​ЗИРАТТАР ҚОРЫМЫНА НЕГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕЙДІ?

Зират қорымы – қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін бөлінген аумақ екені белгілі. «Өлсең, орның қара жер» демекші, тірліктегі сапары таусылған барша жанның барар жері осы. Бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін көрсететін ортақ мекен — қабірстан. Жалпы тірі адам қандай құрметті болса, дәм-тұзы таусылып қайтыс болған кісілер де сондай қадірлі. Сондықтан да адамның тәні көмілген зираттар аумағын құрметтеп таза ұстау, қорғау, бүлінген жерлерін түзетіп реттеу сияқты әдептерді орындау – тірілер үшін қастерлі парыз. Өлілерге біздің бүгінгі таңдағы құрметіміз қандай? Біз осы жайды зерделеп, зерттеп көрген едік. Жезқазған қаласындағы бірнеше жерге бөлініп орналасқан мұсылмандар қорымының жай-күйі туралы әңгіме қозғар болсақ, орын алған бірталай кемшіліктер мен олқылықтарды ашып айтуға тура келеді. Осы қорымдарды ретке келтіріп, күтіп ұстауға байланысты кейінгі уақытта қала тұрғындары тарапынан да ренішті пікірлер мен сын ескертулер жиі айтылып жүр.

Жерлеуді және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын мәслихат бекітіп, онда бекітілген міндеттерді тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР-ның 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына сәйкес Қарағанды облыстық мәслихаты 2019 жылғы 13 тамыздағы шешімімен облыстағы жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіткен болатын. Бұл құжатта жергілікті атқарушы органдардың жерлеу үшін орын бөлу тәртібі, қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі, қабірлерді жобалау және орналастыру, жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау жөніндегі міндеттер нақты атап көрсетілген. Алайда, Жезқазған қаласы аумағындағы зираттар қорымын орналастыру мен күтіп-ұстау жұмыстары облыстық мәслихатта нақтыланған осы қағиданың талабына толық сай келеді деп айта алмаймыз. Негізінде белгіленген тәртіп бойынша зират қорымын дұрыстап ұстау және пайдалану жөніндегі барлық ұйымдастырушылық және әкімшілік-шаруашылық функцияларын жүзеге асыратын зират қорымының әкімшілігі болуы керек. Біз қала іргесіндегі зират қорымына барып, ондағы жағдаймен танысқанымызда мұсылмандар қорымында мүлдем ие жоқ екендігіне, содан барып ондағы жұмыстардың бей-берекет жүргізілетініне көз жеткіздік. Мәселен, зират қорымының әкімшілігі әрбір мәйітті жерлеуге байланысты жерлеу жылын, айын, күнін, қабірдің нөмірін, қайтыс болған адамның аты-жөнін, қайтыс болған күнін және себебін, жерлеуді жүргізген адамның дерегі мен мекенжайын арнайы кітапта тіркеп отыруға тиіс. Мұндай кітап тұрмақ, зират басында ие болатын шырақшы немесе күзетші де жоқ. Қабір қазушылардың бригадирі саналатын Наурызбай Әбдікәрімов деген азамат 14-15 жылдан бері қабір қазу ісімен айналысуына байланысты Ботаникалық бақ маңындағы екінші және үшінші мұсылман зираттарында тұрақты болатын адам екен. Қабірстанға қатысты шаруаларды сол кісіден сұрадық.

— Бұрын Әбдіхамид Қаражігітов ақсақал шырақшы болған еді. Қазірде жасы 86-дан асқан қарияның мұнда келіп жүретіндей денсаулығы жоқ. Сондықтан әкімдік зиратқа бас-көз болып, иелік жасайтын адам тағайындауы керек. Жылда автобус бөлініп, зират басына адамдар келіп сенбілік жасаушы еді. Биыл мұндай шара да атқарылмады. Қарамағымдағы адамдармен біз өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Құрал-сайманымызды үйден әкеліп, адамдардың тапсырысы бойынша қайтыс болғандарды жерлеу үшін қабір қазамыз. Бұл жерде бір артық зат қалдырсаңыз ұрлап кетеді. Зират басындағы отыратын жерде свет жоқ. Қыста тіпті қиын. Мәйіт әкелетін жолды қар басып қалған кезде көлік жүрмей қалады. Өзіміз ақша төлеп аршытуға мәжбүр боламыз. Тоқ тартылса отыратын бөлмеге от жағып, пайдаланып отыруға болады. Электр жарығы бұрын болған, он жылдан бері жоқ. Оның ақшасын да өзіміз төлер едік, қосып берсе. Тоқетері бүгінге дейін қазақ қорымына әкімдік тарапынан жасалған ешқандай қамқорлық көріп отырған жоқпыз, — дейді қабіршілердің жетекшісі Наурызбай.

Негізінде «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» ММ-сі 79 гектар аумақтағы жерлеу орындарына қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тапсырыс беруші болып табылады. Соған орай бөлім жыл сайын конкурс өткізіп, тиісті мердігерге қаржы бөліп келеді. Тым әріге бармай-ақ кейінгілерін айтар болсақ, 2019 және 2020 жылдары конкурс бойынша «Адал Еңбек» ЖШС жеңімпаз болып, әр жылы 3 млн. теңгенің үстіндегі қаржыны игерген. Бірақ, нақтылы қандай жұмыс көлемін атқарғаны белгісіз. Конкурс жеңімпаздарына қойылатын талап бойынша анықталған мердігер 79 гектар аумақтағы зираттарды күтіп ұстаумен айналысуы керек. Оның ішінде қорымның сыртқы қоршауларын жөндеу және бояп-сырлау, жасыл желектерді суару үшін күн сайын су жеткізіп тұру, зират аумағындағы күнделікті санитарлық тазалықты сақтап, тазартып отыру, арамшөптерден арылту сияқты жұмыстармен айналысуға тиіс. Биылғы жылы осы шаруаларды атқаратын мердігер ұйым ретінде Айсұлу Құсайынова жетекшілік жасайтын «Магира Медиа» ЖШС таңдалыпты. Зираттар аумағын күтіп ұстауға қатысты жұмыс көлемін атқарғаны үшін жыл аяғына дейін мердігерге 3 млн. 102 мың теңге төлеу қарастырылып отыр. «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бізге ұсынған соңғы дерегі бойынша мердігердің бір КамАЗ, бір су таситын автомашинасы және бір тиегіші осы жұмысқа тартылған. Олар дүйсенбі – бейсенбі аралығында христиандар зиратында, сейсенбі – сенбіде мұсылмандар қорымында жұмыс істеуге тиіс. Бүгінге дейін зираттар басына 16 текше метр су жеткізіліп, 100 текше метр қоқыс шығарылған дейді. Алайда, христиандар жерленген аумақта не істеліп жатқанын білмедік, ал қағаз жүзіндегі бұл есеп мұсылмандар зиратындағы біз барып көзбен көріп, ондағы шаруалармен айналысатын қабіршылар айтқан жағдаймен мүлдем сәйкес келмейді. Сонда кімнің уәжіне сенеміз? Мемлекеттен қаржы бөліп, тапсырыс беріп отырған бөлім тым болмаса сол жерде тұрақты болатын қабіршілер бригадирі мен мердігер ұйым басшысын кездестіріп, неге ортақ істі пысықтап тапсырмаған? Мұның өзі зират қорымын күтіп ұстаудың дұрыс ұйымдастырылмай отырғанын көрсететін жағдай.

Мұсылмандар зиратын күтіп ұстау ісіндегі келеңсіздіктер туралы тұрғындар тарапынан сын пікірлердің жиі көтерілетінін жоғарыда айттық. Осыған байланысты бір топ ақсақалдардың қозғау салуымен қалалық қоғамдық кеңес өткен жолғы өзінің кезекті отырысында «Қаламыздағы мұсылман зираттарын күтіп ұстау ісін ұйымдастыру және оны тәртіпке сай реттеу туралы» мәселені арнайы талқылаған екен. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров қатысқан осы талқылау барысында мұсылмандар зиратына қатысты орын алған кемшіліктер ортаға салынып, марқұмдардың мәңгілік мекеніне қатысты жұмысты реттеп, күтіп ұстау жөнінде көптеген ұсыныстар айтылыпты. Қала қоғамдық кеңесінің мүшелері, қоғамдық бірлестіктер мен қоғам белсенділері жүргізген зерттеулерде ескі зираттың сыртында жаңа қорымдар пайда болып, мәйіттер ретсіз бей-берекет жерленетіні анықталған. Қала әкімдігі 2017 жылы зират аумағын кеңейтуге 7,4 гектар жер бөлген. Осы аумақтың құрылыс-монтаж жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты жасалғанымен жобаны іске асыру әлі толық қолға алынбаған. Біздің қазақ қайтыс болған адамын әр төбенің басына жеке-жеке қоюға құмар. Осының әсері болар, жергілікті атқарушы биліктің шешімінсіз Жезқазған-Қарағанды автожолының бойында, одан әрі қарайғы төбе басында пайда болған қорымның аумағы жыл сайын үлкейіп барады. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, автомобиль жолының бойындағы бейіттердің күрежолға тым жақындап кетуінің кейін айтарлықтай зардабы болуы мүмкін. Автожол кейін кеңейтілетін жағдайда оның бойымен үлкен құрылыс жүргізіледі, сонымен қатар жолды бойлап жер астымен байланыс кабельдері тартылған. Бұдан бөлек жоғарыда айтылған бөлім арқылы қаржы бөлініп, күтім жасалуға тиіс мұсылмандар зиратының өзі үш бөлек жерге орналасқан. Осының өзі бұл аса шетін болып табылатын мәселені тиісті заңдылыққа сай реттеуді қажет етеді. Осы іске қозғау салып жүрген ақсақалдарымыздың бірі, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Қадыр Үңгітбаев:

