Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Кербез сұлу Көкшетаудың топырағынан жаралып, Сексен көліне шомылып өскен Кәкімбек Салықов иісі қазақ үшін сүйкімді тұлға. Жезқазғанның Жезкиігін жырлай жүріп, өзі де қазақ поэзиясының жезкиігіне айналған Кәкімбек ағамыздың дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Осыған байланысты қазақтың және бір қадірлі ақыны Серік Ақсұңқарұлының Кәкеңнің көзі тірісінде жазылған эссесін арнайы басып отырмыз. Ұлыны ұлы сыйлаған қандай жарасымды. Жезқаған жері үшін, Жезқазған елі үшін Кәкімбек Салықовтың орны бөлек, әрдайым ерекше болып қала береді.
«СӘКЕН АҒАМ ЕЛЕСТЕЙДІ КӨЗІМЕ...»
Қайда көшіп Ай барады?
Білмеймін...
Тұман басты айналаны...
Білмеймін...
Кіріп барсам аупарткомның үйіне,
Басым неге айналады –
Білмеймін...
Әрі аттадым,
Бері аттадым...
Кірмеймін!
Алла ма, кім – жаратқаным?! –
Білмеймін...
Аупарткомның хатшылары ашулы.
Неге ашпайды қабақтарын?!
Білмеймін...
Түк шабыт жоқ.
Салқын ойлар санамда.
Поштабайдың екі қолы – жағамда.
Аға сұлтан бола алмаған Шоқандай,
Тап болыппын алмағайып заманға.
Ұлысқа ие болсам дейтін баланы,
Учасковый иығымен қағады.
Жер түбінде – жүгінетін Жезқазған,
Тоқырауын...
Баста – тоқырау заманы.
Лап еттім де көкірегіме түскенде от,
Іштім, сонсоң...
Бостан-босқа ішкем жоқ:
Өзі – ақын, өзі – обкомның хатшысы,
Көкеміздің көзіне де түскем жоқ!
Тентегі мен телді салып тезіне,
Құл-құтанды тәнті қылған өзіне –
Совнаркомның төрағасы, тәкаппар,
Сәкен ағам елестейді көзіме.
Қызыларай-Шатырша таулары мен Ақжарық-Тоқырауын өзендерінің саясынан сайғақ құрлы сая таппай, егіліп жүрген кезім… Күндердің бір күнінде Жезқазған Қарағандыдан енші алып, облыс орталығына айналды да, обкомның екінші хатшысы болып, Кәкімбек Салықов сайланды. Қазақ жырын Қасымнан кейін қайта түлеткен Қадыр, Тұманбай, Сағи, Мұқағали, Өтежандарға ілесе келген Кәкімбек Салықов бір күнде советтің ірі шенеуніктерінің біріне айналып шыға келді...
Алаштың аталы сөзі құлағына кіріп, құлқына жақпайтын сондағы аупарткомның хатшыларынан бастап, совхоз директоры, бөлімше меңгерушісіне дейін обком хатшысы Кәкімбек Салықовтың өлеңдерін жатқа айтады! Егер сол кезде, жаман айтпай жақсы жоқ, осы Кәкең ЦК-дан бір-ақ шыққанда, бүкіл Қазақстан сонау Асанқайғы, Қазтуған, Доспамбеттерден бастап, Мұқағалиға дейін аралықтағы қазақ жырын бір кісідей жаттап алатын ба еді, қайтер еді?!
Бұрын ақын көрсе, ата-жауын көргендей болатын аупарткомның нұсқаушылары:
— «Қазақ әдебиетінің» пәлен деген санында біздің Кәкеңнің өлеңдері шығыпты! – деп отыратын болды. Тіпті, облыстағы аупарткомның бірінші хатшыларынан совхоз-совхозға «Әрбір отбасында бір-бір «Жұлдыз» журналы болатын болсын» деген нұсқау түсіпті деседі… Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ақталғанда осындай бір дүбір болғандай… Ақтоғойға бір күні Қасым Қайсенов келіп саңқылдаса, бір күні Оспанхан Әубәкіров келіп, жұртты қыран-топан күлкіге батырып жатты. Жезқазғанда сондай бір заман болған...
Ақын сырлас досы дүниеден озып, күйбең тіршілікпен жаназасына қатыса алмай, біраз уақыт өткеннен кейін туғандарына көрініп қайтайын деп досының ауылына келеді. Досының үйіне келсе, есігінде қара құлып тұр… Көршісі «ауылдың сыртында үлкен көл бар, досыңыз дүниеден озғалы бері анасы сол көлдің жағасында отыр» дейді. Көлге барса, жағады жалғыз әйел отыр, қарама-қарсы жалғыз аққу жүр екен. Аққу қайғылы үнмен қаңқылдаған сайын, әйел зарлана жылайды. Осыны сырттай бақылаған Кәкімбек Салықов «Жылжиды аққу» өлеңін жазады.
«Сырғиды аққу айдында… сырғымайды...».
– Өй, мынау обкомның хатшысы қалай-қалай сілтейді ей?! – дейді ақын Дәуітәлі Стамбеков Алматыдан телефон шалып.
– Несін айтасың, ғажап болып тұр! – дейміз біз.
– Сен танисың ба оны?
– Жоқ.., – деймін күмілжіп, райком, обкомдардан именіп жүретін мен байғұс...
Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.
Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің,
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім.
Дәл саған
Құрмап па еді торды ешкім.
Ғайыптан душар болдың
Сорды кештің.
Жан едім мен де сертшіл далада өскен,
Сен-дағы жалтармадың жолды кестің.
Асықпа,
Көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана, —
Дедім де
Қоя бердім, ұстамадым.
Қасымда қал — демедім.
Қыстамадым.
Тілеймін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекенінде қыстағанын.
Түс тербеп
Жаздың мөлдір, қысқа таңын,
Тұзақтап Жезкиікті ұстатамын.
Баяғы қызыл ішік киген қызға,
Жез камзол сол киікті ұқсатамын.
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен?!
Болмаса суық қолды бір сұм мерген,
Дәл көздеп киікті атып алар ма екен?!
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далама сыймай кетем,
Бір өзім Сарыарқама сыймай кетем.
Кәкең көрген Жезкиікті біз де көрдік. Бірақ Кәкеңнің көзіне іліккен киіктің керемет кербез болмыс-бітімі, мүлде бөлек. Бір өзі – бір Жезқазғанның символындай, «Баяғы қызыл ішік киген қыздай, жез камзол киік» бұл! Осынау ғажайып сиқыр өлеңнің авторы Жезқазған обкомының хатшысы екенін білгенде таңқалған үстіне таңқалып едім. Сол «Жезкиік» әнге айналып, Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр! Корольдің құпия кеңесшісі Иоганн Вольфганг фон Гёте алғашқы һәм соңғы өлеңін әйелзатының сұлуына бағыштаса, К. Салықов алғашқы өлеңін Алаш анасына арнады. Алаш оның көзіне біресе Жезкиік, біресе Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Тәттімбет, біресе Сәкен, Қаныш, Евней, біресе Күләш, Бибігүл, Фариза болып елестеді.
Кәкімбек Салықов қолда бұғау, аяқта кісен тұрған тоталитарлық қоғамда, жат-жұртқа кіріптар болған кезімізде қазақ жырына ғажайып бір құбылыс болып келді. Жезқазған обкомының хатшысы, Қарақалпақ ЦК-ның бірінші хатшысы, Мәскеудегі Жоғарғы Кеңесте, тағы сондай мәртебелі қызмет атқарған коммунист кісінің қабағы суық, қатыгез қоғамда ет жүрегі елжіреп, өлең жазып, айдындағы азалы сыңар аққу мен Жезқазғандағы жезкиікті, ділінен жұпар аңқытып, тілінен бал сорғызған Алаштың аруларын жырлауы маған, сол кезде, ақылға сыймайтын көріністей көрінгені әлі есімде. «Сәкен ағам елестейді көзіме...».
Сол Кәкеңмен бертінде, ол кісі қызмет, мансаптан әбден суынып, Абай атасынша жүзін өлеңге, өнерге бұрған кезде кездестім. Шенеунік атаулыға бір жері ұқсамайды. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп, Тайжандардың тірі көзіндей! Қалайша хатшы болған бұл кісі?! Арқасына аруақ қонған Біржан сал мен Ақан серілер Алланың алқауымен қайта тіріліп келсе… сол заманда обкомның хатшысы болмақ түгілі, колхоздың басқармасы да бола алмай, не 32-нің аштығында немесе 37-нің ойранында «халық жауы» атанып, шәйіт болар еді! Кәкімбек көкемді Құдай сақтады! 32-нің аштығында бесікте жатқан сәби, 37-нің қырғынында небәрі бес жаста, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тоғызға ғана тұяқ іліктірген; Сталин дүниеден қайтқанда, мұрты тебіндеген жігіт, соғыстан бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде инженер мамандығын алып, азаматтық өмірін бастады.
