Қазақ әдеби тілінің және жазба әдебиетінің негізін қалап, саналы ғұмырында 170 өлең, 45 қара сөз жазып, 56 аударма жасаған Халқымыздың бас ақыны, ұлт әдебиетінің классигі, ғұлама Абайдың есімі қазақ еліне ғана емес, төрткүл әлемге таныс. Ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі Абайдың, оның бай мұрасы мен даналығының әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек. Әлем бойынша Абайдың есімімен 60 елдімекен мен көше аталып, ұлы тұлғаға 6 мемлекеттік ескерткіш орнатылған. Енді Жезқазғанда да Абай ескерткіші бой көтермек.
Сүйінші хабар жыл басында тарағанымен еңселі ескерткіш қашан, қайда орнатылатыны, қандай қаражат жұмсалатыны, мүсіншілері туралы ақпарат беру мүмкін болмады. Неге десеңіздер, ескерткіш орнатуға қажетті 57 млн 326 мың теңге 21 шілдеде қалалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінді. Бүгін Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева «Наурыз» саябағының төріне орнатылатын еңселі ескерткіш туралы кеңінен тарқатып берді.
–Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Күллі адамзаттың рухани сардарларының бірі» деп бағалаған Абайға мысты өлкеден ескерткіш ашу бірер жылдан бері айтылып жүр еді. Оның сәті биыл түскендей.
2020 жылдың желтоқсан айында мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, суретшілер және мемлекеттік мекеме басшыларының отырысы өтті. Онда Абай ескерткішін қаланың қай жеріне орналастыру мәселесі талқыға түсті. Сонымен қатар, тұрғындар тілегі де тыңдалғанын айта кеткен жөн болар. Ең бірінші ұсыныста ескерткішті Абай көшесі мен Сарыарқа көшесінің қиылысына орнату ұсынылды. Ұсыныс орынды болғанымен аталған жерде инженерлік желілердің өтуіне байланысты рұқсат берілмеді. Абай көшесі мен Сәкен Сейфуллин көшесінің қиылысына орнату ұсыныс да қолдау таппады. Себебі, бұл көшелердің қиылысы – тар, – деген Гүлзада Кәрібекқызы ұзақ талқылаудан кейін көпшілік ескерткішті «Наурыз» саябағына орнатуды құп көрген. Ондағы басты мақсат – орталық саябақтың бойын қан жүгіртіп, жезқазғандықтардың сүйікті демалыс орынан айналдыру. «Наурыз» саябағын бір-екі жылдың ішінде рухани-эстетикалық жобалармен толықтыру, атап айтқанда «Руханият» аллеясының, «Алаш қайраткерлері» композициясын ашу жоспары бары белгілі.
–Ескерткішке келер болсақ, 2020 жылдың 28 желтоқсаны мен 2021 жылдың 28 қаңтарына дейін республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне ең үздік жобаларға республикалық ашық конкурс жарияланды. Ашық конкурс комиссиясының қарауына Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Сәтбаев қалаларынан 7 жоба ұсынылды. Конкурс комиссиясының бірінші отырысы 2021 жылдың 2 ақпанында өтті. Комиссия мүшелері ұсынылған жобаларды қарастырып, ескертулер жасады. Екінші отырыс 11 ақпанға белгіленді. Комиссия мүшелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясының қарауына үздік деп танылған 2 жобаны (№777592, 327621) ұсынды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның онлайн өткізілген отырысының 2021 жылғы 11 наурыздағы №1 хаттамасында: «Жезқазған қаласының «Наурыз» саябағында орнатылатын Абай Құнанбайұлы ескерткішінің жұмыс жобаларының (№777592-авторы Айдос Таңатар, №327621-авторы Саид Айнеков) ішінен «327621» нұсқасы ескертулермен мақұлдансын және алдағы уақытта комиссияның қарауына оның орнатылатын көлеміндегі жұмсақ материалдағы жобасы (саз) ұсынылсын» деп шешім қабылданды. Осылайша, Абай ескерткіші жобаның авторы Саид Айнеков пен мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов, Тоқтар Ермеков деп бекітілді.
Қазіргі уақытта жоба жұмсақ материалда жасалынды. 20 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жерлестіріміз, суретші, дизайнерлер жұмсақ материалда жасалынған жобаны бағалап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Жоба мемлекеттік комиссияның мақұлдауынан қоладан құйылады, – деген жауапты басшы Гүлзада Шомаева ескерткішпен бірге Абайдың қара сөздері жазылған «бес тас» композициясы орнатылатынын жеткізді.
Абай ескерткіші «Наурыз» саябағының еңсесі көтеретіні анық. Бүгіннің өзінде мемелекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы нәтижесінде анықталған мердігер «ЖезказганТранс» ЖШСқалалық бюджеттен бөлінген 58 282 399 теңгеге саябақта қайта жаңғырту үстінде. 31 тамызда тапсырылатын саябақтың кіреберісі, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, «Тайқазан», «Домбыра» кіші архитектуралық пішіндері орнатылады. Сонымен қатар, жарықтандыруға баса назар аударылмақ. Бүгінде суару желісі ретке келтірілген саябаққа мердігер 220 тал отырғызады, Аманжолов көшесі жағынан кіреберіс жасайды, саябақтың аумағы бойынша жүгіру жолағын салады. Басты кіреберіске «Наурыз көже дайындау» көрінісін бейнелейтін архитектуралық пішін орнатылып, субұрқақтың айналасы абаттандырылады.
Диана ОРАЗАЛИНА