Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров бастаған аға буын мен қоғам белсенділері тоталитаризм құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
–Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы да болса, тарихи шындық. Миллиондаған өмірді қиған ашаршылық қасіреттің артынша басталған жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары да миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Сіз бен біздің, келер ұрпақтың ендігі парызы – бүгінге жетіп отырған құндылықтарымызды бағалай білу, оған жету жолында құрбан болған боздақтардың ерлігін ұмытпау, тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудалаудың салдарынан түрмеге қамалып, артынша ату жазасына кесілген қазақтың зиялыларын құрмет тұту» – деді қала әкімі жиында.
Одан әрі қала басшысы ескерткіш басында «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев бастаған қаланың белсенді азаматтарымен пікір алмасты. Рамазан Құрманбаев кезінде миллиондаған қазақтың көзін жойған жолдан жасалған қырғынды «геноцид» деп бағалау керектігін алға тартып, ескерткіш тақтасында жазылған «қуғын-сүргін құрбандары» қатарына ашаршылық құрбандарын да қосуды сұрады.
Одан әрі тағзым ету «Степлагтың» азабын тартқандарға арналып қойылған ескерткіш белгі басында жалғасты. Тарихқа үңілсек, 21 мыңнан астам адамды қамап ұстаған лагерьде 40-қа жуық ұлттың өкілі бар болған. Олардың 500-ге жуығы ауыр азаптан жан көз жұмған. Бейбіт заманда тарихын түгендеген халық өкілдері Жезқазғанға келіп, жалған жаламен елінен айдалған ата-бабасына ескерткіш қоюды қолға алған. Алғаш болып 1999 жылы тұтқында болған 2 мың отандасына арнап литвалықтар тақта орнатса, кейінгі жылдары бұл үрдісті Россия, Украина елдері жалғады. Биыл Израиль үн қосыпты. Мысты өлкеге арнайы жеткен Қазақстан Республикасындағы Израиль мемлекетінің Төтенше және Өкілетті елшісі Лиат Вексельман Қайрат Бектайұлымен бірге ескерткішті ашты.
–Қазақ халқы қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен елінен қуылған біздің ата-бабамызды құшақ жая қарсы алды. Соңғы үзім нанымен бөліскенін біз, бүгінгі ұрпақ жақсы білеміз. Осы ізгі қасиеттеріңіз үшін Сіздерді құрметтейміз, Сіздерге бас иеміз, – деп ағынан жарылған елшіден кейін сөз кезегін Нұр-Сұлтан қаласының бас равині Шмоэль Карнаух: «Адамдарды қайғы, кек пен қуаныш біріктіреді. Қайғыны бөлісіп, тілі мен діні бөлек халықтады бауырына басқан қазақ халқы алдында біз мәңгі қарыздармыз. Еврейлер сан қудалауды бастан кешірді. Бірақ, қазақ көрсеткен қамқорлықты бұрын соңды сезінбеді. Тәуелсіз Қазақстанның жылдан-жылға нығайып, даңқы артып жатқаны қазақтың зұлмат жылдары жасаған жақсылығына Тәңірдің берген сыйы деп білемін. Енді біздер тек қуанышта бірігетін боламыз», – деді.
Бұл күні Ахмет ишан Оразайұлы атындағы қалалық мешіт пен Әулие апостол Андрей Первозаванный атындағы шіркеуде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары арналған діни рәсімдер өтті.