Адамзаттың әр түрлі қоғамдық формациялары кезінде әкім болған, ақын болған тұлғалар баршылық. Ертедегі Шығыс патшаларының көпшілігі шетінен ақын, ғұлама, философ. XV ғасырдағы қазақтың ақын-жырауларына қараңыз: Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді – әрі батыр, әрі жырау. Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би – ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен еді. Жетісуды билеген Тезек төре, Атырау-Жайықты сөзіне ұйытқан Есет би, өзіміздің Арқадан туып-өскен Жанкісі би – аузы дуалы ақын болған. Немістің ұлы ақыны Гёте корольдің құпия кеңесшісі. Аға сұлтан Құнанбайдың баласы ұлы Абайдың да болыс болып, мансаптың дәмін татқаны бар. Онымен елді түзей алмайтынын білген соң, іштегі шерін өлеңге төгіп, ақындық жолды ұстанған-ды.
Д. Қонаевтің замандасы болған К. Салықов өз елінде «биік мансап--биік жартасқа екпіндеп ұшып» (Абай) шыға алған жоқ. Қнаев оны өзінше қарсылас, бәсекелес көрген секілді?!.. Димекең Социалистік Еңбек Ері болғалы тұрғанда оны тізімнен сызып тастаған,! Талай жыл, біресе, Қарақалпақ асырып, біресе, Мәскеуге қуып, Қазақстанға жолатпай қойған! Бірақ соған бола ол Димекеңе кінә таққан жоқ. Қонаевті көзге шыққан сүйелдей көрген СОКП ОК-нің 1987 жылғы пленумында кеше ғана өзі өгіздей өрге сүйреген номенклатура оны жерден алып, жерге салып жатқанда да Кәкең үндемей қалды… Сонда үзілісте Қонаев Кәкімбектің бетінен сүйіп тұрып:«Кәке! Мені сен кешірші?! Осы жолы сен сөйлегенде мен қара жерде тесік болса, соған кіріп-ақ кетуші едім ғой?! Ана қулардың сөзі маған шыбын шаққандай да болған жоқ! Сені де маған жамандап қойған солар еді?!.»-деп өксіп, жылап жіберген екен!
Адамзат тарихында сталиндік-коммунистік Кеңестер Одағы мен гитлерлік-фашистік Германияның кезінде билік ішінен бірде-бір ақын шықпағаны тарихи факт! Түркінің бір тұяғы Кәкімбек Салықовтың мансап биігінде жүріп, Ақын болуы – сөз ұстаған халқымыздың ұлылығының бір нышаны, ұлттық рухани дүниеміздегі ірі құбылыс болды! Орыстың «явление» деген сөзі қазақтың болмысына көшкенде Құбылысқа айналып, Құдайға ғана тән қуатты иеленіп, құдіреттеніп кетеді екен. Қазақша айтқанда, төрт құбыланы өзіне жалт қаратып тұрған, Жаратқан Иенің бір құдіреті деген сөз! Гомерден бастап, Гёте, Шекспир, Байрон, Пушкин, Бернс, Қасымдарға дейін – осындай, Алла жарылқап, аруақ жебеген алтын айдарлы адамдар-ды. Өзбекстан Компартиясының көсемі Рашидов та жазушы еді, бірақ, ол бар жазған-сызғаны социалистік реализм деңгейінде ғана қалған орташа жазарман болып қалды. Мен обкомның хатшысы болсам өлең жазбас едім! Ағамның керім келбетін көріп, жыр патшалығына сүңгіп кіргеннен бері мен өзімнің ақындығыма күмәнмен қарайтын болдым. Поэзия – кәсіп емес – Адамның тағдыр-таланы. Расул Ғамзатов айтпақшы, ақын атаулы екі түрлі болады. Біреуі – жазбайтын ақын, біреуі – жазатын ақын, осы екеуінің қайсысы мықты дегенде, Расул жазатын ақыннан жазбайтын ақынды жоғары қойған. Ең ұлы ақын – Халық! Алпыстан асқанда менің көзім соған жетті. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, егемен еліне мағмұрланып қарап отырған Кәкімбек Салықов сол халықтан кейінгі ірі ақындардың қатарында тұр! Оның интимдік лирикасы – азаматтық лирика да, азаматтық лирикасы – интимдік лирика. Қара басы–халқына, халқы – қара басына айналып кеткен...