Әлемдегі жас астаналардың қатарында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы Палаудағы Нгерулмуд, Мьянмадағы Нейпьидодан кейін үшінші орынға жайғасады екен. Қаланы дамытуға қажетті бос жерлердің болуы, оның республика кіндігінде һәм геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қажетті базаның молдығы, жеке меншік сектордың және кәсіпкерлікті дамыту үшін әлеуетті мүмкіндіктердің бары және аймақтағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық Сарыарқа баурайында жаңа астананың бой көтеруіне зор ықпал етті.
Сайын даланы мекендеген көшпелі жұрттың архитектуралық шеберлігі мен көзқарас-пайымы да сыналар тұс осы шешіммен тығыз байланысты. Ағаш уықты, киіз туырлықты қазақ халқы көп күнін ат үстінде өткізіп, шұрайлы жерге көшіп-қонып тұрмыс кешкен. Ия, Ұлы Даланың оңтүстік жұрты бірте-бірте отырықшылыққа ден қойып, Түркістан, Созақ, Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам, Жаңакент сынды қалалардың бой көтеруіне себепкер болған. Ал өзге өңірлерде арагідік кесенемен мен бірер заңғар ескерткіштер тұрғызылғаны болмаса, қазақ жерінде қала мәдениеті айтарлықтай дами қоймағаны жасырын емес. ХVIII ғасырдан бастап қазақ жерінің солтүстігінде Сібір губерниясы, Омбы, Железиинск, Ямышев, Семей, Өскемен, Орынбор, Переволоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагино, Тополев, Бақсай, Гурьев қамал-бекіністері тұрғызылды. Бұның барлығы Патшалық Ресейдің қазақтың солтүстігіндегі шұрайлы, пайдалы қазбаларға бай жерлерін басып алу үшін жасалған айлы шарғысының нәтижесі еді. Осы тұста кірпіші қаланған қалалардың қатарында Ақмола бекінісі де бар.
Қилы ғасыр қатпарларынан аман шыққан қазақ халқы 1991 жылы аңсаған асыл арманы Тәуелсіздікке қол жеткізді. Сол кездегі ел астанасы Алматы қаласы ғажайып табиғаты, келісті келбеті, мәдени-тарихи құндылықтарымен көркем болғанымен түрлі географиялық факторлар тұрғысынан жаңа қоныс қажеттілігі рас еді.
Қазақстанның астанасын ауызға алғанда жұбын жазбас ұғым ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі. Ел астанасының бас сәулетшісіне айналған Тұңғыш Президенттің еңбегі орасан зор. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға үш жыл салып ол 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Аталған құжатқа сай Ақмола Қазақстанның бас қаласы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанда иеленді. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Осы жылдың 10 маусымында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Осыған дейін түпкі мағынасы «астана» дегенді білдіретін әлемдегі санаулы қалалардың тізімінде болған бас қаламыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жіті бақылауымен күннен-күнге құлпырып, кемелдене, шырайына шырай, ажарына ажар қосыла түсті. 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзінде, Елбасының атын мәңгі сақтау үшін Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасады.
«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды. Ұлы замандасымыздың, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атын келесідей түрде есте қалдыру қажет деп санайМын. Елордамыз оның атын иемденіп, Нұр-Сұлтан деп аталуы тиіс. Мұндай ұсыныс бұған дейін 2016 жылдың 23 қарашасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай парламентарийлер қабылданған декларацияда айтылған еді», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын Парламент депутаттары қолдап, астана атын Нұр-Сұлтанға ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Осылайша Вашингтон, Париж, Сан-Марино, Коломбо, Веллингтон, Валлетто, Сантьяго сынды кісі атымен аталатын астаналар саны Нұр-Сұлтанмен толықты.
Батыс пен Шығыс мәдениеті тоғысқан ғажайып қала келбеті жылдар жылжыған сайын жасарып, күн сайын жаңарып келеді. Ол төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналып, әлем жұртын таңдай қақтырып, бас идіріп үлгерді.
Нұр-Сұлтан қаласы туралы еске түсіріп, аузына сөз түскенде «Бәйтерек» монументін айтпау мүмкін емес. Аталған монумент-ғимарат қаланың басты символындай. Күнге төтеп беріп, ғаламат қанаттарын қатты сермегенде дауыл тұратын, көз жасы жерге жаңбыр болып тамшылайтын аңыздағы алып құс самұрық құс туралы баяндалатын сонау әфсана елорданың қақ ортасында көп қиялынан ерекше «Бәйтерек» сәулетіне себеп болды. Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласында орын алып жатқан игі іс-шаралар мен бой көтеріп жатқан ғимараттар санын қолмен тізбелеу әсте мүмкін емес. Оны мың рет естігеннен, бір рет көрген абзал.
Елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтті. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған елорданың мәртебесі одан әрі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде тіптен асқақтады. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты, тамашалауға келген қонақтар саны 3 млн-ға жетті. Адам айтса нанғысыз технологиялар әкелініп, әлем назарына ұсынылған мұндай көрме қос ғасырлық тарихында Орталық Азия мен ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Қазақстан астанасында ұйымдастырылған болатын.
ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атанған аяулы астанамыз жедел қарқынмен дамып келеді. Биыл 23 жасқа толғалы отырған бас қаламызда 1 млн 200 мыңдай тұрғын бар.
Нұр-Сұлтан – жалынды жастар мен білікті мамандардың мекені, жаңашылдықтың ордасы. Керей мен Жәнібек салған Қазақ хандығының тұлғалы тарихын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның айбынын асырған әсем қаланың ерке Есіл жағасында асқақтап тұра береріне қашанда сеніміміз кәміл. Даласы құтқа, көңілі шатқа толы дәуірлер тоғысықан мезетте бабалар армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қазақпен бірге астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының мәртебесі мәңгі биіктей берге й!
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН