Журналист – жазушы да, ақын да емес, сондықтан да болар кітаптары жиі шыға қоймайды. Мүлдем кітап шығармайтындары да кездеседі. Бұл олардың елге ұсынатын дүниесінің жоқтығынан емес, соған мойны жар бере қоймағандығынан, тіпті, одан әрі нақтылай түсетін болсақ, қолы тие бермейтіндігінен. Кейбір оқырманның көкейіне «Неге? Қолы тимейтіні қалай?» дейтін сұрақтар келе қалуы мүмкін. Мұны қалай түсіндірсем екен?
Мысалы, ақын өлеңді шабыты келгенде ғана жазады, жазушы да солай. Ал, журналист ше? Ол күнде жазуға мәжбүр. Жазғанда да ойдан шығарып жаза бермейді, нақты фактіні арқау етеді. Бұл үшін ең алдымен, сол фактіге қол жеткізу керек, сосын оны ой елегінен өткізіп, пісіріп алмаса болмайды. Әйтпесе, кесек-кесек дүниелер түгілі, шағын ақпараттың өзі дұрыс жазыла қоймайды. Бірде бір кісінің «Сыбайласқан жемқорлардың, сосын газеттің құлқыны өмірі толып болмайды» дегенін естігенімде жағамды ұстағанмын. Жемқорлар елдің несібесін жымқырып тоймайтыны белгілі ғой, ал, газет байғұстың жазығы не? Сөйтсем, әлгі кісі салыстыруы соншалықты сәтті бола қоймаса да, газеттің бір жазғанын қайталамайтын ерекшелігіне орай, әр нөміріне соны ақпарат, жаңа дүние ұсынатын журналистердің жанкешті жұмыстарын айтып отыр екен ғой. Құлқынының осындай «тойымсыздығы» бар газет редакциясында еңбек етуді, жұмыс істеуді менің ұстазым Амандық Рахұлы «Тарпаң тірлік» деп атайды. Осыдан он жыл бұрын шығарған кітабына да осындай атау берді. Кітапты оқымайақ, жәй ғана парақтап шықсаңыз, мұның нағыз журналистің дүниесі екендігін байқайсыз. Көкейдегіні тесіп айтқан «Ұрымталдардың» өзі неге тұрады? Елдің, жердің дамуына, өсіпөркендеуіне қатысты проблемалық мақалалар ше? Жақсылар мен жайсаңдардың портреттері бейнеленген очерктер өз алдына бір төбе. Тіпті, Аужекеңнің ертеректе жазған бірдіекілі өлеңдері де оның журналистикаға кездейсоқ келмегендігін айғақтайды. Өйткені, балаң көңіл, жастық шақ қай журналиске алдымен өлең жаздырмады дейсіз? Аужекең де өлең жазған. Бәлкім, кейін журналистиканың қалың қопасына түсіп кетпегенде, кім біледі, ел аузында жүретін ақындардың біріне айналар ма еді? Бұлай ойлауға сол «Тарпаң тірліктегі» өлеңдері куә.
Кеңестік кезеңнің кереметі, бала біткен институт, техникумға түсуге міндетті саналмайтын. Біреулері «он жыл әзер оқығанда енді қайдағы оқу» деп ауылдың қара жұмысына бел шеше араласып кететін, ал, енді біреулерінің ынта, ықыласы болғанмен, отбасының жағдайы көтере қоймайтын. Біздің кейіпкер мектеп бітіретін жылдың көктемінде біресе өлең, біресе мақала жазып, бұлары бірінен соң бірі жарияланып жататын аудандық «Жаңаарқа» газетінің редакциясының табалдырығынан алғаш рет аттады. Бұл оның журналистика әлеміне енуінің басы болатын. Редакциядағылар қызық екен, нақ бір осыны күтіп отырғандай, бәрі бауырына тарта сөйледі. «Мектепті биыл бітіресің бе? Сәтін салса, Алматыға аттанғалы жүр екенсің ғой. Сен асығыстықжасама, біржыл болса да, газетте жұмыс істе. Тілші болмай-ақ қой, жұмысты корректорлықтан баста. Сөйтіп жүріп-ақ жазуға машықтанасың» деген ағалардың сөздеріне іші жылып қалды. «Алматыға барсам, КазГУ-ге оқуға түссем» дейтін ішкі арманымен да тайталасып көрді. «Жұмыс табылып тұрғанда, анама нанымды жегізгенім де дұрыс емес пе?» деген ол әрі-бері ойланып, ақыры, абитурент болуды келесі жылға қалдырып, соңғы қоңыраудан соң «Жаңаарқа» газетіне корректор болып жұмысқа тұрды. Газетке шығатын барлық материал корректордың қолынан өтеді. Аужекең қаріп қатесін ғана қарамайды, жазылуына да мән береді. Кейде кәдімгідей «осы жері қалай?» деп авторларына көрсетіп те алады. Бірі келіседі, енді бірі «бара берсін, бастықтар қол қойған дүние ғой» дей салады. Міне, жауапкершілік деген қандай? Ол осыларды көріп, көңіліне түйе жүріп, тәжірибе жинақтай бастады. Газеттің бас редакторы «Сен түбі журналист болуға тиіссің, сондықтан, бірыңғай бет оқумен отырып қалма, осындағы ірілі-ұсақты мекемелерге барып, материалдар ұйымдастыр, мақалалар жаз» деп қосымша тапсырма беретін. Бұған ол қуанбаса, ренжімейтін. Бір жағы қаламы төселеді, екіншіден, елмен, жұртшылықпен таныс-білісі артады, үшіншіден, корректордың айлығына қосымша қаламақы алады. «Бір жүріп, үш жеп биге шығу» десе де болғандай. Осылайша бір жыл редакцияның «отымен кіріп, күлімен шыққан» Амандық келесі жылы Алматыға аттанды. Арманы орындалды. КазГУ-дің студенті атанды. Бірақ...
Ауылда қалған анасының жай-күйі, ол кісінің денсаулығы ойынан шықпай қойды. Шынын айтқанда, бір жылға әзер шыдады. Курстастары «Күзде кездескенше!» деп жатқанда бұл ішінен өзінің қайтадан аудиторияға келіп отырмайтынын біліп тұрды. Кеңес өкіметі адамды жасынан-ақ еңбекке баулитын. Мектеп қабырғасында оқушыларға түрлі мамандықтарды оқытатын. Міне, соның көмегі тиді. Ауылға келді де трактордың руліне отырып, шаруашылық жұмыстарына араласып кете барды. Сөйтіп жүргенде… әскерге шақырту келді. «Отан қорғау – азаматтық міндет». «Екі жыл екі күндей болмай» өте шықты. Азаматтық парызын өтеп келді де, қайтадан сол тракторға отырды. Мұның жұмысқа ұқыптылығын білетін басшылар қуанып қалды. Партком хатшысы қоярда қоймай партия қатарына өтуге үгіттеп, ақыры көндірді. «Жас коммунист» деп жаңа трактордың кілтін ұстатты. Әжептәуір абыройы асып, «озат тракторист» ретінде аты шыға бастады. Дегенмен, қолы қалт еткенде қалам ұстауды да ұмытпады.
Өзіне ұнаса да, бұл «жүрісі» редакциядағыларға ұнамады. Олар көз алдарында келешек мықты бір журналистің шаңға көміліп бара жатқанын сезінгендей болды. Редактор жұмысқа алғысы келіп, көне қоймағасын, кеңшардың басшыларына қолқа салып еді, олар тіпті маңайлатпады. «Өзімізге де керек» деді. Ақыры редактор амалын тапты, аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы арқылы редакцияға алдырды. «Сен тракторист емес журналист болуың керек» дегенді шегелеп тұрып түсіндірді. Мәдениет пен өнер бөлімінен тілшілік жұмыс ұсынды. Жалақысы да тым тәуір, қаламақыны жазуыңа қарай аласың. Жұмысқа жанын сала кірісіп кетті. Хат қорыту керек пе? Мақала дейсіз бе? Бәріне дайын. «Хат қорыту» демекші, ол уақыт та екінің бірі редакцияға өлең, әңгіме жолдап жатады. Қазіргі алты алашқа танымал ақтангер ақын Ғалым Жайлыбайдың алғашқы тырнақалды өлеңдері осы Амандықтың қолынан өткенін бүгінде кім біліп жатыр? Кейбірін газетке жариялайтын, кейбіріне «Өлеңдерге шолу» жасағанда пікірін білдіретін. Редакцияға орналасқан соң, КазГУ-дегі үзіліп қалған оқуды сырттай бөлімге ауыстырып алды. Сөйтіп, еңбек ете жүріп оқыды. Мұның пайдасы болмаса еш зияны тиген жоқ. Журналист ретінде ысыла түсті. Жауапкершілігі жоғары, жұмысында мүлтігі жоқ ол қызмет баспалдағымен тез көтеріле бастады, арада шамалы уақыт өткенде бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Сол кезде газеттің жауапты хатшысы Марал Хасенов болатын. Ол Ақадыр ауданында жаңадан ашылған газетке редактор болып тағайындалғанда, «бөрі бөлтірігін тістей кетеді» демекші, Амандықты газеттің жауапты хатшысы етіп, өзімен бірге ала кетті. Марал Хасенов қазақ, орыс тілдеріне жетік журналист, шебер аудармашы еді. Қос тілді қатар меңгерген мамандар ол тұста саусақпен санарлықтай болатын. Ол Амандықтың да редакцияның қай жұмысына болсын қамшы салдырмайтын қағылездігін аңғарып жүрсе керек-ті. Көп ұзамай редактордың орынбасары болып жоғарылады. Жеті-сегіз жыл қолтықтаса қызмет атқара жүріп Мәкеңнен үйренгені көп болды. Әсіресе, орыс тіліне су төгілмес жорғалығы болмаса да, анаумынау орысыңды жаңылдыратындай деңгейге жетті. Сондықтан да, 1983 жылы қос тілде шығатын Приозерный аудандық «Ленин жолы», «Ленинский путь» газеттеріне редактор болуға ұсыныс түскенде бас тартқан жоқ. Қазақтың «отызында орда бұзбаған» дейтін шағында тұрған кезі ғой, неден тартынсын?! Тәуекел етті. Содан екі жыл қостілді газетке басшылық етті. 1985 жылы бұрынғы Жезқазған облыстық партия комитеті Амандық Рахұлын «Жезқазған туы» газетіне бөлім меңгерушілігіне шақырды. Көшіп-қону да оңай емес, бірақ, коммунист ретінде партияға бағынбасаң тағы болмайды. Партия жарықтықтың кейде әп-әдемі уәде беріп, бірақ, соңын сиырқұйымшақтатып жіберетіні де болушы еді. «Пәтер болады» деген сөздің ұзаққа созылатын түрі байқалды. Обкомдағы көкелерге «Мен қызмет қуып жүрген адам емеспін, шақырған өздеріңіз, болса болды, болмаса келген жеріме қайтайын» дегенге шейін айтуға тура келді. Олар болса «шыдай тұрмен» шығарып салудан шаршамады. Тіпті, бірде ашықтан ашық әділетсіз орын алды. Жезқазған қалалық атқару комитетінің төрағасы Г. Шатохин «Жезқазған туы» газетіне бөлініп, Амандық Рахұлына берілгелі тұрған пәтерді «расширение» деген желеумен «Джезказганская правданың» қызметкеріне беру туралы шешім шығартып жіберді. Бір қызығы, кейін белгілі болғанындай, өзіне жаңа пәтер бөлінгенінен әлгі қызметкердің түк хабары болмай да шықты. Біреу тиесілі пәтерін ала алмай жүреді, енді біреуге биліктегілер сыртынан пәтер «сыйлап» жатады. «Кеңес уақыты әділетті болды» дейтіндер осындай сәттерді еске түсіріп, ойланып сөйлегендері де абзал-ау.
«Горисполкомға» кеткен Аужекеңді редакциядағылар пәтер алуымен құттықтағалы жиналып отыр еді. Оның түсі қабарып, қабағы қату оралғанын көріп, мән-жайға қаныққан соң, бәрі де әділетсіздікке күйінді. Бірақ, қолдан келер не шара бар? Сол жерде әлдекім «ЦК-ға хат жазу керек» деп қалды. «Жезқазған қаласында пәтер әділетсіздікпен бөлініп жатыр» деген мазмұндағы телеграмма республика бірінші басшысының атына жолданды. Жұма күнгі кештетіп жолданған телеграммаға ертесіне «Жезқазған обкомына мәселені қарау туралы тапсырма берілді» деген жауап келді. Ал, дүйсенбі күні алдыңғы шешім бұзылып, пәтер А. Рахұлына берілді. Егер сол күндері телеграмма жолданбаса, оған шұғыл түрде назар аударылмаса, Амандық Рахұлы облыстық газетті тастап, Приозерскіге қайтып та кетуі мүмкін едіау. Егер солай болғанда ше? Мұны ойлаудың өзі қиындау. Басқасын айтпағанда, өз басым Амандық Рахұлымен таныспайтыным, бірге жұмыс істемейтінім, ол кісіні өзіме Ұстаз тұта алмайтыным анық еді.
М ен 1991 жылы Көкшеден Жезқазғанға ауысып келгенде, Аужекең облыстық «Сарыарқа» газетінде партия тұрмысы бөлімін басқарады екен. «Партияның көмекшісі» саналатын комсомолдың жұмысын көрсету жүктелді де, бас редактор Сабыр Сауытбаев ағамыз мені Аужекеңнің қасына отырғызды. Шағын ғана бөлмеде бір-бірімізге қарсы отырамыз. Айналатын жер жоқ. Жаңа жерге кірігіп кету оңай емес екен. Бұрын мақала дегенді шылым шегіп жүріп-ақ жазып тастайтын едік… Обалы нешік, Аужекең берген хатты лезде қағып тастаймын. Бірақ, өз атымнан ештеңе жазыла қоймайды. Егер факт болмаса қалай жазасың? Мақала – өлең емес қой… Бір ғажабы, бастығым тықақтай қоймады. Дегенмен, бірде ақырындап қана «Сен бұрын облыстық газетте істеген журналистсің. Көкшедегілердің пікірі жоғары. Кабинеттен шығу керек. Бір отырып қалсаң, соған үйреніп те кетуің мүмкін» деді. Қайда бару керек, кіммен сөйлесу керектігіне шейін алдымен өзі келісіп алып, «Жақында келген жігіт қой, дұрыстап түсіндіріңіз» деп телефон арқылы арғы жақтағы кісімен келісіп жататын. Сосын «осындай-осындай сұрақтарға мән бергенің дұрыс» дегенді де еске салып жіберетін. Бұл Аужекеңнің мені жаңа ортадағы ахуалды неғұрлым кеңірек түсінуге, қайда бара жатқанымды ұғынуға деген қамқорлығы еді. Ағаның ақылы, кеңесінің арқасында бірте-бірте қазақшалап айтқанда, «адам» болып кеттік қой.
Облыстың тарайтынын кім білген? Соның алдында ғана облыстық әкімдікке қызмет ауыстырған еді. Бір жыл өтер-өтпестеоблыстарадыда, кешегіоблыстық газеттің ұжымы түгелдей жұмыссыздар қатарына қосылды. Обләкімдік жойылған соң, Аужекең де жұмыссыз қалған еді. Обалы нешік, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының ақсақалдары облыс тарағанмен, халықтың орнында қалғанын алға тартып, бұрынғы облыстық газеттерді қалалық газеттерге айналдыру туралы жаңа облыстың басшыларына талап қойды. Ақыры, «Сарыарқа» қалалық газет болып қайта жарық көрді. Амандық Рахұлы газетке редактордың орынбасары болып тағайындалды. Жаңа газеттің алғашқы шығарылымын көрген көпшіліктің көңілі ертесіне су сепкендей басылды. Газеттің нөміріне қол қойған редактор өмірден озыпты. Суық хабар дене түршіктірді. Бар жауапкершілік енді редактордың орынбасарына ауды. Жағдай болса – анау, аяғынан тұрмаған газетті шығару оңайға түспеді. Бірақ, қаншама жылғы жинақтаған тәжірибе қиын сәтте көмекке келді. Шыдамдылық танытты. Біртіндеп штаттық кесте де ұлғайтылды. Сырт қалып қойған журналистер жұмысқа шақырылды. «Сарыарқа» аты қалалық дегені болмаса, аймақтың басты газетіне айналды.
Бес жылдан аса басшылық жасаған соң, «Сарыарқаның» редакторлығын басқа қолға тапсыруға тура келді. Құрылтайшылардың жұмысыңа мән берместен, сондай шешім қабылдай салатыны да болады. Бірақ, журналист болғанның бір жақсы жері, оның қызметін алғандар, қаламын тартып ала алмайды. Редактор болып жүрген кезінде де қаламы қолынан түспейтін Амандық Рахұлы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне аймақтың меншікті тілшісі ретінде қызметке кірісті. Не жоғалтты? Ештеңе де. Керісінше, жазуға еркіндік алды. Бұрынғыдай, «газеттің таралымын қаншаға жеткіземін, қаржысын қайдан табамын?» деп бас қатырып жатпайтын болды. Осылайша, бес-алты жыл «еркіндікке» үйреніп қалып еді, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан «Мысты өңірге» басшылыққа келу туралы ұсыныс айтылды. Бұл сырттай қарағанда, айдарынан жел есіп тұрған газет секілді еді, сөйтсе, сыртқа жүнін қампитқанмен, іші қуыс болып шықты. Баяғыда облыстан кейінгі «Сарыарқаны» 5 млн теңге қарызбен қабылдаған болса, мұндағының берешегі бақандай 10 млн теңге екен. Мұның үстіне ұжымның іші ала-құла. Айналдырған алты-жеті адам бір-бірімен алагөз. Соның бәрінің ретін тауып, жөнге салу Аужекеңнің жүйкесіне біраз салмақ салғанын сол жылдары қатар қызмет атқарғандықтан жақсы білемін. Басшы ретінде осындай-осындай қисықтарды түзетумен айналысып, дұрысын айтқанда, адымын аштырғысы келмегендермен арпалысып жүріп те, ол газет бетінде аймаққа қатысты ірі-ірі мәселелерді қозғай білді. Мысалы, «Осы Үкімет Жезқазғанды біле ме екен?» дейтін проблемалық мақаласы. Мақалада Жезқазған аймағындағы кен қорының азайып бара жатқаны, ал, не әкімдік, не корпорация тарапынан елдің ертеңіне деген ешқандай алаңдаушылықтың жоқтығына деген күйініш бар еді. Жаңылмасам, мақала сол кездегі Сенат Төрағасының орынбасары М. Көпеевке де жолданды, аймақ халқының арасында зор қозғалыс та туғызды. Мұхамбет Жұманазарұлы мақаланы Үкімет басшысы К. Мәсімовке жолдап, тиісті шаралар қарастыру туралы талап қойғанын редакцияға хат арқылы хабарлаған еді. Бұл газетте жарияланды да. Мәселеге сол кездегі облыс әкімі С. Ахметов те араласа бастады. Кейін С. Ахметов Үкіметке барды. Ақыры, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың Кешенді бағдарламасы дүниеге келді. Кейін «осы мәселені біз көтердік» дейтін атаққұмар ақсақалдар да пайда болып жатты. Ақиқаттан аттауға болмайды ғой, аймақтың проблемасын айтып, алғаш айқай салған – Амандық Рахұлы екенін халықтың біле жүргені дұрыс.
Зейнетке шығуына небәрі бір жыл қалғанда Аужекең «Мысты өңірдің» редакторлығынан өз еркімен кетті. «Орталық Қазақстан» қуана-қуана жұмысқа алды. Аужекеңнен соң тізгін өзіме тигенін пайдаланып мен де оны «Мысты өңірге» қосымша жұмыс істеуге шақырдым. Қатарынан қос газет түгілі бес газетте де жұмыс істей алатын қабылеті байқалып тұрса, неге пайдаланбасқа? Тіпті, қазірдің өзінде зейнетке шыққанына жеті жылдан асса да Аужекең әлі сапта. Жезқазғанның қазақша шығатын газеттерінің қайсысы болса да оны өзіне қарай тартқысы келеді де тұрады. Ол болса өзіне сенім артқан әріптестерін ұятқа қалдырғысы келмейді, сол баяғыша күрделі тақырыпты қозғайды, жақсыны жұртқа танытады, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай орындайды.
Ж арты ғасырға жуық журналистика саласында тер төгіп келе жатқан Амандық Рахұлы өз мамандығына сай берілуге тиісті марапаттардың бәрін дерлік иеленді. Ол баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне орай бірнеше рет Қазақстан Журналистер одағының және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен марапатталды. Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының, «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «ҚР Құрметті журналисі», былтыр ғана Жезқазған қаласы әкімінің «Мамандық майталманы» сыйлығының иегері атанды. Ешқайсының да бұрысы жоқ, дұрыс берілген марапаттар.
Оның өзі журналистиканы «Тарпаң тірлік» деп бағалаған болса, біз ол кісінің өзін «Тарпаң тірліктің тынымсыз торысы» дегіміз келеді. Еңбегіне сүйсінгендіктен айтқанымыз… Газетте жұмыс істей жүріп Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы «Қазақстан энциклопедиясы» бас редакциясынан шыққан екі томдық «Боздақтар» кітабының (1995) облыстық редакциялық алқасының мүшесі, шығарушы авторлардың бірі, «Жезқазған» энциклопедиялық анықтамалығын (2004), «Жезқазған» (2014) деректі кітабын құрастырушы авторлардың қатарында болғанын да айта кетейік. Енді осыдан соң оны қалайша «Тарпаң тірліктің тынымсыз торысы» демейсің?
Абдолла ДАСТАНОВ,
журналист