Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны Жезқазған қаласында 2021 жылдың наурызында басталды. Алғашқылардың бірі болып вирусты жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал тобы, яғни медицина саласының қызметкерлері екпе салдырды. Олардың қатарында жедел медициналық көмектің, жансақтау бөлімі мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің қызметкерлері, сондай-ақ аурухананың қабылдау бөлімі мен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның ұжымы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары бар. Екінші кезекте білім саласының қызметкерлері қамтылса, одан кейін созылмалы аурулары бар қала халқы мен құқық қорғау, өндіріс саласының ұжымдарына вакцина салынды.
Бастапқыда келушілерге Ресейде шығарылған «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасы салынса, қазір қолданыста Біріккен Араб Әмірліктерінің Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған «Hayat-Vax» вакцинасы да бар. Вакцина алуға ниетті азаматтар вакцинаны өз еркімен таңдайтынын айта кеткен жөн болар. Күні бүгінге дейін Жезқазған қаласына «Спутник V» вакцинасының І компоненті 15430 дана көлемінде түсіп, оның 13640 данасы егілді. ІІ компоненттің 10900 данасы келіп, 9640-ы салынды. «Hayat-Vax» вакцинасының І компоненті 1101, ІІ компоненті 1100 дана көлемінде жеткізілді. Араб вакцинасының алғашқы компонентімен 1052 тұрғын егілсе, екінші компоненті 84 азаматқа салынды. Бізге жеткен отандық QazCovid-In вакцинасының 10 дозасы да тұрғындарға салынып үлгерілді.
Осылайша, Жезқазған қаласында вакцина алуы тиіс деп жоспарланған 49643 тұрғынның 14702-сі ғана екпе алған. Жоспарланған цифрге жеткен кезде жезқазғандықтарда ұжымдық иммунитет қалыптасады деп күтілуде. Осы ретте жезқазғандық кәсіпкерлер Е.Кенжебеков пен С.Төлеуов вакцинациялау науқанына қарқын беру мақсатында акцияға демеушілік танытты. Сөйтіп, 20-22 маусым аралығында вакцина алған тұрғындарға азық-түлік себеттері, 22-25 маусым аралығында екіггендерге 5 мың теңгелік сертификат тапсырылды. Вакцина алғанын растайтын паспорты барлар 22 маусымда сатып алған азық-түлігіне 15 пайыз жеңілдік алды.
Қазақстанда кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау адамның келісімімен жүргізіледі. Вакциналаудан бас тартқан адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды. Дегенмен, күллі әлемді уысында ұстап отырған індеттен құтылудың бірден-бір жолы вакцина екенін ұмытпаған жөн.
Вакцина 21-45 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізеді. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Коронавируспен ауырып жазылғаннан соң екпе 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет. Коронавируспен жақын контакт болған пациенттерге, 18 жасқа дейінгі балаларға вакцинаны қолдануға болмайды. Жедел аурулар (тонзилит, фарингит, бронхит, пневмония т.б.с) және созылмалы аурулардың өршуі кезінде екпе салуға болмайды. Сондай-ақ, аутоиммунды аурулармен ауратын науқастарға, ауыр аллергиялық реакцияны басынан өткерген пациенттерге (қандайда бір вакцинациядан кейін дене температурасы 40 С, естену тану жағдайлары болса) қарсы көрсетілімі бар. Онкологиялық арулары барларға вакцинаны мүлде салуға болмайды.
Азаматтық белсенділік танытып, өзін және жақындарын тәжтажалдан қорғаймын дейтін қала тұрғындары аурухана қалашығында орналасқан таңғы сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс жасайтын вакцинациялау орталығына барып, өз қалауы бойынша «Hayat-Vax» немесе «Спутник V» вакцинасын салдыра алады.
Өз тілшіміз