​«ПАРТИЯЛЫҚ ЕМЕС БАЙҚАУ ОРТАЛЫҒЫ» 1700 БАЙҚАУШЫ ДАЯРЛАП ЖАТЫР

«Партиялық емес байқау орталығы» алдағы ауыл әкімдерін сайлауды бақылауға қатысады. Бұл туралы ұйым төрағасы Төлеген Күнәділов айтып берді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат  тілшісі.

«Партиялық емес байқау орталығының» қызметі сайлауға, оның ішінде сайлау учаскелерінде бақылау мен мониторинг жүргізуге бағытталған. Қазіргі уақытта ұйымның барлық облыстарда филиалдары бар және ұйым мемлекеттік деңгейдегі сайлау кезеңінде саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен бостандықтарды іске асыруға және қорғауға ниетті.

Төлеген Күнәділовтың айтуынша, ұйым алдағы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауына белсене қатысады.

«Сайлауды байқауда тәжірибесі бар азаматтар бірігіп, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігін құруды ұйғарды. Біздің мақсатымыз – қатаң саяси бейтараптық таныту. Ешқандай партия өкіліне, еш үміткерге басымдық бермейді. Олар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасамай, заң шеңберінде өтуіне ықпал тигізеді, бұзушылықтарды бақылау, тіркеу және әділ сайлау өткізуге көмектеседі. Қазіргі уақытта шамамен 1700 сайлау учаскесін қамтуды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Т. Күнәділов.

Бұған дейін партиялық емес бақылау орталығы Азаматтық альянс пен Кәсіподақтар федерациясынан біріккен жарияланбаған орган болатын. Енді бұл орталықты жеке заңды тұлға ретінде тіркеу ұйғарылды, ол бақылаушы ретінде сайлау процесін мақсатты түрде қадағалай бастайды.

«Біз өзіміздің іс-әрекет алгоритмімізді, ар-намыс кодексін әзірлеп жатырмыз. Бақылаушылар қандай да бір кандидатқа немесе саяси партияға бейтарап болуға және сайлау процесінің өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс», — дейді спикер.


Сонымен бірге, сайлау процесін бақылау екі кезеңнен тұрады: ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді. Ұзақ мерзімді кезеңде сайлауға дейінгі бақылау: кандидаттарға тең мүмкіндіктер беріле ме, бұзушылықтар жоқ па, мүгедектігі бар адамдарға кандидатқа дауыс беру мүмкіндігі бар ма деген сұрақтар қаралады. Ал қысқа мерзімді кезеңде сайлау күні таңертеңнен кешке дейін бақылаушылар процесті толығымен бақылайды.

Еске сала кетейік, 25 шілдеде бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлауы өтеді. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің қалған әкімдерін сайлау олардың өкілеттік мерзімі аяқталған соң өткізіледі.

14:39
942

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020