ӘНУАР мен ОМАР – ЕҢ ЖАС БЛОГЕРЛЕР

Күнделік жазып, жеке қызығушылығы мен ойларын тізбектемеген жан сирек болар. Бұрынғының блогы осы болатын. Әдебиеттің бұл жанры бүгінде аса сұранысқа ие емес. Қазіргілердің қызығы – блок жүргізу. Әр түрлі әлеуметтік желілерге тіркеліп, оқырман санын арттырып отырған таныстарымыз тым көп. «Лүпіл» жинау арқылы танымалдығын арттырып, елге танылып және бұдан ақша тауып отырғандарды көргенде қызығатынымыз рас. Сонымен көп кәсіпті жолда қалдырып, смартфонға телмірткен блогер атты жаңа кәсіп қашан пайда болды?

Блок жүргізу ісінің негізі 1993 жылы қаланған. Әдеттегідей мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарында. Алғашқы блогерлердің бірі ретінде Джастин Холлдың есімі жиі аталады. Ол өзінің «links. net» деп аталатын блогында достары мен курстастарына өзі жайлы эсселер мен қызықты мағлұматтар тізбегін жариялап отырған. Уақыт өте жаңа веб-парақшалар ашылып, блогерлер саны да арта түскен. Бүгінде бір ғана АҚШ-та 31 млн-нан астам блогер бар екен. Олардың біреуі би билейді, екіншісі ІТ саласының қыр-сырын үйретеді, үшіншілері саяхат, сапарларымен елітеді. Әйтеуір қай-қайсысының да өз оқырманы, қолдаушы аудиториясы бар.

риясы бар. Жыл сайын «Forbes» журналы әлемдегі ең бай адамдардың есімдерін жариялайды. Жыл сайын олардың қатарындағы блогерлердің саны да артып келеді. Мысалы 2021 жылы ең бай блогер Джимми Дональдсон саналды. Жылдық табысы 54 млн долларды құраған акробат «You Tube» желісінде өз өнерімен көпті тәнті етіп үлгерген. Ол жинаған ең көп қаралым 10 млрдты құрап отыр. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі оқырманы мол парақшалардың үштігінің төрін аталған желінің өз ресми парақшасы құраса, 2-орында футболшы Криштиану Роналду және 3-орынды миллионер сылқым Кайли Женнер иеленген.

«Instagram» мен «TikTok»-ты айналдырған блогерлердің қатары біздің елімізде де күн сайын артып келеді. Тек олардың көбісі өз блоктарын орыс тілінде жүргізгенді жөн санайтыны қынжылтпай қоймайды. Одан бөлек әлеуметтік желілердің ұрпақ тәрбиесіне де тигізер әсері мол болып тұр. Жоғарыда атаған әлеуметтік желілерден тәнін жалаңаштап, аузын былапыт сөзге толтырған «блогерсымақтар» мен жынысын ауыстырып, жаратылыс заңына қарсы шыққан трансгендерлер мен транссексуалдарға сүрініп қалуға болады. Ата-ана жұмыс бабымен алаң болып, тамақ табу қамымен шапқылап жүргенде, үйде телефонмен дос болып қалған баланың тәрбиесіне осындайлар ықпал етіп, болашағына әсерін тигізіп жатқанын ойлау тіптен үрейлі.

Медальдің екі жағы бары рас. Осы тұста заманауи қажеттілікті пайдалы тұрғыдан кәдесіне жаратып жатқандар да жоқ емес. Солардың қатарында біздің жерлестеріміз де баршылық. Үлкен қалалардағыдай біржолата блогерлікпен шұғылданып жүрген жезқазғандықтар көп емес. Солардың қатарында shef_anu аккауынтымен белгілі Әнуар Мәуленнің бәсі биік. Үш жасар бүлдіршіннің парақшасына жазылушылар саны 379000-нан асады. Кішкентайынан танымалдыққа ие болған «шеф-аспаздың» анасының еңбегі зор. Әнуардың анасы Жадыра Жакеева – қаржы саласының маманы. Әнуар және қарындасымен декреттік демалыста отырған ол ұлының тамақ істеген сәттерде аса ықтиярлықпен қарайтынын байқап, асханадағы видеоларды түсіре бастаған. Осының нәтижесінде инста парақшасына жазылушылар саны артқан. Сөйтіп шабыттана түскен жас ана ізденіп, күнделікті өмірмен байланысты видеолар түсіріп ұсынды. Бұл еңбегі зая кеткен жоқ. Бүгінде азды-көпті танымал болып, сырттан жарнамаға ұсыныстар алады. Көбіне бартерге жұмыс істейді.

Сырт көздің алдында жүрген Әнуар жиі ауырып қалатын көрінеді. Осындай сәттерде үйдегі үлкендер тарапынан келіспеушілік те байқалған. Дегенмен бүгінгі заман талабы екенін түсінген туыстар кейіннен қарсылық танытпайтын болған. Ауырып қалған сәттерде қазақша емге жүгінетін Әнуардың Омар есімді досы да блогерлікке қадам басқан. Кішкентай екі дос блогер ретінде көптің көзайымына айналып келеді

Қазіргі таңда фуд-блогерлер жұмысы елеулі. Олар өз еңбектерін әлеуметтік желі арқылы өткізіп отыр. Мәселен, Нұргүл Қайрат. 28000-нан аса жазылушысы бар ол қыз-келіншектер жасауға қиналатын тағамдар мәзірін оңай әрі түсінікті қылып үйретеді. Алғашында отбасылық бизнесін жарнамалаудан басталған қызығушылығын осындай табысты кәсіпке айналдырған бармағынан бал тамған келіншектің пайдалы посттары әлі де мол.

Иә, не десек те, блогерлік – заман талабына айналғанын мойындауымыз керек. «Орайын тапсаң – орақ ор, кезегін тапсаң – кетпен шап» дегендей пайдалы істің көзін тауып еңбектенгенде тұрған не бар?! Тек көкқағаз бен дақпыртты атаққа қызығып, ар мен ұятты ұмыт қалдырмасақ болғаны. Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

10:32
1066

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020