​МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Мемлекеттік қызмет – қоғам тарапынан ерекше сеніммен берілген аманат. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің қоғам өкілдерімен тіл табысып, сұраныстарына уақытылы жауап беруі өзекті де, әрі өткір мәселелердің бірі.

Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деп көрсеткен болатын.

Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның алдында мемлекеттік органдарда бюрократияны болдырмау және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізу, сервистік және тұтынушыға бағытталған аппарат құру бойынша тапсырма жүктеді.

Бұл ретте, азаматтардың басым көпшілігі өз сауалдарына жауап алуды және мәселелерін шешуді мемлекеттік органдарға өтініш жолдау арқылы іске асыратындығы белгілі.

Алайда, көп жағдайда өтініштердің құзыретіне жатпайтын басқа мемлекеттік органдарға жолдануы орын алып жатады. Бұл, мәселенің шешілу мерзімінің созылуына және мемлекеттік органдардың арасындағы артық құжат алмасу туындауына әкеп соғады.

2021 жылы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне келіп түскен өтініштерді саралайтын болсақ, түскен өтініштердің 45% басқа мемлекеттік органдарға құзыреттілігі бойынша жолданған.

Осыған орай, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның құзыретін халыққа кеңінен насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу басты назарға қойылды.

Ендігі кезекте, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің құзыретіне кіретін сұрақтарға тоқталсақ.

Бекітілген Ережеге сәйкес Департамент өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік және бақылау функцияларын жүзеге асыратын Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің аумақтық органы болып табылады.

Департамент келесідей функцияларды жүзеге асырады: мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау, құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілерге және азаматтарға консультация беру, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеуді ұйымдастыру.

Сонымен қатар, лауазымды адамдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы, оның ішінде, қызметтік әдеп нормаларын бұзуы бойынша және де мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау, бақылауды жүзеге асыру, Агенттіктің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының, персоналды басқару қызметтерінің және әдеп жөніндегі уәкілдерінің жұмысын үйлестіру (толық функциялар Ережеде көрсетілген).

Осы орайда, жоғарыда көрсетілген сұрақтар бойынша Департаментке өтініш жолдауға болады (мекен-жай: Қарағанды қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 39, 2 қабат, сонымен қатар, электрондық түрде «Электрондық үкімет порталы» және « Е-өтініш» платформасы арқылы ).

Е. МАЖИТОВ,

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ  МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ  АГЕНТТІГІНІҢ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ  БАС МАМАНЫ 

14:49
873

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020