ПСИХОСОМАТИКА: ЖАН КҮЙЗЕЛІСІНІҢ КӨРІНІСІ

Адамның ойы оның денсаулығына тікелей әсер етеді. Аталған тұжырым 1818 жылы неміс ғалымы Иоганн Христиан Хайнроттың зерттеуінде алғаш рет кезіккен. Ол адам миын зерттей жүріп ғылымға психосоматика атты жаңа термин енгізді. Ғалымның пікірін одан әрі Зигмунд Фрейд, Йозеф Брейер сынды әйгілі психолог мамандар жетілдірген. Сонымен психосоматика дегеніміз қандай ғылым? Оны психологияда адам бойындағы ішкі ауруларға әсер ету деп түсіндіреді. Адам ағзасындағы күйзелісті қабылдау реакциясының әсерінен асқынатын аурудың бастапқы белгілері бойымыздағы психологиялық ауытқулар, уайымдау, шаршау, жалығу, ренжу сынды жағымсыз қасиеттерден туындайды. Соның салдарынан алғашында мойын ауруы, бас немесе асқазан, бас айналу, құсу, әлсіздік пайда болса, оның соңы күрделі немесе дауасыз дерттерге ұшыратуы бек мүмкін.

Психосоматикаға сәйкес адам жанын жегідей жеген ішкі ойы ауру түрінде оның бойындағы ең осал жеріне шабуыл жасайды. Күнделікті өмірде басы жиі ауыратын, дегенмен қаншама рет дәрігерге барып толық тексерістен өткенімен, себебін анықтай алмай жүрген жандар көп. Не болмаса, бала көтеруге қауқарлы, еш тосқауыл жоқ әйелдердің өзі неліктен жүкті бола алмай жүргенін біле алмай дел-сал болады. Ер адамдар арасында да асқазаны мазалағанымен, оның неге ауыратынынан өзі де, дәрігер маман да бейхабар болып жүргендердің қарасы мол екені рас. Міне, осылардың себебіне тереңінен үңіліп, кеңінен тарқату – психосоматиканың еншісіндегі жұмыс.

Психосоматик ғалымдардың пікірінше, адамдар өз ойының нәтижесін қалыптастырады. Көпшілік қауым адам ойы ғарышпен байланыста болатынына сенеді. Не ойласаң, соның міндетті түрде орындалып, ақиқатқа айналатынын біраз жұрттың қоштайтыны да жасырын емес. Осы тұста мамандар әрдайым жақсы жағдайларды ойлап, қуанып, күліп, жүрегіңіздегі өзіңізге, өзгелерге деген ашу-ыза, өкпе-ренішті ұмытуға тырысу қажетін алға тартады.

Психосоматика ғылымының медицинаның бір бөлігі екеніне әлем халқының көзін жеткізіп, сендірген жан – жазушы Луиза Хей. 30-дан аса психосоматикалық еңбектердің авторы саналатын ол өгей әкесінен зәбір көріп өседі. Кейіннен үйінен қашып, аяғы ауырлаған ол, баласын өзге адамдардың қолына табыстауға мәжбүр болады. Оның көз тартарлық сырт-келбеті сәнгерлік салаға бет бұруына себеп болды. Өмірі енді оңала бастағанда аты жаман ауруға шалдығып, көп ғұмыры қалмағанын естиді. Өлер алдында өзі ренжіген және оны ренжіткен барлық адамдармен кездесіп, олармен татуласуды мақсат етеді. Баяғыда тастап кеткен баласымен қауышады. Осылайша көп жылдардан бері ішін жайлаған қайғы-мұң, өкпе-ренішін, араздығын ұмытуға талпынып, өмірінде зиянын тигізген барлық жандарды кешіруге шешім қабылдайды. Өз дегенін орындаған ол кезекті дәрігер тексерісіне барғанда мидағы қатерлі ісіктің өз-өзінен жойылып кеткенін біледі. Бұған көзі жеткен дәрігерлер де аң-таң болып, қайран қалған.

Сол жағдайдан кейін адам баласындағы барлық ауру-сырқау оның ішкі ойы, көпжылдық сезімдері арқылы пайда болатынына арналған авторлық кітабын жазып шығарды.

Луизаның зерттеуімен жазылған психосоматикалық кітаптардағы мағлұматтармен біз де жіті танысқанды жөн көрдік. Солардың бірқатарын сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.

Оның сөзінше, әйелдер ауруларының көбі өз-өзіне көңіл толмаушылықтан пайда болады. Тамақ ауруың да салмақты себебі бар. Ол ішіңізде айтқыңыз келген бір былапыт сөзді сақтап жүргеніңізден орын алады екен. Адам баласы бойында қорқыныш туындап, барлық мүмкіндіктер жолы жабылғандай болған сәттерде ішек түйіліп, соңы соқырішекке әкеліп соқтырады.

Ерінге шыққан ұшықтың өзі бәрін теріс істеуге талпыну, оқиғаның соңы қайғымен бітеді деп ойлағанда көрініс береді екен. Өткен күндердегі жағымсыз оқиғалар мен естеліктерді ұмытпау салдарынан іш қату жиі мазалайтын көрінеді. Қорқыныш, жауапкершіліктен қашу жағдайларында, керісінше, іш өтуі жиілейтін көрінеді. Сондай-ақ адам өзін неғұрлым ұсқынсыз санаған сайын оның бетіндегі тері аурулары да өрши түседі.

Айта берсек, Луиза Хей тізген аурулардың психосоматикалық себептері тым көп. Ол жалпы адам бойындағы аурулардың алдын алу үшін ойыңызды тазартуға, ешкімге ренжімеуге, өкпені ұзақ уақыт іште сақтамауға, керісінше, ойыңызды ашық айтуға, жақсы көруге кеңес береді.

                                                                                                                                                             Ай СҮГІР

16:00
1789

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020