Мектеп қабырғасында жүргенде жоғары сынып оқушылары өздерінің болашақ мамандықтарына қарай икемделе бастайды. Әрине, әрбір түлектің арманы – жоғары оқу орнына түсу. Бұдан он шақты жыл бұрын елдің бәрі балаларын заң, мұнай саласына оқуға түсіретін. Өйткені бедел, абырой жинау үшін, тіпті «менің балам осындай мамандықта оқиды» деген сөзге бола қаласын, қаламасын ақылы бөлімге сүйреп әкелетін...
Қазір қоғам талабы өзгерді. Жастар сұранысқа сай мамандықты таңдауды үйренді. Бірақ, бұл да мәселені толық шеше алмай отыр. Оқу орындары үкілеп ұшырған түлектердің негізгі тобы ауылға қайтпай қалады. Себебі айқын. Ауыл шаруашылығы саласына сай мамандық болмағандықтан, оларға ауылда жұмыс та, орын да жоқ. Солардың ішінде қала, ауыл деп бөлінбейтін мамандықтар – мұғалімдік пен дәрігерлік қана. Бұл екеуіне сұраныс ешқашан тоқтамайды. Сұраныс бар да. Алайда, жұмыс бола тұра ауылға жастардың келе қоюы да екіталай. Міне, сол себепті көптеген ауылдар жас мамандарға зәру.
ЖАҒДАЙ БАРЫНША ЖАСАЛУДА
Хош. Солай екен деп, үкімет те қарап отырған жоқ. Қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазір ауылға баратын жас мамандарға көтерме ақы, тұрғын үй беріп жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын жастар шалғай ауыл түгілі аудан орталығының өзіне бармайтын еді. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы енгізіліп, оның әлеуметтік әлеуеті артқан сайын ауылдарда маман тапшылығы да сейіле бастады. Әрине, түбегейлі шешіліп кетті деп айта алмаймыз. Бірақ, әне бір жылдарға қарағанда көш ілгеріледік. Оны Ұлытау аудандық экономика және қаржы бөлімінің мына ақпаратынан да айқын аңғаруға болады.
– Соңғы жылдары ауданымызға «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа келіп жатқан жас мамандар аз емес. Олардың дені әлеуметтік сала мамандары. Нақтылап айтар болсам, медидцина мамандары, мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері мен ауылдық әкімдік қызметкерлері.
Бүгінгі күні біздің экономика және қаржы бөлімі бойынша есепке алынған жас мамандар саны жетпістің үстінде. Олай дейтінім, осынша жас маман біздің бөлім арқылы несие және әлеуметтік қолдау қаржыларын алып отыр. Бұлардың сыртында дипломмен ауылға жұмысқа келсе де құжаттары дұрыс болмай, қолдау шараларынан тыс қалып жатқандары да болуы мүмкін. Сондықтан да, биыл дәл осындай жас маман келді деп нақтылы айта алмаймыз, – дейді Ұлытау аудандық қаржы және экономика бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалия Омарова.
Сектор меңгерушісінің айтуынша, өткен 2021 жылы ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмыс істеуге келген 70 маман әлеуметтік қолдау шараларын алған. Оның ішінде 49 маман – білім саласының, 15 маман – денсаулық сақтау саласының, 2 маман – мәдениет саласының, 1 маман – спорт саласының,1 маман – АӨК қызметкері болса, 2 маман – ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері. Осы 70 маманға 291700 (100 АЕК) теңгеден 20469,0 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген. – Мүның сыртында әр жылдарда келіп, тұрғын үй болмағандықтан жәрдемақы орнына бюджет есебінен несие алған мамандар да бар. Мәселен, 2021 жылы ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмыс істеу үшін келген 22 әлеуметтік сала мамандарына бюджет есебінен жалпы сомасы 91885,5 мың теңге несие берілді. Мұндай несиеге білім беру саласынан – 17 маман, денсаулық сақтау саласынан – 4 маман, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінен – 1 маман ие болды, – дейді Ғ. Омарова.
ЫҚЫЛАС ЫРЫСҚА БАСТАЙДЫ
Қазір ауылдардың әлеуеті көтеріліп келеді. Анау айтқандай төрт құбыласы тең болмаса да әне бір жылдардан көш ілгері. Көшелер жарықтандырылып, спорт алаңдары, жастар саябақтары салынып жатыр. Мұның өзі жастардың ауылда тұрақтап қалуына азды-көпті септігін тигізуде. Рас, заманауи үлгідегі тұрғын үйдің болмауы бұл іске көп кедергі келтіруде. Үйі жоқтың – күйі жоқ екені мәлім. Осының салдарынан осыдан бірер жыл бұрын Сарысу ауылына келген дәрігер кетіп қалды. Сол уақытта оған бере қоятын ауылда лайықты баспана да болмады. Әйтсе де, кейбір ауылдық округ әкімдері ауылда бос қалған үйлерді жөндетіп, оларды жас мамандарға тұрғын үй ретінде беруді тәжірибеге енгізе бастады. Бұл да тығырықтан шығудың бір жолы.
Осындай ілкімді істердің арқасында ауылдарға жас мамандар барып жатыр. Әрине, ол қуанарлық жағдай. Қалай болғанда да, қолына диплом тиісімен, алғашқы еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандар – ауылдың көркі. Шалғайдағы елді мекендерге жан бітіріп, жаңалықты ала келетін де солар. Ауылдың тұрмысынан тартынбай, керісінше, басқа ауыл болса да, сіңісіп кеткендер бар. Олардың дені мұғалімдер. Ұлытау аудандық білім бөлімінің кадр жөніндегі әдіскері Ерлан Малдыбаевтың айтуынша, №5 Пионер негізгі мектебіне – 2, №9 Терісаққан орта мектебіне – 4, №11 Қоскөл орта мектебіне – 3, №17 Байқоңыр орта мектебіне –2 жас маман барған. Бұлардың бәрі бүгінде осы ауылдарда тұрып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Бәріне әлеуметтік жағдай жасалған.
Бүгінгі күні ауыл да, аудан да тіпті қала да ақ желеңді мамандарға зәру. Әйтсе де «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында бұл мәселе де ақырындап шешімін тауып келеді. Қазір шалғай ауылдарға медбибілер барып жұмыс істеп жатыр. Аудандық ауруханалар бірлестігінің басшысы Жұмаш Мұсабековтың айтуынша ауданға келген дәрігер-мамандарды тұрақты қалдыру үшін тұрғын үймен қамтамасыз еткен.
– Бүгінгі күні ауданымызда екі дәрігер отбасымен келіп, тұрақты қоныстанып қалды. Ол үшін біз мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жас маманға тиесілі әлеуметтік пакетті мүмкіндігінше жасадық. Десек те, көп нәрсе адамның ықыласына байланысты ғой. Егер ол адамда ауылда қалып еңбек етемін деген ынта, ықылас болса шаруасы ырысты болары анық. Бүгінгі күні бізге келген екі маман ауылға сіңісіп, осы елдің іргелі отбасына айналып келеді, – деді Жұмаш Мұсабеков.
… АГРАРЛАР ҚАЙТЫП КҮН КӨРЕР
Дұрыс-ақ. Ауылға жас мамандар келіп жатыр. Ауылдар жасарып келеді. Бәрі тамаша. Бірақ, ауылдағы кадр мәселесі бір ғана әлеуметтік сала мамандарымен шешілмейді ғой. Ауылдарға ауыл шаруашылығы мамандары ауадай қажет. Агрономы, мал дәрігері, инжинерлері жоқ аграрлар қалай күн көрмек?!.. Қазір ауыл шаруашылығы заманауи үрдіске көшіп жатыр. Малды бағу, семірту, егін егу, орып-бастыру заманауи технологияға көшуде. Ал сол технологияның, техниканың тілін білетін маман бар ма ауылда? Жоқ. Оны оқытатын оқу орындары тапшы. Ал, оған баратын жастар жоқтың қасы. Өйткені, дәл қазір бұл мамандықтарға ауылдардан сұраныс болмай отыр. Басқа-басқа мал дәрігері жоқ ауылдар бар әлі.
Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы және өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда өндірісті білікті кадрлармен қамтамасыз етуге тәуелді. Сондықтан ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын оқу орындарымен байланыс орнату, агроөнеркәсіп кешеніне қажетті кадрлардың саны мен сапасына талдау жүргізу, оларға қажеттілікті анықтау қажет.
Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша бітірген түлектерді ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу шараларын алу, кәсіптік тәжірибеден өтулерін ұйымдастыру ұтымды болар еді. Әйтпесе, жастар ауыл шаруашылығы мамандықтарына даярлайтын оқу орындарына бармайды. Үкіметтің қаржысымен квота бойынша оқығандардың өзі қайткенде де ауылға бармаудың жолдарын тауып кетіп жүр. Сол үшін де, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының түлектеріне де барған жерлерінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу, көтерме ақы беруді қарастыру қажет. Әйтпесе, қаланы да, даланы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауылға маман кадрлардың жетіспеушілігі бұрынғыдан да арта түседі. Ал, бұл өз кезегінде шетел рыногына шығатындай қабілетті, сапалы азық-түлік өндіруге кедергі болып қана қоймайды, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуді де қиындата түсері сөзсіз.
P.S. Қысқасы, қазір ауыл мен қаланың тұрмысы теңесті. Тіпті ауылдың тіршілігі артық деуге болады. Несімен артық? Қорасындағы бірді-екілі малымен артық. Қазір Құмкөлдің газы өңірімізге біртіндеп жеткізіліп жатыр. Ертең оңтүстігіндегі ауылдарға көгілдір отын келер де. Ал ауызсу, интернет, ұялы байланыс мәселелері шешілді. Әрине, мұғалім немесе дәрігер болу міндетті емес. Тек ауылдың сұранысына қарай мамандық таңдасаңыз, қай жерде де сізді күтеді. Сондықтан ауылға кел жас маман, білекті сыбанып. Ауылда ысыласың, ал қалада қалсаң қысыласың.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