​ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ҮГІТ НАУҚАНЫ ҚАЛАЙ ӨТУДЕ?

Қарағанды облысында ауыл әкімдігіне 268 кандидат сайлау алдындағы үгітті жүргізуге кіріседі. Үгіт-насихат науқаны 15 шілдеде басталды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат .

Сайлаушылармен кездесулер эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өтуі тиіс.

«Облыста 75 округ бойынша 268 кандидат тіркелген: 81 – саяси партиялардан және 187 өзін-өзі ұсынушылардан. Бүгіннен бастап олар үгіт-насихат жұмыстарын бастайды. Барлық кандидаттарға тең жағдай жасалған. Сайлаушылармен кездесу орындары мен үгіт материалдарын орналастыру орындары анықталды. Кандидат өзінің үгіт-насихатын қалай жүргізу керектігін өзі шешеді. Сайлаушылармен жеке кездесу немесе сенім білдірілген адамдар арқылы – бұл әркімнің жеке құқығы», – деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Баталова.

Кандидаттардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 220 мың теңгеден бөлінген. Бұл ақшаны олар БАҚ-та сөз сөйлеуге, үгіт материалдарын шығаруға, көлік шығындарына және үй-жайларды жалға алуға пайдалана алады.

Барлық сайлау учаскелері дайындалып, қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыра алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Сайлаушылар сайлаудың өтетін орны мен уақыты туралы хабарлама алады.

Қарағанды облысында ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы бәсекелестік негізде өтеді. Орта есеппен бір орынға 3,5 адам үміткер болып отыр. Кандидаттарды бес партия ұсынды – NurOtan, «Ауыл», «Ақ Жол», АDAL, ҚХП. Үміткерлер арасында жеті ұлт өкілдері бар, ерлер – 226, әйелдер – 42. Орташа жасы 40 жастан асады.

00:34
1308

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020