Шаһар көркі қашан да сәнді де заңғар ғимараттарымен әсем. Сарыарқа төсіндегі қойнауы құтқа, омырауы ырысқа тұнған Жезқазғанның заманауи келбетін қалыптастырып, тарихпен бірге жасасқан ғимараттарын түзген құрылысшылар еңбегі мақтауға тұрарлық. Жылдың төрт мезгілінде табиғаттың тосын құбылыстары мен ауыспалы ауа райына қарамастан, аңызақ аптапты ыстықта, қыстың қаһарлы суығында, аңызақ желі мен нөсерлі жаңбырында құрылыс жұмысын кейінге қалдырмаған аталған мамандық иелерін үлгі етіп, олардай болуды армандамаған ер баласы кемде-кем болар. Дегенмен терең білім мен білгірлікті, жанкештілік пен жігерлілілікті бойына сіңіріп, жақсы маман болу көптің қолынан келе бермейді. Әйткенмен осынау ізгі қасиеттерді біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің бойларынан көптеп табуға болады.
Қарағанды политехникалық институтында инженер-құрылысшы мамандығын меңгеріп, үш жылдық жолдамамен ЛМК 1101 Жезқазған ауылшаруашығы құрылысы мекемесіне жұмысқа орналасқан Шайхыбек ЖАКЕНОВ – зейнет жасына шыққанына үш жылдан асса да әлі күнге дейін сүйікті кәсібінен қол үзбеген жан. Институт табалдырығында үйренген теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асырып, өзі де білмеген тұстарын үйренген ол құрылыс машақаты оған деген әуелгі махаббатымнан айырмады дейді. Керісінше қайнауда шыныққан болаттай беки түскен ол қызметте өсіп, кәсібінің нәсібін жеді, ата-ана үмітін ақтай білді, жар сеніміне селкеу түсірмеді.
Жары демекші, Шайхыбек Хамитбекұлы өзі ұнатқан сыныптас қызбен алғашқы жұмыс орнында қайта жүздесіп, бірге 18 жыл қызметтес болды. Екеуі төрт қызға ата-ана атанды. Бүгінде қырмызыдай қыздары елордасында, Қарағанды да тұрады. Әке-анасының жандарында болғанын қаласа да Шайхыбек Хамитбекұлының жалынды жастық шағының куәсі болған Жезқазған, Сәтбаев қалаларын қиып кеткісі жоқ.
Үш жылдық жолдаманы өтеп жүріп шебер, прораб қызметтеріне дейін көтерілген ол құрылыс басқармасы «Рудқұрылыс» тресінде құрылыс учаскесінің бастығына дейін көтеріліп, қарамағындағы мамандарымен бірге ел алғысын арқалай білді. 2009 жылы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты құрылыс монтаждау тресіне ауысты. Бұл жерде де бірқатар маңызды міндеттерді атқарған құрылысшы өмір жолынгда ақыл-кеңестерін аямаған Валерий Савран, Юрий Дүйсенбаев, Николай Костилин сынды замандас ағаларына алғысын айтады. Құрылысқа ыңғайлы жер таңдалып, іргетасы қаланған сәттен барлық ұйымдастыру жұмыстарын үйреткен осынау тұлғалардан алған сабағын кейіпкеріміз кейіннен ізінен ерген шәкірттеріне де сіңіруден жалықпады. Солардың арасында бүгінде «АлаконИнженеринг» құрылыс-монтаждау тресінің бас инженері болып отырған Дархан Бейсенбаев есімді інісімен ерекше мақтаныш етеді. Арман Сүлейменов, Хамит Серікбаев атты жас құрылысшыларда Шайхыбек ағаның мектебінен өткен. Ол білгенімен бөлісуден қашқан емес.
Шайхыбек Хамибекұлы Сәтбаев қаласындағы 3, 4, 7-ықшам аудандар құрылысын салған. Бұл қаладағы 27 мектеп пен бірнеше балабақшалар да құрылысшы еңбегінің жемісі. Жезқазғандағы байыту фабрикасын, оңтүстік-батыс қазандығын, №75 шығыс кенішісін, тұрмыстық қалашықты және қалаішілік үйлердің бой көтеріп, халық игілігіне берілуіне өз үлесін қосты.
Қала ішіндегі кез келген тұрғын-үйдің қабырғасы қандай материалдан тұрғызылғанын бірден танып айтып беретін Шайхыбек Хамитбекұлы Жезқазған қаласында бірнеше онжылдық көлемінде тоқтап қалған құрлыс жұмыстарының соңғы уақыттарда қайтадан жанданып жатқанына қуанышын білдірді. Қаламыздағы университетте құрылыс мамандығындағы студенттерге бұрынғы кездегідей құрылыс саласының қыр-сыры толық үйретілмейтінін, соған байланысты білікті жергілікті мамандар тапшылығы барын, көбіне құрылыстың тілін білетіндер сырттан шақыралатынын айтқан ол мамандарды тәрбиелеуде заманауи тәжірибелерді қорықпай үйрету керегін айтты. Сондай-ақ, қаламызда жаңадан тұрғызылып жатқан ғимараттар мен тұрғын үйдердің архитектурасына, сыртқы келбетіне еліміздің үлкен қалаларындағыдай жаңашылдықтарды енгізу керегіне, сонда ғана құрылыс саласы дамитынына да тоқталып өтті.
Жер қазу, қада қағу, тас қалау, монтаждау, сылақ жүргізу, сырлау, шатырын жабу, есік-терезелерін орнату сынды сан алуан құрылыс саласының жұмыстарын жіті қадағалауында ұстап, құрылыстың басынан аяғына дейін атсалысатын монтаждаушы жұмысы зор жауапкершілікті қажет етеді. Шайхыбек Хамитбекұлымен бір ауылда, яғни Рудник аталатын поселкеде дүниеге келген Досбол ҮСЕЙНОВ – өз жұмысын шынайы сүйетін азаматтардың бірі.
1963 жылы туған ол жастайынан құрылыс саласына қызығып өсті. Бала арманының әсерімен Сәтбаев қаласындағы № 108 училищесінің құрылыс бөліміне оқуға түсті. Отан алдындағы азаматтық борышын да естен шығармаған ол әскер қатарында қызмет етіп келген 1987 жылдан бастап бүгінге дейін құрылыс саласында табан аудармай еңбек етіп келеді.
– Құрылыс – нағыз еркектердің жұмысы дер едім. Бұл жерде батылдықпен қатар сақтық аса маңызды. Оған қоса құрылыс жұмысы өте ауыр. Көбіне нәзікжандыларға ауырлық етеді. Дегенмен бізбен бірге аянбай еңбек ететін қыз-келіншектердің еңбегіне тәнті боламын. Құрылыс саласы қателікті кешірмейді. Өз өміріңе өзің алаңдаушылық танытып, қауіпсіздік ережесін ұстанбасаң болмайды. Сонымен қатар әрбір тұрғызылған ғимарат, үй жайында адамдар өмір сүретінін ескерсек, біз олардың да қауіпсіздігіне жауапты екенімізді ұмытпауға тиіспіз, – деген Досбол Көпейұлы өзі тұрғызған Сәтбаев қаласындағы мешіт, шіркеу, аурухана құрылысын, балалардың шат күлкісі шашыраған білім ошақтарын өргенде көңіліс ерекше тебіреніс кернейтінін жасырмады.
Мысты шаһардағы «Металлургтер» алаңы, «Пирамида», сырттағы «Жомарт» кеніші, «Итауыз» каръері, түрлі цехтар – Досбол Үсейновтің қолтаңбасы қалған құрылыс нысандары. Қызынан 3 жиен сүйіп, солардың қызығына тоймай отырған ол қала игілігі үшін тынбай қызмет етуге даяр екенін жеткізді.
Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында осынау құрметті мамандық иелерін мерекемен құрметтеп, істеріне жеміс тіледік.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН