Биыл облыс әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған «Алтын сұңқар» сыйлығы он бесінші мәрте тапсырылмақ . 2006 жылдан бастап аймақтағы қалам ұстаған қауымды қолдау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың бүгінде қоғамдағы беделі зор.
Бүгінгі күнге дейін облыс әкімінің сыйлығына 202 журналист пен 6 бұқаралық ақпарат құралдары ұжымы ие болды.
Марапатталғандар қатарында ардагер қаламгерлер қарасы қалың. Осы күнге дейін 22 бұқаралық ақпарат саласының ардагері «Алтын сұңқарға» иелік етті. Мұнда Мәлік Имашев, Екатерина Кузнецова, Мағауия Сембай, Галина Рахимова, Сағат Батырханова, Айқынбек Несіпбай, Сергей Высокосов, Сүйіндік Жанысбай, Аман Жанғожин, Батырбек Мырзабеков және тағы басқа танымал тұлғалардың есімдерін мақтанышпен айта аламыз.
Ал, марапат биігіне көтерілген ұжымдар арасында «Қазақстан» РТРК Қарағанды облыстық филиалы, Балқаш қаласындағы «Өркен-media» телеарнасы, «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысындағы тілшілер қосыны, Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасы, Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газеті және Қарағандыдағы «5 арна» телеарнасы бар.
Байқау жеңімпаздарына тапсыратын жүлде көлемі де қомақты. Басқаудың басты сыйлығы – «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы. Жүлде сомасы – 1 млн. теңге. Бұл сыйлық ұзақ жылдар бойы журналистика саласында тер төгіп, аймақ журналистикасын өркендетуге зор үлес қосқан қаламгерге немесе бұқаралық ақпарат құралдары ұжымына беріледі.
Бұдан бөлек, жеңімпаздар он номинация бойынша марапатталады. Яғни, журналистер «Мамандыққа адалдық үшін», «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін», «Объектив шебері», «Ауыл тақырыбын үздік жариялау», «Әлеуметтік тақырыптағы ең үздік жарияланым», «Өндірістік тақырыпты үздік жариялау», «Алғашқы жетістіктері үшін», «Жылдың ең үздік шығармашылық жұмысы», «Мәнер мен атқарымдылық үшін» және «Еңбек адамы» тақырыбын үздік жария еткені және насихаттағаны үшін» номинацияларында марапатталады.
Биыл бұл номинациялардың әрқайсының сыйлық мөлшері 500 мың теңгені құрайды.