ЖАҢАНЫ ЖАТЫРҚАМАҒАН ЖӨН

Киберспорт ұғымы құлаққа аса таныс болмағанымен, әлем елдерінде 1997 жылдан бері қолданылып келеді. Сәйкесінше, киберспортшылар саны да көбеюде. Байқағаныңыздай, кибер ұғымы вертуальды әлеммен тығыз байланысты.

Нақтысында киберспортпен компьютер мен смартфонда айналысуға болады. Қазір әлем бойынша миллионға тарта компьютер ойыны ойлап шығарылған екен. Соған қарап, киберспортшы дегенде көз алдыңызға көзін тырнап аша салысымен компьютер алдына келіп, есінен жаңылып, көзі қанталағанша ойын ойнап отырған арамтамақ біреуді елестеткен боларсыз. Ендеше сіз геймер мен киберспортшыны шатастырып отырсыз. Жоқ, технологиясы дамыған елдерде киберспортшылардың өмір салты кәсіби спортшылардан кем түспейді. Олар да таңертеңмен жүгіріп, шынығады. Ми жаттығуларына ден қойып, құнарлы тағамдарды тұтынады, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Сосын барып қана компьютер алдына жайғасады.

Киберспортта көш бастаушы елдерге АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия елдері жатады. Ал ең танымал ойындар қатарын «Dota 2» мен «LoL» (League of Legends), «CS:GO», «Hearthstone», «Counter-Strike», «FIFA» түзеді. Көршілес Ресей Федерациясы киберспортты арнайы спорт түріне қосу мәселесінде әлі ойланып жүр. Олар осыған дейін оған бірнеше мәрте рұқсат бергенімен, артынша тыйым салып та үлгерді.

Сонымен киберспорттың ұтымды тұсы неде? Әлем халықтарының басым көпшілігі қызығушылық танытып отырған киберспорт жасың мен жынысыңа қарамайды. Көбіне топпен ойналатын бұл спорт түрі ақылмен ойлауды, дер кезінде нақты шешім қабылдап, жылдам әрекет етуді талап етеді. Киберспортқа қатысушы командалар халықаралық дәрежеде белгілі бір елдердің намысын қорғап жарысатын деңгейге жеткен. Соған сай топтарға ақша тігушілер де жетерлік. Осының нәтижесінде мықты киберспортшыларға деген сұраныс та артуда. Мысалы әлемдегі ең бай киберспортшы саналатын Йохан Сундштайннің киберспорттан тапқан қаржысы 7,18 млн АҚШ долларына жеткен.

Қазақстан бойынша «1XBET Qazaqstan Respublikasynyŋ Kubogi» – ең алғашқы турнир. Аталған жарыста Абылайхан Ахметов бастаған топ жеңіске жетті.

Не десек те, пікір алуандығы туындары сөзсіз. Дегенмен қазіргі мамандықтардың сағат сайын ескіріп, сұраныстан түсіп қалып жатқанын ескерсек, келешектегі өмір салтымызды да түбегейлі өзгерістер күтіп тұрғаны сөзсіз. Мұндайда заман көшінен қалып қоймай, жаңашылдыққа бой үйрете білген де жөн болар еді. 

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

Сурет ғаламтордан алынды

14:50
1015

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020