​ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДАН ХАБАРДАР ЕТТІ

Әлемді жайлаған коронавирус індеті биылғы жаз маусымында да қайта үдеп тұр. Жезқазған қаласы бойынша өткен жылдың бірінші жартыжылдығында «COVID-19» инфекциясымен ауырғандар саны 1905-ті құраса, 2021 жылғы дәл осы аралықта індет жұқтырғандар саны 1276-ға жеткен. Былтырғы маусым айындағы көрсеткіш бойынша 443 адам ауырса, биыл 310 жағдай тіркелген. Айырмашылық айтарлықтай көп емесін ескерсек, үйреніскен әдет бойынша сақтық шараларын күшейтіп, маскалық режімді қатаң сақтағанымыз, әлеуметтік арақашықтықты ұмытпағанымыз абзал. Қайтадан "қызыл" аймаққа енген Қарағанды облысындағы және қаламыздағы эпидемиологиялық ахуал жайлы тұрғындарға толық мағлұмат беру мақсатында қала әкімі Қайрат Әбсаттаров «Instagram» әлеуметтік желісіндегі әкімдіктің ресми парақшасы арқылы тікелей эфир өткізді.

Бұдан былай барлық мекеме қызметкерлері вакцина салуға міндеттелгені белгілі. Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2 шілдеден бастап күшіне енген арнайы қаулысына сәйкес барлық халыққа қызмет көрсететін нысандарының COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлері үшін күндізгі режімде жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Бұл шектеу тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш ай ішінде коронавируспен ауырып, жазылғандарға қатысты емес. Вакцина алуға қарсылық танытқан қызметкерлер аптасы бір рет ПТР тестін тапсыруға міндетті.

— Вакцинация науқаны басталғаннан бері 18 мың адам вакцина алды, бұл тұрғындар үлесінің 36%-ын құрайды. Дегенмен аурудың таралу қаупі әлі де жоғары. Бұған карантиндік шараларды естен шығару, әсіресе, бұқаралық жиын-тойларды өткізу себеп болып отыр. Бүгінгі таңда барлық әлем елдері жаппай екпе алуға көшіп отыр. Бұл үдеріс өз тиімділігінде дәлелдеуде, — деген Қайрат Бектайұлы өзінің де «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін де ектіргенін, бүгінде денсаулық жағдайы жақсы екенін жеткізді.

Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан жиі қойылған сауал вакцинаның кері әсеріне қатысты болды. Аталған сұраққа Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Оңал Байғожина нақты жауап берді. Коронавирусқа қарсы вакцинаның денсаулыққа қаупі жоғын әлемдік білікті дәрігер мамандар мен ғалымдар тұжырымдамасына сәйкес кеңінен түсіндіріп берген қала әкімі коронавирустың таралу жылдамдығы бес есе жоғары дельта, яғни, үнді штаммы жайында да ақпар беріп, алдын алу шараларын жүргізу қажетін еске салды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

20:59
681

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020