«Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген дана халқымыз қос ішекті, көп пернелі, үні ерекше, дауысы сазды ұлттық аспабын айрықша қадір тұтқан. Расында да қазақ ұғымымен егіз мәнде қолданылатын осынау домбыра аспабы әр қазақтың төрінде ілулі тұрады. Оны халқымыз аяқ асты етпей, құтты қазынасына балап, қадір тұтқан.
Елбасының шешімімен 2018 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын. Бүкіл ел ыстық ықыласпен тосатын аталған мерекені жезқазғандықтар да әспетті түрде қарсы алды.
Биылғы мерекеде алғашқы болып Жезқазған жастар ресурстық орталығының өнерлі тарландары «Dombyra party» ұйымдастырып, челледжді Сәтбаев қаласының жастарына жолдады. Одан әрі қаламыздағы «Балауса» домбырашылар ансамбілі Құрманғазы Сағырбаевтың «Балбырауын» күйін орындап, мысты шаһардағы ұлттық музыка өнерінің даму қарқынының жоғары деңгейде өріс алып жатқанын, домбыра аспабына деген қала жастарының қызығушылығы зор екенін тағы бір дәлелдеді.
«Технодом», «Мечта», «Гранд Стивал» сауда орталықтары да күм күмбіріне бөленіп, қала тұрғындары ерекше әсерге бөленді.
Ұлттық домбыра күні қала әкімінің орынбасанры Зина Ақылбекова перзентханаға бас сұғып, мерейлі мерекеде өміге келген нәрестелер мен олардың аналарының хал-жағдайымен танысты. 4 шілде күні Жезқазған перзентханасында төрт ұл, екі қыздүние есігін ашыпты.
– Қазақ халқы домбырасына үкі тағып, орнын биіктен белгілеген. Домбырсын ұрпағына мұра етіп қалдырып отырған. Домбыра аспабы, онда шертілер әрбір күй – рухани құндылықтарымыздың ең жоғарғы көшін бастайды. Осындай мәнді де мағыналы мерекеде туған сәбилердің өмірі көркем, болашағы жарқын болары сөзсіз. Балапандарыңыз айбындарыңызды асқақтатып, еліміздің даңқын асқақтататар азамат болсын! – деген Зина Жұманазарқызы жас аналарға гүл шоқтары мен арнайы сый-сыралғылар табыс етті.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН