ҚАҒАЗДА АЙДАЙ, ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ?

Жергілікті билік бұқарамен байланыстың ашықтығын қамтамасыз етуді жөн көріп, «Дидар» телеарнасының баспасөз клубында бірінен кейін бірі брифинг өткізуді бастады. Бұрын қордаланған кей мәселелердің мәнісін анықтауға байланысты хабарлассаң, «алты қырдың астынан қашып» маңайлатпайтын кейбір басшылар енді атқарғаны мен алда еңсеретін шаруаларын жіпке тізіп, өздері есеп беруде. Мұның соңында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеген Президент тапсырмасына байланысты қала басшысының пәрмені жатқаны белгілі.

Бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы брифингке жылу электр орталығының, электр желілері кәсіпорнының басшылары Мадиар Алтыбаев, Анатолий Кравчук және «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директорының міндетін атқарушы Юрий Литинский, аталмыш кәсіпорыннның бас инженері Марат Салин қатысып, есеп берді. Әдетте басшылар есеп берсе, ұзақсонар баяндама болатын. Бұл жолы кәсіпорын директорлары күнделікті тірлігін, үстіміздегі жылғы жоспарын қысқа-нұсқа баяндады. Ағымдағы жұмыстан бөлек, әр деңгейдегі қазынадан бөлінген және инвестициялық қаржы есебінен түгенделетін тірліктер тізбектелді. Оның ішінде кәсіпорындағы қондырғыларды жаңарту, жаңғырту жұмыстары, жаңа техникалармен жабдықтау мәселелері қамтылған. Одан кейін кәсіпорын директорлары журналистердің тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді. Оның әлқиссасы «қалада жиілеп жатқан жаңа құрылыс нысандарының салдарынан тұрғын-үйлер жылудан қағылмай ма?» деген алаңдаулы мәселелерден басталды. Одан бөлек, Қостанкелді, Бекболатсай шағын аудандарындағы иесіз жатқан жылу желілері, коммуналдық қызмет ақысының көлемі, қызмет көрсету сапасы, жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін астан-кестені шыққан жолдар жайы сынды түйінді түйткілдер айтылды. Жауаптылардың айтуынша, коммуналдық салада анау айтқандай іркіліс жоқ. Жоспарлы жұмыс өз ауанымен атқарылуда. Тұтынған қызмет үшін тарифті де өсіру әзірге көзделмеген. Қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады. Бір сөзбен айтқанда, алаңдауға негіз жоқ. Солай-ақ болсын!

ЖОЛДЫ САПАСЫЗ ЖӨНДЕУГЕ ЖОЛ БЕРІЛГЕН

Бұдан кейін араға бірнеше күн салып брифинг алаңынан қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ержан Есетов, «СәтТазалық» ЖШС директоры Әділхан Әметов және «Сенім Строй» ЖШС бас инженері Жанат Байжанбаев табылды. Бұл саланың шаруасы шаш етектен, қордаланған мәселелелері де жетіп артылады. Бөлім басшысы журналистермен ашық диалогқа ықтиятты әзірленгені әр мәселе бойынша жеке дара түзген он беттік баяндамасынан айқын аңғарылды. Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық саласы бюджетінің жалпы сомасы 7,8 млрд. теңгені құраған. 2019 жылдан бері Жезқазғанда газбен қамтамасыз ету жұмыстары «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын тарту шеңберінде жеке сектордың тұрғын-үй массивтерін, қала ғимараттарын кезең-кезеңімен газға алмастыруға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 14,3 млрд. теңгені құрайды. 2020 жылы 2,2 млрд теңге игеріліп, Талап және Пристанционный кентінде 36,7 шақырым газ құбыры тартылды. Бұл өз кезегінде 434 тұрғын үйдің газдың шапағатын көруіне мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Талаптың сегіз үйі көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Бөлім басшысы Ержан Жағыпарұлы кезең-кезеңімен атқарылатын ауқымды жоба аясындағы жоспарлы жұмыстарға, оған бөлінген қаржы көлеміне тоқталды. Баяндама барысында 2019-2022 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында атқарылатын жұмыстар да тілге тиек етілді. Оның аясында жылу желілерін жаңарту, қаланың оңтүстік аумағын, Кеңгір кентін сапалы ауыз сумен қамту мәселелері сынды ілкімді істер бар. Жоспар ауқымды, тиісті қаржысы да қаралған, ендігі міндет сапалы жұмыс жүргізу. Мұны не үшін айтып отырмыз?! Талай таңдаулы жобаның кемеліне келмей орта жолдан күйрегенін, оған бөлінген қыруар қаржының желге ұшқанын көріп те, естіп те жүрміз. Елдің игілігіне бағытталғаннан кейін, оның шапағатын қарапайым халықтың көргені керек бізге. Бәрін айт та, бірін айт Ержан Есетов кәріз жүйесі, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, ұқсату мәселесі, жыртығы жамалған жолдар жайы туралы да айтты. Жол демекші, былтыр аулаішілік жолдарды жөнге келтіруде келеңсіздіктер орын алған. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер «МК Групп» ЖШС салғырттығы салдарынан Анарқұлов, Жанасов, Шевченко көшесі жолдарының жөнделуі көңіл көншітпеген. Бүгінде тараптар арасындағы даулы мәселе сотқа жеткен. Көп мәселеде кегежеміздің кейін тартуына жоспарлы жұмыстарға жауапты мердігерлерді анықтауға байланысты конкурстың кешеуілдеуі де сеп болады. Басқа тиген соң ғана жауаптылар осы олқылықтардың алдын алуды қолға алып, кейбір конкурстар бойынша ерте қамданған. Баяндама барысында тұрғынүй мәселесі, жарықтандыру, абаттандыру, көгалдандыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта үстіміздегі жылы атқарылатын қыруар шаруа тізбектеліп, тегіс айтылды.

ҚАЛА ҚОҚЫСТАН ТОЛЫҚ АРЫЛМАЙ ТҰР

Одан кейін «СәтТазалық» ЖШС Әділхан Әметов өз саласы бойынша еңсеріліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Қоқыс тасымалы – күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Лық толған контейнерлердің жыры тұрғындар тарапынан айтыла-айтыла жауыр болған мәселелердің бірі. Жауапты кәсіпорын да қоқыс тасымалындағы іркілісті контейнерлердің аздығымен, техникалардың қаттығымен ақтаудан танбайды. Кәсіпорын директоры баяндама барысында тарифтің 2013 жылдан бері көтерілмегендігін, оның да қызмет көрсету сапасына кері әсер ететіндігін айтып қалды. Биыл тарифті өсіруді көздеген кәсіпорын Президенттің 180 күнге жариялаған мараторийіне байланысты іркіліп қалған. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін тауып жатса, тариф жеке тұлғалар үшін 330 теңгеге дейін өспек. Тариф өскен соң, тиісінше қызмет көрсету сапасы да жақсаруы тиіс. Тұрғындар әр төлеген тиыны мақсатта жұмсалуына мүдделі. Туындаған барлық түйткіл тарифті өсірумен шешіле қойса, оны да уақыт көрсетер. Әзірге қоқыс тасымалына байланысты сұрықсыз сурет әр шағын ауданда қылаң береді. Алдағы уақытта кәсіпорын техникаларын жаңартып, қоқыс алаңдарын кеңейтіп, ондағы контейнер санын арттыруға мүдделі. Тараптар талқысы барысында қоқыс алаңдарын әп сәтте толтырып тастайтын сауда нүктелеріне қатысты күрмеу лі мәселе қаузалды. Контейнер алаңдарына рейд жүргізу, қоқыс тасымалы ережесін бұзғандармен заң шеңберінде жұмыс жасау, мұның бәрі кәсіпорынның ағымдағы тірлігіне айналып кеткен. Бұдан бөлек тұрғындардың қоқыс тасымалы қызметіне қарызы да айтылды. Бүгінгі күні оның көлемі 21 млн. теңгеден асып жығылады. Оны өндіру жолдары, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да журналистер тарапынан қойылған сауалдарға арқау болды.

« ЖОШЫҒА» БАРАР ЖОЛ ҚАНДАЙ?

Бұқаралық ақпарат өкілдері тарапынан жолданған сауалдардың бірі – «Жошы хан» кешеніне байланысты. Жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін мұнда ат ізін салғандар қатары артқаны жасырын емес. Болашақта бұл аймақты туристік аумаққа айналдыру мәселесі күн тәртібінде. Дегенмен, тиісті инфрақұрылымы болмаса, турист қайдан тартылсын?! Кешенге апаратын тақтайдай жол салына ма, оған қажетті жобалық-сметалық құжат түзілген бе?! Бұл мәселеге келгенде бөлім басшысы Ержан Есетов мардымды жауап бермеді. Республикалық деңгейде шешілетін болғандықтан, жол салу жоспарда бар, бірақ тиісті құжат жоқ, – деген бір ауыз сөзбен шектелді. Одан бөлек брифинг барысында жасыл желектердің жайы, қаладағы саябақтардың жай-күйі, қақпақсыз жатқан құдықтар да тілге тиек етілді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласының жұмысы ауқымды. Әйтсе де, тыңғылықты ұйымдастырылып, уақытылы атқарылса, шешілмейтін мәселе жоқ. Тыңдағанымыздай, қағазда бәрі айнадай, алайда, өмірде қандай? Жоспарлы іс шашау шығармай атқарыла ма, әлде көбесі сөгілмеген күйі қала ма?! Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, ауқымды жобалардың ел игілігін көре ме?! Қалай болғанда да, бұқара пайдасын көрсе екен, біздің тілек сол.

Меруерт НАУРЫЗБАЙ

10:58
784

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020