Облыс төрінде өткен «Азаттық, неткен ғажап ең!» студенттер арасындағы поэзия дуэлінде бас жүлдені жезқазғандық Мәди Олжабай қанжығасына байлады.
Жанат Жаңқашұлы, Бағдат Мүбәрак, Әділет Шопен, Эльмира Сайлауқызы қазылық еткен жас ақындар сайысы жеребе тартумен басталды. Алдымен топтар жарысы өтті, одан әрі осы 4 топтан сегіз ақын іріктелді. Бөлініп сайысқа түскен 4 топтан, іріктеу арқылы сегіз ақын өтті. Оларға бөлек жеребе тартылғаннан кейін мерейі үстем, өлеңі мәнді төрт ақын жартылай финалға өтті. Төртеуінен үздік шыққан екеуі финалда бақ сынады. Соңғы бәсекеде Мәдидің сөзі салмақты, ойы жүйелі, ұйқасы икемді саналып, бас жүлдені жеңіп алды.
Дуэлде «Мен қазақпын», «Абай – бір әлем», «Кешірші, жаным», «Сен мені...» және «Мен ғашық бола алмай жүрмін» өлеңдерін оқыған Мәди 150 000 теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.
2003 жылы Ұлытау ауданының Пионер аулында дүниеге келген Мәди бүгінде Жезқазған музыкалық колледжінде білім алуда. Болашағынан зор үміт күттіретін ақын жігіттің бағындырар белестері әлі де алда.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН