Қала көркі сәнді де сапалы, заңғар да зәулім ғимараттарымен кірері белгілі. Дегенмен Қарағанды облысы бойынша тозығы жетіп, құлау алдында тұрған үйлердің 70 пайызы Жезқазғанға тиесілі екенін ескерсек, сәулет және құрылыс жұмыстарына көңіл бөлу керектігі айтпаса да түсінікті. Қала бойынша 26 апатты жағдайдағы көп пәтерлі үй бар. Соған сай облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2020-2025 жылдарға аралығында апатты жағдайдағы үй тұрғындарын көшіру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп, мәселені шешудің жедел әрі тиімді жолдарын қарастыруды тапсырған болатын.
2020-2025 жылдар аралығында мысты шаһарда барлығы 149 көп пәтерлі үйдің тұрғындары жаңа қонысқа көшірілмек. Көшірілген барлық тұрғындарға жылжымайтын мүлікті реквизициялау жолымен тұрғын үйдің нарықтағы бағасына сәйкес өтемақы төленетін болады. Аталған жылдар ішінде өтемақымен толық қамтамасыз ету үшін 6,4 млрд теңге қажет болады. Бұған облыс тарапынан қолдау көрсетіліп отыр.
Биыл қала бойынша 24 апатты жағдайдағы үйдің 259 пәтерінің тұрғыны көшіріліп, оның 250-іне жылжымайтын мүлікті бағалау құны бойынеша өтемақы беріледі. Ал қалған тоғызының пәтері жекешелендірілмеуі себепті, үй иелеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдау шарты бойынша баспана берілмек.
Газетіміздің алдыңғы сандарында аталған пәтерлерді нақты бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, болжам бойынша жобаланған 3,5 млн теңгеге тұрғындардың наразылығын жазған болатынмыз. Аталған мәселе бойынша Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сағымбаеваға хабарласып, анық-қанығын білуге тырыстық. Оның айтуынша, барлық бағалау жұмыстары осы аптада толық аяқталатын көрінеді. Нақты шешім шығып, бекітілгеннен кейін тұрғындарға қосымша хабарланатын болады.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН