Қарағандыда «Ұлттық кеңес: әлеуметтік жаңғырту» атты сараптамалық кездесуі өтті. Онда Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму жолдары талқыланды.
Кездесуге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, ҮЕҰ өкілдері, ғалымдар, журналистер мен блогерлер қатысты.
Кездесудің модераторы Қоғамдық сенім Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров болды.
Әлия Ғалымова азаматтық қоғамды дамытудағы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясын жүзеге асырудағы ҚСҰК рөлі туралы айтты. Оның пікірінше, елдегі қазіргі заманғы үдерістер қоғам дамуының тұрақты үлгілерін іздестіруді талап етеді. Бұл ретте оларды азаматтық бастамаларды ескермей құру мүмкін емес.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов әлемдік тарих елдерге жоғары бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге мүмкіндік берген сәтті жаңғыртулардың көптеген мысалдарын білетінін атап өтті. Осыған байланысты дамудың нақты басымдықтары мен тетіктерін айқындау маңызды. Абзал Нүкеновтың пікірінше, қазіргі кезеңде Қазақстанды жаңғырту үдерісі жаһандық әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық трансформация жағдайында жүріп жатыр. Осыған байланысты қойылған міндеттерді шешу үшін қоғамды жұмылдыру өте маңызды.
Әлия Ғалымова «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірді. Онда осы заңды реттейтін жиналыстардың түрлері мен нысандары нақты жазылады. Бейбіт жиналыстар өткізу өтінімдерінің хабарлама (250 адамға дейін қатысушылар санымен) және регламенттелген (250 адамнан астам) тәртібі енгізіледі. Барлық қатысушылардың құқықтары мен өкілеттіктері анықталды. Жергілікті өкілді органдар әрбір елді мекенде бейбіт жиналыстар өткізу мүмкін болатын арнайы орындарды (шеткі жерлерде емес) айқындайтын болады. Сондай-ақ заңда алғаш рет журналистердің құқықтары мен міндеттері жазылған, олардың митинг орнында болуға және өз жабдықтарын пайдалануға құқығы бар.
— Бүгін біз осы заң жобасын талқылау үшін жиналып отырмыз. Мұнда айтылған барлық ұсыныстар талданып, ескерілетін болады, — деді Әлия Ғалымова.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров қазіргі кезеңде мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты құрудың, қазақстандықтардың сана-сезімін арттырудың және елдің халықаралық имиджін қалыптастырудағы әрбір жеке азаматтың рөлін атап өтті.
— Бүгін біз жаңа қоғамдық-саяси болмыста өмір сүреміз. Халық үніне құлақ түретін мемлекет тұжырымдамасы жарияланды, елдегі саяси өмірді ырықтандыру мәселесі қойылды, жылдың соңына дейін көптеген маңызды заңдар өзгеріске ұшырайды. Сонымен қатар мемлекет пен қоғам экономикалық теңсіздік мәселелерін бірлесіп шешу, әлеуметтік шығу тегі бар аурулардың алғышарттарын жою керек, — деді ол.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен билік арасындағы диалогтың жаңа форматына ерекше көңіл бөледі. Оның бастамасымен құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық процестер саласында жаңа идеяларды әзірлеудің тиімді алаңына айналды.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі