Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін облыс тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді. Облыстық С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ғимаратында өткен кездесуге ҚР Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов, Президент әкімшілігі ұйымдастыру-аумақтық бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.
Облыс басшысы баяндамасында өткен жылы облыс аумағында атқарылған жұмыстар сараланып, қолға алынған ірі жобалар мен жаңа бастамалар сөз болды. Көпті толғандырған проблемалар мен оларды шешу бағытындағы талпыныстар да айтылмай қалмады. Әлеуметтік көмек, үш ауысымды мектептер, кәсіпкерлікті дамыту, экология мен руханият, коммуналдық саладағы күрделі мәселелердің жайы рет-ретімен айтылып, облыс басшылығы қолға алғалы отырған жаңа жобалар туралы қалың көпшілік хабардар болды.
— Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен біз бастауыш сынып оқушыларын отбасының материалдық жағдайына қарамастан кезең-кезеңімен ыстық тамақпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдадық. Бірінші және екінші сыныптар биыл 1 қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал, 2021 жылы – үшінші, 2022 жылы — төртінші сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің баяндамасында Жезқазған-Ұлытау өңіріне қатысты да бірқатар бастамалар көрініс тапты. Мәселен, көптен бері шешілмей келе жатқан Жезқазған-Қызылорда бағытындағы автокөлік жолының мәселесі түбегейлі шешілуге бет алған сияқты.
— Жезқазған-Қызылорда жолын қайта құрылымдауға қатысты қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму жылдың алғашқы жартысында құжат дайын болады, маусымда жобалық құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп, күзге дейін мердігер де анықталып, жұмыс басталады, — деді Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында.
Сондай-ақ, облыс басшысы Жезқазған-Қарағанды аралығындағы жолдың да төрт жолақты етіп кеңейтілетінін, құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталатынын жеткізді.
Жеңіс Махмұдұлы сонымен бірге Алтын Орданың 750 жылдығы мен туризмді дамыту бастамасы аясында Жезқазған аймағындағы тарихи орындар маңайында инфрақұрылымды дамыту ісі қолға алынғанын жеткізді. Атап айтқанда, Алаша хан кесенесіне апаратын жол жөнделіп, Жошы хан кесенесіне баратын жол жаңадан салынады. Сонымен бірге, облыс есебінен Жезді, Қарсақбай бағытындағы жолдар да жөнделетін болады. Бұл жоспарлардың барлығы бекітіліп, тиісті қаражат қарастырылған. Көктем туа кідірмей қолға алынады.
Жиында облыс тұрғындары да көкейде жүрген сауалдарын облыс басшысына өз ауыздарымен қоюға мүмкіндік алды. Жезқғазған қаласынан бейнеконференция арқылы сұрақ қойған Л. Күнеділова туризмды дамыту бойынша шаралардың жай жапсарын сұраса, А. Есен былтырғыдай апат қайталанып, қала халқы тағы ауыз сусыз қалмай ма деген қаупін жеткізді. Облыс басшысы аталған азаматтардың алаңдаушылығына алғыс білдіріп, толыққанды жауап берді.
— Ұлытауда үлкен визит орталық пен музей салынуда, Жошы хан кесенесінің айналасы жақында жаңа кейіпке енеді. Жолдар жөнделетінін айттық. Үлкен жоспарлар бар, ол жоспарларға републикалық, облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған. Ал, ауыз су мәселесіне келсек, Үйтас-Айдостан тартылған құбырды толық жаңалау жөнінде «Қазақмыс» корпорациясымен келісім бар. Жөндеу жұмыстары кезінде Кеңгір су қоймасынан су алуға мүмкіндік беретін қосымша құбыр тартылып жатыр. Жақын уақытта ауыз су мәселесін толық шешеміз, — деді облыс басшысы.
Өзге аймақтардан да азаматтар Жеңіс Махмұдұлына сауалдар жолдап, салмақты жауаптар алды.