Биылғы жылдың қаңтары қаһарлы басталды. Өз мұңдары мен мүдделерін бейбіт шерумен шешпек болған елдің әрекетін арам пиғылдылар «астарлы» пайдаланып, ақыры қарулы қақтығысқа ұласты. Салдарынан көптеген адам жапа шекті. Тіпті шейт болған боздақтар да бар...
Осындай аласапыран оқиғадан кейін тарихқа жүгініп, өткенге зер салатынымыз бар ғой. Сонда байқағаным, барыс жылы бұрындары да елдің басына бірқатар қиындықтар әкелген екен. Жалпы, халық бұл жылды (Барыс жылын.– Авт.) жайлы жыл деп санайды. Алайда, тарихи деректерде барыс жылы соғыс басталған, ел көтеріліп, адам шығындары болған.
2022 жыл – барыс жылы. Сонда мына қаңтардағы қанды оқиғалар тарихтың қайталануы ма. Әлде, әшейін сәйкестік пе?! Осы сауалдарға жауап іздеп ғаламторды біраз шарладым.Сонымен, тарихта барыс жылы несімен есте қалды? Соны әлім жеткенше талдап көрейін. Барыс – сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде барыс жылын жолбарыс жылы деп те атайды.
Барыс жылы ХХ ғасыр басталғалы 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010, 2022 жылдарға сәйкес келеді.
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл жылдарда соғыс та басталған, бұл жылдары халықтың өмір сүру деңгейі де артқан. Тәуелсіздік алған жылдары елеулі оқиғалар да болған. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан былай деп жазыпты: «1902 жыл қазақ халқында елеулі өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Себебі ол кезде ХХ ғасырдың басталған кезі, біз патшалық Ресейдің құрамында болдық. Ол кезде патша үкіметіне қарсы түрлі үйірме ашылып, күрестер басталды. Бұл жылды саяси ояну кезеңі деп атауға болады. Қазақтарда сауаттылық дамыды деп айтуға ерте, бірақ көзі ашық зиялы қауым білім алып, тәжірибе жинады. Сондай-ақ бұл жылды патшалық Ресейдің саясатына араласа бастау кезеңі деп атауға болады. Ал халық тек өзгеріс күтіп отырды».
1914 жыл – тарихта есте қалатын жыл. Өйткені, бұл жыл – бірінші дүниежүзілік соғыс басталған жыл. Ресей бұл соғысқа дайындықсыз кірісті. Ал, Қазақсан бұл соғысқа тікелей қатыспағанымен, Ресей азық-түліктің бәрін Қазақстаннан алды. Архив құжаттарына қарағанда, Түркістан өлкесінің өзінен 70 мың жылқы, 13 мың түйе жіберілген екен. Соғыста Ресейдің экономикалық жағдайын көтеру үшін қазақ ауылдары көптеп жәрдем берді. Ал, бұл халыққа ауыр тиді. Соның зардабы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне алып келді, – дейді тарихшы-мамандар. Ал, 1926 жылдары қазақ халқы кеңес үкіметінің құрсауына кіріп, большевиктердің жетегінде кетті. Бұл жыл 1921 жылдармен салыстырғанда қазақ халқының еңсесі көтерілген кезең болды. Себебі Ленин бастаған большевиктер жаңа экономикалық саясат қабылдап, азық-түлік салғыртын салыққа алмастырып, шаруаларға еркіндік берген. Қазақстанда егістік жері ұлғайып, мал басы көбейген. Сонымен қатар сауатсыздыққа қарсы күрес, әйелдер теңдігі мәселесі де осы жылдары көтерілді.
«Келесі барыс жылы 1938 жылы болған. 1937- 1938 жылдар – қазақ тарихындағы қаралы жылдар. Өйткені Сталин бастаған әкімшіл-әміршіл жүйе өзінің репрессия саясатын жүргізді. 1938 жылы қазақ халқының ішінен шыққан қаймақтары репрессия құрбаны болып кетті. Бұл қазақ халқының үрейленген, қамауға алынған жылдар ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ олардың түрмеге тоғытылып, лагерлердің жүйелі жұмыс істеген жылдары», – деп жазады Болат Сайлан өз еңбегінде. Тағы араға 12 жыл салып қайта келген барыс жылы 1950 жылға түсті. Бұл Сталин билігінің соңғы жылдары. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шығынның орнын толтыру жылдары ретінде белгілі. Өйткені, кінші дүниежүзілік соғыс орасан зор шығын алып келді. Сонымен бірге, елуінші жылдар – ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары да болды. Бұл жылдары қазақ халқы соғыста қираған қала, колхоз, совхоздарды қайта тұрғызу үшін жатпай-тұрмай еңбек етті, халық шаруашылығы үшін күресті.
Ал 1962 жыл қазақ халқына оңай бола қойған жоқ. Бұл жыл қазақ халқының біраз жерінен айырылып қалуымен тарихта қалды. Хрущев қазақ жерін талан-таражға салу саясатын жүргізді. Соның салдарынан Оңтүстік Қазақстанның біраз аймағы Өзбекстанға өтіп кетті.
1974 жыл тоқырау уақыты деп саналады, бұл жылдары қазақ тарихында аса маңызды өзгерістер болмаған. 1986 жыл. Бұл біздің тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен жазылған жыл. Биыл оған 35 жыл болды. Колбин билікке келгенге дейін біраз мәселе қордаланып қалған еді, оның ішінде экологиялық, әлеуметтік-экономикалық тоқырау, колхоз бен совхоздың шығынға батуы бар. Осының бәрі жиналып қалған кезеңде биліктегі адам ауысып, Желтоқсан көтерілісі болды. КСРО-ның іргесінің сөгілуіне осы оқиға соққы болды. Әрине, ол қазақ халқына оңай тиген жоқ. Сол «Желтоқсан оқиғасында» қаншама адам құрбан болды, қаншама адам қуғынға ұшырады. Өйткені 99 адам сотталды, 12 жоғары оқу орнының ректоры қызметінен кетті, қаншама жас оқуынан шығарылды, қаншама адам партия қатарынан шығарылды. Одан кейінгі барыс жылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде келді. Бұл кезеңдер еліміздің дәуірлей бастаған, еңсесінің көтеріле бастаған кезеңіне дәл келді. 1998 жылдары Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде танылды. Дәл осы жылы Қазақстан ордасы Сарыарқаның төріне қонды. Жаңа астанамен жаңа өмір бастады. Ал одан кейінгі барыс жылы 2010 жыл келеді екен. Бұл жылдың ең елеулі оқиғасы – Тәуелсіз Қазақстан әлемге таныла бастаған мемлекет болды. Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде алғаш болып Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге төрағалық етті.
Хош. Тарихшылардың айтуынша, барыс жылы Қазақстан тәуелсіздік алғалы жаман өтіп жатқан жоқ. Егемен еліміз барыс жылында барыс секілді күрескерлігінің арқасында көздегеніне жетіп жатыр. Биыл да сондай биік межелерді бағындырарымызға сенім мол. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірлігімізден ыдырымайық.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