Аспан көгінде еркін қалықтай ұшып, биікті бағындыру кім кімнің болса да арманы. Қайтпас қажыр қайратының арқасында осы арманын ақиқатқа айналдырған жандардың бірі — Ардана БОТАЙ. Ол — биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Қарағандының авиациялық базасындағы аға лейтенант Ардана Ботайдың жұмысына кез келген адам қызыға қарайтыны рас. Авиациялық эскадрильяның аға ұшқыш-жойғыш лауазымында ерлермен тең дәрежеде жұмыс істеп жүрген жалғыз нәзікжанды Ардана елінің қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуден, тынымсыз ізденуден жалыққан емес.
Алғаш МиГ-29 ұшағының суретін көріп, әскери ұшқыш болсам ғой деген ойға кеткен ол мектепті бітіре сала Ақтөбедегі Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында оқуға құжаттарын тапсырған. Дегенмен институттан құптарлық жауап алмаған Ардана Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына құжат тапсырады. Осылайша әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану мамандығын меңгеріп шыққан ару бұнысымен тоқтап қалмай, қалай да әскери салада қызметін жалғастыруға бел буады. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік авиация орталығында ұшудың қыр-сырына қанығып, TL-2000, Tecnam P-2002, Diamond DA42 екі қозғалтқышты аса жеңіл ұшақтарын жүргізуді үйреніп шыққан.
Қазіргі уақытта Ардана Ботай «Су-30СМ» жаңа буындағы жойғыштарында ұшады. Оның жұмысына ешқандай ауа райы кедергі келтірген емес. Әуеде жау ұшақтарын құлатып қана қоймай, жердегі нысандарды да дәл көздеп жоя алатын ол бұл жұмысын ешқашан қиын көрген емес. Керісінше жаңа әдіс-тәсілдерді үйренуге, білім-білігін жетілдіруге құштар. Еліміздегі жалғыз ұшқыш-жойғыш арудың бағындырар биіктері әлі де алда.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН