​АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫ – ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұған дейін жанама түрде, яғни аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының таңдауымен сайланып келген ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы ұсынысын білдірген болатын. Азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттырып, халықтың билікке деген сенімі мен әкімнің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру, ашық түрде есеп беруін күшейту және Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік беретін осынау таңдау үдерісінде биыл Қарағанды облысы бойынша 201 ауылдық деңгейдегі әкімнің 75-ін жаңадан сайлау жосарлануда. Жезқазған аймағы бойынша Талап елді мекенінің әкімін тұрғындар өздері таңдамақ. Аталған сайлау науқанына дайындық барысы туралы толығырақ хабардар болу мақсатында Жезқазған қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт БИТЕНОВАНЫ әңгімеге тарттық.

– Бақыт Рахманқызы, елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі алғаш 2013 жылы жүзеге асырылған еді. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биыл бұл үрдіс қайта жанданып отыр. Мұның ауылдық елді мекендерде ел игілігі үшін аянбай адал әрі әділ түрде қызмет ететін ең лайықты басшыны таңдаудағы ықпылы қаншалықты деп ойлайсыз?

– Әкімдерді сайлау – демок­ратияны ны­ғайту, жергілікті халық­тың билікті бақы­лаудағы рөлін арттыру, сон­дай-ақ дамы­ған елге айналу жолындағы маңызды қадам. Ел бесігіне айналған ауыл әкімдерін сайлаудың жөні тіптен бөлек дер едім. Белгілі бір аймақтағы басшыны сол жер тұрғындарының өзі сайлауы дамыған елдер тәжірибесінде көптеп кездеседі. Бұған басты мысал ретінде АҚШ-ты алып қарауға болады. Аудандық немесе қалалық мәслихаттағы бірнеше адамның шешімінен гөрі сол жер тұрғындарының өз ауылдарын алға сүйреп, мәртебесін биіктетер, сенім артуға болатын азаматты өздері дауыс беру арқылы таңдауы – ең дұрыс шешім. Сол себепті де біз аталған бастаманы дер кезінде көтеріп, тұрғындар таңдауына мүмкіндік берген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқанымыз абзал. Мемлекет басшысының бұл шешімі халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға, әкім сайланған кейін тұрғындармен бірлесе өнімді жұмыстар атқаруына жол ашпақ.

– Биыл Талап елдімекенінің әкімі сайланбақ. Ауыл әкіміне үміткерлер қалай іріктеледі?

– Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасымен ауыл әкімдерін сайлау осы жылдың шілде айының соңғы 10 күні ішінде өтуі тиіс деп белгіленген болатын. Осының негізінде сайлау өтетін күн нақты белгіленді. Ауыл әкімдерін сайлау шілденің 25-і күні өтеді. Әкім болуға үміткер 25 жастан асқан, мемлекеттік қызметте кем дегенде 2 жыл жетекшілік қызмет атқаруы шарт. Сот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған және сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам кандидат бола алмайды.Ауыл әкіміне үміткер сол елді мекеннің немесе аймақта тұрғылықты тіркеуде болуы қажет. Белгілі бір жердегі ауыл әкімдігіне сол облыстың өзге аудандарынан немесе еліміздің басқа облыстарынан үміткерлер тіркеле алмайды. Мысалы Талап елдімекенінің әкімі болуы үшін үміткер не Талаптың немесе Жезқазған аймағының тұрғыны болуы шарт. Сондай-ақ бұл жолғы сайлауда бекіту талондары болмайды. Яғни, өзге өңрлерде жүрген Талап ауылының тұрғыны сол жердегі сайлау учаскесі арқылы дауыс бере алмайды. Ауыл әкімін сайлау үдерісіне атсалысып, таңдау жасағысы келетен тұрғын Талап елдімекеніне келіп, осындағы № 240 сайлау учаскесіне барып дауыс беруге міндетті. Келесі жылы Кеңгір мен Теректі ауылдарының әкімдері сайланатын болады. Міне сол кезде Теректіде жүрген Кеңгір тұрғыны мен Кеңгірде жүрген Теректі тұрғындары тұрғылықты жерінің әкімдерін бекіту талондар арқылы сайлау құқығын пайдалана алады.

Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Әр саяси партия бір ғана кандидат ұсына алады. Бұл жолғы сайлауда әкім болуға үміткер өзін-өзі ұсына алады. Ол үшін сол ауыл халқының өз кандидаттығын қолдайтындығын растайтын 1 %-дық қолын жинауы қажет. Сайлау болуы үшін кем дегенде үш үміткер додаға түсуі шарт. Кандидаттардың өтініші қабылданғаннан кейін республикалық мемлекеттік қызметтер агенттігі әкім болуға ниеттілердің құжаттарының дұрыстығын тексерістен өткізеді. Тексеріс толық жүргізіліп, оң нәтижесін бергеннен кейін ғана кандидаттар іріктеліп, сайлауға дайындық жұмыстарын жүргізулеріне болады. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары, тіркелген кандидаттар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сайлауға дайындық жүзеге асырылады. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Әкімге тиісті куәлік табысталады. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталатынын айта кеткеніміз жөн.

  • Сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Біз сайлау туралы барлық ақпараттарды дер кезінде әкімдіктің ресми сайтына, әлеуметтік желі парақшаларына және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап отырмыз. Әзірге «Nur Otan» партиясынан бір үміткер ұсынылды. Іріктеу толық аяқталғаннан кейін арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, кандидаттар тізімін бекітуге рұқсат береді. Содан кейін ғана олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады. Талап елдімекенінде № 240 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Сайлау 25 шілде күні таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Мен барлық 18 жастан асқан талаптық сайлаушыларды дауыс беруге шақырамын. Биылғы ауыл әкімдерін сайлау бюлетенінде «Бәріне қарсымын» деген тармақ болады. Соған сай үміткерлер тізімі арасынан әкім болуға лайықтыны кезіктірмесеңіз ешкімді де таңдамай, бәріне қарсылығыңызды білдірсеңіз болады. Сіздердің әрқайсысыңыздың таңдауларыңыз өздеріңіздің кіндік қандарыңыз тамып, дүниеге келген, бүгінде тұратын ауылдарыңыздың болашағына тікелей әсер ететінін естен шығармағандарыңыз абзал. Ауылын өркендетіп, гүлдендірер, көркейтер әкімге дауыс беріп, білікті басшыны сайлау – әрбір жауапкершілігі мол азаматтың міндеті деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет. Алдағы сайлауды абыроймен өткерулеріңізге тілектеспін.

Сұқбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:15
582

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020