2018 жылдың 5 шілдесінен Қазақстан Республикасында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы жұмыс жасайды (бұдан әрі — Заң).
Аталған Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілді, бұл азаматтарға заң қызметі сапасыз көрсетілген жағдайда сақтандыру өтемін алуға мүмкіндік береді.
Заңның 33 бабының 7 тармағына сәйкес, өзiнiң кәсiптік мiндеттерiн орындаған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
Заңның 36 бабына сәйкес, адвокат шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға осындай көмек көрсету нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын жасауға міндетті.
Адвокат кәсіптік жауапкершiлiгiн сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.
Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсетуі кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
Кәсіптік қателіктер деп мыналар:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету түсініледі.
Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартында сақтандырылған тұлғаның шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне осындай көмек көрсетуі нәтижесінде зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.
Егер шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға келтірілген зиян сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) кәсіптік міндеттерді абайсыз бұзуының салдары болып табылса, сақтандыру жағдайы басталған болып есептеледі.
Адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшері оның шарттарымен айқындалады және қызметін республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жүзеге асыратын адвокаттар үшін – адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалған күнге тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір мың еселенген, өзге адвокаттар үшін кемінде бес жүз еселенген мөлшерін құрауға тиіс.
Адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі мен өзге де шарттары адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалады.
Ғ.С.Әбдібаев ,
Қарағанды облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы