ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУ КЕРЕК

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғауды, олардың тіршілік-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасауды қамтамасыз етуді «Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасына енгізіп, «Кедергісіз келешек» атты партиялық жобасын іске асыруда. Жоба аясында Жезқазған қаласында 2025 жылға дейін әлеуметтік маңызы бар 64 нысанда мүгедектігі бар тұрғындарға жағдай жасау көзделген. Биылғы жылдың соңына дейін қаладағы 20 нысанды бейімдеу жоспарланған. Сол жұмыстардың орындалысын бақылау мақсатында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйлә ӘЛКЕБАЕВА бастаған комиссия мүшелері білім, денсаулық сақтау мен коммуналдық сала нысандарына атбасын бұрды.

Олар нысандарды аралап қана қоймай, пандустарды, дабыл нүктесі мен санитарлық тораптарды іс жүзінде сынап көрді. Бұл ретте комиссия құрамына енген «Ақсауыт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзал Әбжаппаровтың еңбегін айтпай кетпеске болмас. Өміріне қауіп төндіретін пандустармен жүріп өткен ол кәсіпорын мен мекеме басшыларымен тығыз жұмыс жасап, қажет жағдайда кеңес беруге әзір екенін көрсетті. 

Алғашқы нысан қалалық сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорынында бүгінде мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарға жағдай жасау жұмыстары сәтті аяқталған. Жалпы, соңғы онжылдықта күрделі жөндеу көрмеген ғимарат жаңа кейіпке еніпті. Енді коммуналдық қызмет төлеуге келген арбаға танылған тұлғаларға кіріп-шығуға, кассада барынша жағдай жасалған.

– 2021 жылы ғимаратты жөндеу кезінде пандус пен кіреберістің құрылысы үшін 1 млн 500 теңге бөлдік. Бұл қаражатқа «Danta-KZ» ЖШС екі айдың ішінде талаптарға сай пандус орнатып берді. Біздің мекемеге келген мүмкіндігі шектеулі тұрғынды даладан күтіп алып, қызмет көрсету залына апаратын арнайы маман да бөлінді. Инвотаксиге автотұрақтан бөлек орын бөлу жұмыстары полиция басқармасының жол патрульдік қызметімен бірлесе жүріп жатыр, деген кәсіпорын басшысы Ахметолла Мырзалиевке ерекше жандарға арнап кезексіз касса ұйымдастыру, пандусқа шатыр жасау тапсырмасы берілді. Шатыр біз аралаған бес нысанда да жоқ. Кейбір нысаннан шатыр түгілі талапқа сай пандусты көру мұң болды десе, артық айтқандық емес. Мысалы, «ҚазПошта» АҚ-ның Желтоқсан көшесіндегі филиалы ғимаратының пандусы көз алдау үшін жасалған. Мамыр айында өткен аралау барысында пошта бөлімшесі басшысына арнайы ұсынымдар берген комиссия мүшелері олардың бірі де орындалмағанына ашынды. Мән-жайды білмек болған бізді карантин шектеулерін желеу еткен күзетші ішкі кіргізбеді. Басшылықты шақыруды сұрағанымызда «филиал басшысы да, оның орынбасары да жұмыста жоқ» деген жауап алдық. «ҚазПошта» АҚ-ның филиалы басшылығына комиссияның келетіні бір күн бұрын ескертілгенін алға тартқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Мұрат Райымбеков қатаң шараға көшуден басқа амал қалмағанын айтты. Қалалық емханада да дәл осындай көрініске тап болдық. Кіші персоналмен тілдесуге тура келген комиссия мүшелері пандустың қоршаулары дымқыл шүберек көрмегеніне куә болды. Ғимаратқа әупірімдеп кірген Абзал Әбжаппаров:

– Қалалық емханаға медициналық көмек алуға келетін мен сияқты науқастар дәрігерге қалай кездеспек? Дәрігерлердің барлығы екінші қабатта қабылдайды. Санитарлық торабына ортатылған тіреуіштердің барлығы осал. Медициналық мекемедегі жағдай осындай болса, өзгесінен не сұрамақпыз, – деп шамданды.

С. Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана мен №3 жалпы білім беретін мектепте де ерекше қажеттілігі бар жерлестерімізге кедергісіз қолжетімділік жасауда олқылықтар бары анықталды. Дегенмен, қос мекеменің басшылары комиссия тарапынан айтылған ескертпелерді назарға алып, келеңсіздіктерді жою бойынша жұмыс жасайтындарын жеткізді. 

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасына сәйкес алдағы апта қалалық жолдарды тексеруге кірісетінін айтқан Ләйлә Батырқызы мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға асықпайтын мекеме мен кәсіпорындарға заң бойынша шара қолданылатынын жеткізді. Атап айтсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 83-бабына сәйкес мүгедектерге әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз еткендерге 50 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салынады. 

Жалпы, Жезқазған қаласында 4715 мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Оның 368-і 16 жасқа толмаған балалар, 441-і І топтағы, 2552-сі ІІ топтағы, 1354-і ІІІ топтағы мүгедектер. Арбаға танылған балалар мен ересектердің саны –152. 

Диана ОРАЗАЛИНА

15:36
1294

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020