— Бұл дүниеден өткен марқұмдарды жерлеу, әруақтарды риза ету және зираттарды күтіп ұстау құранда да айтылған, қазақ халқының ежелден бойына сіңген асыл салт-дәстүрлерінің бірі. Жыл сайын қаламыздың тұрғындары жобамен 750-800-дей ағайын-туыстарын ақтық сапарға шығарып салады екен. Үкімет белгілеген тәртіп бойынша марқұм болған әр адамды жерлеу үшін 6 шаршы метр жер бөлінгеннің өзінде қабірлердің аумағы 1 гектардан астам жерді алады. Ал, біз күмбезді кесене, төрт құлақ там тұрғызамыз, жақынына деп тағы жер телімін қалдырамыз. Сонда зираттар аумағы жыл сайын бірнеше гектарға көбейіп отырады деп шамалауға болады. Осының белгісін №1 ауылдағы ескі қорым, Талап ауылы жақтағы жол бойында бой көтерген жаңа зират, Қарағандыға шығар жолдағы және басқа зираттар аумағының кеңейіп келе жатқанынан анық көруге болады. Төрт бөлікте орналасқан мұсылман зираттарының бірде-біреуінде күтім жасайтын адам, не иелік ететін шырақшы жоқ. Оншақты адамнан құралған қабір қазушылар бар. Алайда, бұлардың жергілікті билікпен немесе Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен байланысы жоқ, өз беттерімен қызмет етуде. Зираттар аумағына қамқор ниетпен көңіл бөлінбеуі аса қынжыларлық шаруа. Тиісті шешім бойынша бекітілген зират қорымын қоршауға қаржы бөлінгенімен бұл іс әлі жүзеге асқан жоқ. Мемлекеттік бюджеттен жерлеу рәсімдеріне қатысты бөлінетін қаржының қалай жұмсалатындығына да тексеріс жасаған жөн.

Екіншіден, біз нарық жағдайында жерлеу және зират қорымын күтіп ұстау ісінде қала тұрғындарының аса көп емес бөлігін құрайтын орыс халқынан қалып қойыппыз. Оларда 3 жерлеу бюросы жұмыс істейді. Соның бірі «Надежда» өндірістік кооперативі көрсететін жерлеу қызметі жайлы айтар болсақ, онда 30-40 адам еңбек етеді. Мәйітті жуып, киіндіріп, зиратқа жеткізіп, жерлеп көмгенге дейінгі шаруалардың барлығын өздері атқарады. Құлпытасын, шарбағын орнатып береді. Тіпті мәйіт жуатын соңғы үлгідегі автоматмашина жабдығына дейін сатып алыпты. Қайтыс болған адамды еліне апарып жерлеу қажеттігі туса тоңазытқышпен жабдықталған автокөлікпен мәйітті ТМД елдерінің кез-келген қаласына жеткізетін мүмкіндіктері бар. Сол арқылы жеткілікті қаражат тауып отыр. Қайтыс болған үй-күйі, жақындары жоқ адамдарды жерлеумен де айналысып, оларға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны да игеріп отырған жайлары бар, — дейді ақсақал.

Негізінде ел аумағындағы қабірлер мен зираттарды реттеу шараларына қай елде болмасын мемлекет тарапынан көңіл бөлінеді. Мәслихат бекіткен қағидаларда бұл міндет айқын көрініс тапқан. Біздің қалада зиратқа күтім жасаумен айналысатын мердігердің жұмысына жеткілікті бақылаудың жоқтығы байқалады. Қала бюджетінен жыл сайын елеулі мөлшерде қаржы бөлініп отырғанымен, тиісті жұмыстар өз мәнінде жүргізілмей отыр. Бұл жағдайға зират қорымына ие әкімшінің болмауы да айтарлықтай әсерін тигізуде. Көпшілік қауым жергілікті атқарушы билік тарапынан осы көтерілген мәселелердің оң шешілуін сұрап, орынды талап қоюда. Біле білсек, бұл өмірдегі барша жанның түбінде бір барар жеріне жасайтын құрметіміз бен қамқорлығымыз кемімегені жөн.

Амандық РАХҰЛЫ

19:15
1036

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020