қабылдаған болатын. Бірақ, осы шара іс жүзінде түпкі мақсатына жеткізілмей келеді. Бұл мәселе – жастар саясатының да негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс. Дүбәра жастарды қоғамдық өмірдің ортасына бейімдеп, қатарға қосу да оңай емес. Осы тұрғыда жастар саясаты орталығының да белсенді іс-қимыл танытуына тура келеді.
Жоғарыда Төле бидің даналық сөзінде айтылғандай, кедейлік – жалқаулықтан, еңбекке ұмтылмаудан туады. Олай болса, бүгінгі беталды сенделген, жалқау жас ертеңгі қоғамның масылына айналып, кедейліктің кебін кимесіне кім кепіл? Жалпы жастардың өмірден өз орнын таппай, әр нәрсенің басын бір шалып жүруінің басты себебі әуелде мамандықты дұрыс таңдамауынан болып отыр. Әйтеуір оқу керек деген ниетпен оқуға барады да бітірген соң мамандығы көңілінен шықпай жатады. Немесе қоғамда ол мамандыққа сұраныс аз болып шығады. Осы мақаланы жазуға дайындық барысында белгілі бір орынға тұрақтай алмай, екі ойлы болып жүрген бірен-саран жастармен де пікірлескен едік. Шаштараз, тігінші мамандықтары бойынша оқыған жастар «тұрған жұмысымыздағы еңбекақымыз 30 мыңнан аспаған соң одан шығып кеттік» дейді. Әрине, бұл салаларда істеген еңбегінің, дайындаған өнімінің көлеміне сай еңбекақы төлейтіні белгілі. Мәселен, табысы жоғары болу үшін тіккен бұйымы көп, әрі сапалы болуы керек. Әуелде тігінші болуға бел байлағанда осыны жан-жақты ойлап, қалаған мамандығына құштарлықпен барған адам ғана жақсы нәтижеге жетеді. Жастар осы жағын көп ескере бермейді. Құрылысты ауырсынып, өндірісті қиынсынып біраз жас түлектің екі қолын қайда сыйғызарын білмей босқа жүргенін де көрдік. Кезінде Үкіметке көз сүзіп, әлеуметтік көмек, жәрдемақы алумен күн кешкен отбасыларының да осы жағдайға әсері тигенін жоққа шығаруға болмас. Сондықтан баланы жастай еңбекке баулудың да маңызы зор.
Қалай десек те, кедейлік – қазіргі таңдағы қоғамның үлкен проблемаларының бірі. Парламент мінберінен депуттатардың назар аударып, тиісті мәселе көтеруі де осының айғағы. Бұған Үкімет тарапынан жан-жақты көңіл бөлінетін шығар деп үміттенеміз. Бүгінгі күнде көңілге медеу тұтып отырған атаулы әлеуметтік көмек төлеу экономикалық дағдарыс дендеп тұрған кезеңде күнкөрісі тығырыққа тірелген жандарды аса алысқа апармайды. Ол үшін мемлекетіміз кедейшілікті ауыздықтаудың нақты іс-шараларын белгілей отырып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруде тиімділігі жоғары кешенді бағдарламаларды қолға алуы керек.
Амандық РАХҰЛЫ