Қоғам мен қатар тыныстап, әр түрлі ақпараттар легінде, мыңдаған адамдар, сан алуан тағдырлар тоғысында халықтың мұң-мұқтажымен бөлісіп, жоғын түгендеп, өз мүддесін кейінге қалдыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласы мамандарының еңбегі ерен. Тұрғындар әлеуетін кеңейтіп, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан тануға болысатын, кез келген деректен хабардар, барлық саланы бір адамдай білетін бесаспап жезқазғандық сала мамандары 28 маусым – байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келген апта басын қуанышпен қарсы алды.
Карантин талаптарына сай офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған жиынға қала әкімі Қайрат Әбсаттаров қатысып, мысты шаһар журналистикасын алға сүйреп жүрген барша сала мамандарына алғысын білдірді.
– Қазіргі таңда жезқазғандық БАҚ-та 30 журналист, 15 дизайнер, 10 бейнеоператоры және корректорлар, эфир техниктері, фотографтар, режиссерлер еңбек етуде. Журналист – қызығы мен шыжығы мол ерекше мамандық. Сараптамалық зерттеу жүргізіп, талдау жасау, әрбір оқиғаға жан-жақты баға бере отырып, тараптар пікірін ескеру, ақиқаттан айнымау, өз ойын дәлелді, сауатты әрі анық жеткізе білу – журналистің бойынан табылуға тиісті басты қасиеттер. Бүгінгі ақпараттану дәуірінде журналистер үшін жедел хабар тарату, АКТ-ны жітік меңгеру аса маңызды. Осы үдеден шығып отырған барша сала мамандарын мерекемен құттықтаймын. Қаламдарыңыз қарымды, шабыттарыңыз телегей болсын! – д еген қала әкімі 2020 жылдың басынан басталып, бүгінге дейін жалғасқан қауіпті індет оқырман мен көрермені үшін үзіліссіз еңбек еткен журналистер жұмысына арнайы тоқталып, жоғары бағасын берді. Ізгі ілтипатқа толы шара одан әрі марапаттау рәсімімен жалғасты.
Алғашқы болып марапат алаңына тележурналистика саласының ардагері Мақсұт Сексенбаев пен «Жезказганский вестник» газетінің бас редакторы Эльвира Алпанбаева көтеріліп, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын еншіледі.
Биылғы Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамотасы «Saryarqa» газетінің бас редакторы Дархан Мұхан мен «Жезказганский вестник» газетінің дизайнері Феодосия Христофоридиге табысталды.
Қала әкімінің Алғыс хаты «Жезказганский вестник» газетінің фототілшісі Виктор Шавнев пен «Saryarqa» газеті жанындағы «Saryarqa.info» сайтының модераторы Аяжан Тілекке, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Әбдіраш пен «Индустриальная Караганда» газетінің меншікті тілшісі Юлия Пулинаға бұйырды. Әкім Алғыс хатымен марапатталғандар қатарында әлеуметтік желіде қала тыныс-тіршілігіне қатысты өткір де өзекті мәселелерді көтеріп жүрген блогерлер Валерий Фомин мен Светлана Оңғарбаева да бар.
Жыл сайын аталған мерекеде үздік деп танылған ақпарат саласының абадандары арнайы номинациялар бойынша іріктеледі. Жылдағы дәстүрге сай биыл да үздіктер шеруі түзіліп, марапат иелеріне 120 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Қала әкімінің «Ақпарат айнасы» номинациясы мен «Дидар» телеарнасы ұжымына бұйырса, «Байыпты басылым» аталымын «Saryarqa» газеті редакциясы қанжығалады. «Насихат» номинациясын «Жезказганский вестник» газеті, «Оқырман серігі» номинациясын «Подробности» газеті, «Өндіріс жаршысы» номинациясын «Мысты өңір» газеті алды. Биыл ашылғанына 5 жыл толған тарихи-танымдық «Ұлытау және ұлт» журналы ұжымы «Руханият» номинациясын иеленді.
Ерек қаламгерлік қарымы, көп жылдық мол тәжірибесі арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған абадан журналистер Жезқазғанда да баршылық. Жастарға жанашырлық танытып, жөн сілтеп жүретін «Saryarqa» газетінің тілшісі Амандық Рахұлы мен биыл жетпістің желкенін бағындырған «Подробности» газетінің бас редакторы Нина Барбутько «Мамандық майталманы» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 120 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН