Күннің суып, аяздың түсуі кім-кімге де оңай соқпасы белгілі. Осы тұста айрықша әбіржуге түсетіндердің бірі – көшедегі үй-күйсіз жандар. Қыс қыспағына алған мезгілде қала көшелеріндегі қайыр тілеушілердің де саны күрт артып кетеді. Ішімдікке сылқия тойып, ес-түссіз халде көрінген жерде жатқандар мен жылу құбырларын паналап жүргендерді де көзіміз шалып қалады. Олар қандай халде күн кешуде, қалай жан бағуда деген сұрақтар көптің көкейінде жүретіні рас. Дегенмен олардың жағдайын білуге аса құлықты емесімізді де мойындауымыз шарт. Сондықтан осы тақырыпты тереңірек зерттеуді жөн көрдік.
Мысты шаһардағы «кезбе адамдар» көп жүретін көшелердің бірі – Алаша хан даңғылы. Қаладағы бас даңғыл бойында жылу құбырларын паналаған оларға көбіміздің көзіміз үйреніп те қалған. Дегенмен жылу құбыры маңындағы аяқ асты шашылып жатқан ас атасы мен бос бөтелкелер және темекі тұқылы кім-кімге де жағымды әсер қалдырмасы сөзсіз. Бұл бір жағынан қала келбетіне де үлкен сын. Ас ішіп, дәретін де бас көшеге қалдырады. Қолқаны алған мүңкіген иіс өткен-кеткеннің жиіркенішін тудырып, жүрегін айнытады. Сонымен құбыр астындағы тіршілік қалай екенін білмек мақсатта әлгі жерге барып, ондағы «тұрғындардың» хал-жайымен таныстық. Жаздыгүні күніне бірнеше мәрте көзіміз шалатын оларды қыстыгүні күндіз кезіктіре алмадық. Мүмкін өз жөндерін тауып кетті ме екен деп ойлағанымызбен, қас қарайған шақта барғанды да жөн көрдік. Расында да олар түнемелікке үйреншікті жерлеріне оралады екен. Шақыртусыз келген қонақтарды аса қатты жақтыра қоймайтын олар бізді көре салысымен құбыр қуысына тығала, қараңғылық қойнына сіңіп кетті. Бұл жолы оларды сөзге тарта алмағанымызбен, келесі күні жүздесудің сәті түсті. Түн ортасында құбыр жанында тәтті ұйқы құшағында жатқан оның аты-жөні Александр Дер болып шықты. Ол өзінің неліктен осындай жолға түскенін аса ашып айтпады. Дегенмен туыстары барын, бірақ құлқынның құлы болып, осындай жолға түскенін жасырмады. Сондай-ақ өзіне ешкімнің көмегі қажет емесін, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету орталығы көмегінен үш рет бас тартқанын жеткізді.
Мәселенің анық-қанығын білмек мақсатта сол орталықтың басшысы Жақып Аймырзаға хабарластық. Қала бойынша осындай қайыр тілеп, күнін көріп, көшеде түнеп жүргендер саны 6-7-еу ғана екенін, соның бірі осы Александр екенін айтқан ол аталған орталыққа ешкімді де күштеп орналастыра алмайтындықтарына назар аударуды сұрады.
– Өмірлік қиын жағдайда қалғандарды бейімдеу орталығында бүгінгі таңда 28 адам жатыр. Алдағы күндері тәртібін түзеу мекемесінен 10 шақты адам келмек. Біз орталықты тек көшедегі қаңғыбастар жататын мекен ретінде қабылдамауымыз қажет. Өйткені бұл жерге аты айтып тұрғандай әр түрлі қиын жағдайға тап болып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар келіп көмек сұрай алады. Мысалы, қалаға қыдырып келіп, құжаттарыңыз бен ақшаңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін немесе аяқ асты баспанасыз қалуыңыз мүмкін. Міне, сондай сәттерде олар алғашқы кезекте біздің көмегімізге жүгінуі қажет. Кейде осыған біздің менталитет кедергі болып жатады. Дегенмен ол бұл жерде мәңгі тұрақтамайды ғой. Көмек алып, құжаты дайын болған соң өз жөнімен кетеді. Егер жұмыс керек болса, біз жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, олардың екі қолға бір күрек табуына септігімізді тигіземіз, – деген Жақып Аймырза құбыр астын паналаған жезқазғандықтардың барлығының жайынан хабардар екенін жеткізді. Оның сөзінше анасы және әпкесімен бірге тұратын Александр Дерді бірнеше мәрте Жезқазған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері көріп, осында хабарласқан. Оның сөзін растайтындықтарын айтқан ол азаматтардың келісімінсіз ешкімді де күштей алмайтындығын және ескертті.
Көшеде сұлқ түсіп, тас жолды төсек еткендердің қатарында Даниил Мулаянов та бар. Әсіресе, перзентхана маңында өткен-кеткендерден ақша сұрап маза бермейтін ол да жылы орын, жайлы төсектен гөрі елдің берген азды-көпті тиынына өмір сүргенді жөн көреді. Жұрт ақша беруден бас тартса әр дүкенге кіріп, тамақ сұрап, жұрттың жаны ашып берген тамағын талғажау етеді. Одан қалса бос бөтелке мен темір-терсек өткізіп, күн көреді.
Алақан жайып, көмек сұрайтындардың бір парасы кісі қарасы қалың Сейфуллин көшесі бойында да мол. Солардың арасында күн сайын түс ауа «Траст» сауда орталығының алдына келіп, емге қаражат сұрайтын Ерік есімді жігітті байқамау әсте мүмкін емес. Дегенмен оның халі жоғарыда сөз еткен екі кейіпкерден бөлектеу. Бұл азаматтың жағдайымен танысу мақсатында қасына жақындап, мән-жайын білу үшін сөзге тарттық. Алғашында еміне 100 000 тг керек екенін айтқан ол барлық сұрақтар бойынша анасына хабарласқанымызды қалады. Осылайша Еріктің анасы Гүлнәрмен де телефон арқылы тілдесуге тура келді. Анасының айтуынша, Ерік Мұқаш – ІІІ топтағы мүгедек. Бүгінде анасы, анасының жұбайы және екі қарындасымен Сәтбаев қаласындағы жатақханалардың бірінде тұратын Ерік біраздан бері сол жатақханада вахтер болып жұмыс істеген екен. Жақын арада белгісіз себептермен жұмыстан шығарылған оның және анасының жалғыз тілегі бұрынғы жұмысына қайта оралуы болып отыр. Еріктің еміне 100000 емес, одан да көп қаржы қажет екенін айтқан анасы, мемлекеттен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін зейнетақының тамақтың өзіне әрең жететінін, одан бөлек ұлына ай сайын қаншама дәрі-дәрмек қажет екенін айтып налыды.
– Біз Сәтбаев қаласында тұрамыз. Мен ұлыма «Мұныңды қой. Жұртқа алақан жайма!» деймін. Ол мені тыңдамайды. Қазір жұмыссыз қалған ол өзін масыл сезінеді. Жатақханада құр қол жатқысы келмейді. Өзгелер сияқты денсаулығы болмағандықтан, оны ешбір жер жұмысқа алмайды. Амалсыздан Сәтбаевтан автобусқа мініп, Жезқазғанға жол тартады. Күн сайын сонда барып, тапқан тиынын бізге әкеліп береді. Оның балалық шағы қиын болды. Өз әкесі шалғайда тұрады әрі одан еш көмек болған емес. Ұлымның халі жанымды қынжылтады. Ең болмаса жұмысына көңілі бөлініп, ойы сергіп жүретін. Жұмыстан шыққалы мінезі тұйықталып, көше кезуден басқа амалы қалмады. Қыстың қақаған күнінде ауырып не болмаса екі ортада бірдеңеге ұшырап қалмаса екен деп жаным шыр-пыр болып отырады, – деген Гүлнәр ханым баласына жанашырлық танытар мейірімді жандардан көмек көрсетулерін сұрайды.
Сан түрлі тағдырлар сабылысып жататын мына өмірде күйбең тіршілік қамымен айналамызға назар салуға мүлде мұршамыз болмай жататыны рас. Кей кездері көп нәрсеге көңіліміз толмай, шүкіршілік етуді де ойдан шығарып алып жатамыз. Осындайда бүгінгі мақаламызға арқау болған адамдар туралы ойланып, олардың өміріне көз тастап көргеніміз дұрыс болар еді. Ақ қар, көк мұзда құбыр астын пана еткен осынау «кезбе» тұрғындарды көріп, көп жағдайда жауапты мекемелер тарапынан қажетті жұмыстар атқарылмай жатыр деген ойда қаламыз. Дегенмен әр адамның өмірінің жақсы не жаман жақта өрбуі өз қолында және өз таңдауына тікелей байланысты екенін де естен шығармағанымыз абзал. Қала дегенде де «Оң қолымның бергенін, сол қолым көрмесін», «Садақаны саулығыңда бер» деген сөздерді өмірлік ұстанымы етіп, мұқтаж адамға жанашыр бола білген ұлттың ұрпағымыз. Садақаның сауабы мол екенін ислам дінінің қасиетті құран кітабы да растайды. Әрине, басың аман, денің сау, он екі мүшең аманында өзгеге масылдық тудырмай, маңдай тер, адал еңбегіңмен нәпақаңды айырғанға не жетсін! Әр жақсылықтың өз қайтарымы болатыны анық. Қайырымдылық жасаса деп көз тігіп, қол жайғандарға қараған жөн-ау. Екінші жағынан біреудің өз балаларына бір күндік нанын алып беретін адал еңбекпен тапқан ақшасына екінші біреулердің жеңіл жолмен қол жеткізгені де жөн емес шығар. Қанша адам болса, сонша тағдыр, сонша өмір сүрлеуі бар. Қалай десек те, денсаулық жағдайына не мүгедектігіне байланысты болмаса, қандай да бір еңбекке жарамды жанның көз сатып, пұл табуды кәсіпке айналдырғаны қоғамдағы бір олқылықтан хабар беретіні де ақиқат. Халықты тәрбиелеу – мемлекет парызы. Олай болса, әрбір түйір нанның маңдай термен суарылған алқаптан өнетінін түсініп, өзі де еңбекке құлшынатын қоғам қалыптастыра алсақ, құбыр астын – баспана, садақаны – нәпақа көріп жүргендер мүлдем тыйылар ма еді?!...
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН