​ДОМБЫРАМЫЗДЫ ДҮНИЕЖҮЗІНЕ ТАНЫТСАҚ...

Елбасының 2018 жылдың 13 маусымындағы Жарлығымен Ұлттық домбыра күні белгіленгені және оны шілденің алғашқы жексенбісінде бүкіл ел болып тойлағанымыз барша қазақ жұртына ерекше рухани серпіліс әкелгенінің куәсі болдық. Елдегі басқа ұлт өкілдері де ұлтымыздың киелі аспабы – домбыраның қадір-қасиетіне айрықша зер салып, оның ұлылығын сезінген шығар. Бұл мерекенің тағылымдық мәні тіпті жоғары болды. Ол, сөз жоқ, алдағы уақытта анық байқалатын болады.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желіде мектептерде домбыра үйрету үйірмелері болуын қолдағанын ата-аналар мен ұстаздар риза­шы­лықпен қабылдады. Қазірдің өзінде Ал­маты қаласындағы қазақ мектеп­терінің бәрінде дерлік домбырашылар оркестрі, аз дегенде дом­бырашылар ансамблі бар. Елі­міздің барлық мектебінде солай болса екен. Мерекемен бірге келген тағы бір табысымыз – күнделікті баспасөз бетінде күй өнері, күй табиғаты, тари­хы туралы, күйшілер туралы, әртүрлі аңыз-әңгімелер, оның қа­зақ болмысындағы орны, т.б. танымдық маңызы өте зор қан­шама мақалалар жарық көрді. Осын­дай бекзат өнерді тек бізге ғана бұйыртқан Аллаға рахмет. Тарихымыздың қилы-қилы иі­рім­дерінде, ақынның сөзімен айт­сақ, «мың өліп, мың тіріліп» жүр­генде жоғалтып алмай, бү­гінгі ұрпаққа жеткізген ата-баба­мызға, ұлы өнердің қадір-қасие­тін сыйлап, оның болашақ ұрпа­ғымыздың рухани азығы, жан серігі болып, дүниежүзілік құндылықтар қатарынан ойып өз орнын алуына жол ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет!

Ұлттық домбыра күні өте салысымен біздің жігіттер қа­зақ күйімен Голливуд төрінде өнер көрсетіп, жеңіске жетуіне қалай қуанбайсың! Осы Ұлы өнерді басқаларға таныта білсек қой. Басқа елдің тәжірибесіне зер салсақ артық болмас еді. Мә­селен, Австрияның астанасы Вена қаласындағы филар­монияның оркестріне 175 жыл болыпты. Бұл оркестрдің бір керемет дәстүрі бар. Әр жылдың бірінші қаңтарында «Әлемдік премьера» деген атпен арнайы концерт береді. Оны басқа елдер алдын-ала жасалған келісім арқылы өз үйінде отырып-ақ көреді. Біз Ресейдің «Культура» телеарнасы арқылы көреміз. 2010 жылы 72 елден 50 млн. адам оны тамашалаған. Соңғы жылдары 90 ел қабылдайды екен. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де үзбей өткізіп отырыпты. Не­гізін­де Штраустардың (әкесі, оның үш ұлы) шығармалары. Соңына қарай Иоганн Штраустың «Вена орманының ертегілері», «Кө­гілдір Дунай» вальстері орындалады да, әке-Штраустың маршымен аяқталады. Маршты бүкіл зал тік тұрып, қол соғып, тыңдайды екен. Дәстүр солай. Концерт барысында басқа залдан осы шығармаларға қойылған балеттен үзінді, елдің әдемі та­биғатын ұшақтан түсіріп көр­сетіп отырады. Бұл концертті бір рет көрген адам жыл бойы кү­теді, немесе сол елді көруге барады екен. Осы үлгімен біз де қазақ күйін дүниеге танытсақ қой. Ол үшін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында күй салтанатын көрсете алатын арнайы концерт залы болса. Мұнда жыл сайын Ұлттық домбыра күні арнайы концерт ұйымдастырып, оны бауырлас түркітілдес елдерге алдын-ала жасалған келісім арқылы көрсете бастасақ, оның аудито­рия­­сы, сөз жоқ, жылдан-жылға кеңи берер еді. Концерт ғимаратының бір залында күйші сазгерлердің галереясын жасап, олар туралы толық ақпарат беруге болады. Осы ғимаратта арнайы кітапхана ұйымдастырып, күй өнері мен күйшілер туралы әдебиетті жи­настырсақ. Тіпті мұнда күй туралы лекто­рий ашып, өнер­та­нушылар түсініктеме беріп тұр­са ғой. Бұл елге келіп жатқан қо­­нақтар, әсіресе өзіміздің жас­тар күй құдыретін түсінуі үшін, хал­қының ұлттық құндылығын бағалай білуі үшін керек-ақ.

Бұл ұсынысты ой бөлісу деп қабылдаңыздар.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

19:40
1902

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020