Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғалымжан Пірматовты Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындады.
⠀
"Ғалымжан Олжаұлы Пірматов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы лауазымына тағайындалсын", — делінген Жарлықта.
⠀
Ғалымжан Пірматов 1972 жылғы 24 сәуірде дүниеге келген. 1993 жылы Новосібір мемлекеттік университетін «Механика, қолданбалы математика» мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Менеджмент, Экономика және Болжау институтын (1995 жыл) және АҚШ-тың Вилламет университеті Джорж Х.Аткинсон атындағы Жоғары менеджмент мектебін (2001 жыл) бітіргендігі туралы екі Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесі бар. Пірматов еңбек қызметін 1994 жылы «Алтын-Тас» БК-де бастаған. 1998 жылдан бастап түрлі ұйымдарда, оның ішінде шетелдік ұйымдарда (АҚШ, Украина) орта буындағы басшы лауазымдарын атқарған.
⠀
2005-2007 жылдары "Қазақстан Халық Банкі" АҚ жобалық қаржыландыру басқармасының бастығы, содан кейін Инвестициялық банкинг департаментінің басқарушы директоры — директоры лауазымдарын атқарған.
⠀
2007 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі лауазымына тағайындалды.
⠀
2009 жылғы наурыз — шілде аралығындағы кезеңде «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма мүшесі болды.
⠀
2009–2011 жылдар аралығындағы кезеңде "ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК" АҚ Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті лауазымын атқарған.
⠀
2011 жылдан бері «Cameco Kazakhstan» ЖШС Президенті. 2011 жылы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2014 жылғы қарашадан бастап — «Алтын Банк» АҚ ("Қазақстан Халық Банкі" АҚ ЕБ) Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры болған.