ҚАДАҒАЛАМАСА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНА ТҮСЕ БЕРЕ МЕ?

2021 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға қосқан үлестің жартысын иеленген. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдер үшін жуырдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді негізгі басымдық ретінде белгіледі. Биылғы бірінші жарты жылдықта Президенттің тапсырмасы бойынша енгізілген жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағаларын 180 күн мерзіміне уақытша реттеуге тапсырма берілді. Бұл тапсырма бағаны тұрақтандыруға оң әсерін береді дейді мамандар.

Осыған орай, Жезқазған қаласында 2022 жылдың бесінші қаңтарынан бастап «Самади», «Акцент», «Самаз», «Органик», «Ақтоты», «Ұлы дала» сауда орталықтарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге сауда үстемесін 7 пайыздан асырмау және аталған сауда орындарында әлеуметтік бұрыш ашу туралы тапсырма берілген болатын. Осы жұмыстардың орындалысын қадағалау және бағаны бақылауға алу мақсатында қала басшысы Қайрат Әбсаттаров қалалық мәслихаттың бірқатар депутаттары және мониторинг тобы мүшелерімен бірге Жезқазған қаласындағы «Самади», «Акцент», «Самаз», «Құт-береке» сауда нүктелері мен «Ұлытау», «Здоровье» дәріханалары, «Qazoil», «С-Мұнай» сынды жанар-жағар май бекеттері мен газ тарату орталықтарын аралап, қолға алған іс-шаралардың орындалу барысын көзімен көріп қайтты.

Рейд алдымен Самади сауда орталығынан басталды. Қаңтардың бесінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бұрыш ашу көзделсе, қаңтардың 14-күнгі рейдтің алдында «Самадидің» қызметкерлерінің тауарларды самсатып қойған бұрыштағы «әлеуметтік бұрыш» деген жазудың қайта-қайта қыртысын жазып жатқанын көзіміз шалды. Осыдан соң, арада өткен тоғыз күн мерзімде шаруаның шапшаң орындалмағаны былай тұрсын, аймағымыздағы атақты сауда желісі тексерулермен желкелегенде ғана қозғалып отыр ма деген ойда қалдық

Жалпы рейд барысында жоғарыда аты аталған сауда орындарында әлеуметтік бұрыш ашылып, бағаны межеге сай қойғанымен, шағын сауда нүктелеріндегі бағаның үстемесі талаптан жоғары екені бірден көзге түсті. Мысалға тоғызыншы орамдағы «Құт-береке» дүкенінде жұмыртқа бағасының өсімін, сондай-ақ, тазалығы санитарлық талапқа сай келмейтінін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, қала бойынша «АИ-92» маркалы бензин бағасы литріне – 182 теңгеден, газ бағасы– 75 теңгеден, дизель – 230 теңгеден сату көзделген болатын. Қаланы аралау барысында дәріханалар мен жанар-жағармай бекеттерінде баға тұрақты екеніне куә болдық. Алайда қала басшысы Қайрат Бектайұлы «Qazoil» газ құю орталығының сыртқы көрінісіне көңілі толмайтынын жеткізіп, қауіпсіздік ережлерінің мүлдем сақталмағанын, тазалығының көңіл көншітпейтінін сынға алды. Шынымен де 9-орамдағы айналма жолда бірден көзге түсетін нысанның ескілгі, таблосында халыққа ақпарат ретінде ілінген бірде бір бағаның жоқтығы бірден көзге түседі. Алдағы уақытта сыннан нәтиже шығады деген үміттеміз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қаламыздағы ірі және шағын сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Кәсіпкерлермен келісім жүргзіліп, кейбір тауардың бағасы 7 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен осы бағаны ұстап тұру, алдағы уақытта күрт өсірмеу турасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алайда кебір шағын дүкендерде бағаға артық үстеме қосып сату кездеседі. Оған бүгін өзіміз де куә болдық. Осы мәселе бойынша алдағы уақытта жұмыстар қолға алынып, қатаң қадағалауда болады, – дейді қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Арынғазин

Атқа мінерлердің айтуынша, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін ұдайы тексеріс жүргізіліп, еріктілерден мониторингтік топ құрылып, саудагерлерді қатаң бақылауға алу көзделген. Бұл бастапқыда қарқын алып, кейін «сен тимесең, мен тименің» кебін кимесе болғаны. Берілген уәде бойынша жұмыстар атқарылса, «әкім мен комиссия келе жатыр» дегенде ғана бағаны түсіре қойып, ал олардың қарасы ұзаған соң өсіріп, қарапайым халықтың қалтасын қаққандар азаяр ма еді? 

Жаннұр ТӨЛЕНДІҚЫЗЫ

10:57
756

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020